Қазақстанның мектеп оқулықтары негізінен Қытай мен Түркияда басып шығарылады - А.Сәрінжіпов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның мектеп оқулықтары негізінен Қытай мен Түркияда басып шығарылады. Өйткені аталған елдерде оқулық басып шығару анағұрлым арзан. Бұл туралы бүгін Мәжілісте оқулықтардың сапасы және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз етуге арналған Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.

«Жалпы, еліміздегі оқулықтарды әзірлеу Қазақстанда жүзеге асырылады, ал басып шығару шетелдерде жүзеге асырылып жатыр. Бұл негізі бизнестің (нарықтың) мәселесі. Өйткені, қай жерде баға арзан болса, бизнес сол жерге барып кітап басып шығарады», - деді А.Сәрінжіпов. Оның сөзіне қарағанда, оқулықты басып шығаруға оның жалпы құнының 5-10 пайызы кетеді. Ал негізгі сома авторлық жұмыстарға, дизайнға және әдістемелікке жұмсалады. Бұдан бөлек, ведомство басшысы оқулықты әзірлеумен негізінен баспалар айналысатынын, ал министрлік оларда баға қалай қалыптасатынынан хабардар емес екенін алға тартады. Өйткені, министрдің айтуынша, бұл жеке бизнес болып саналады. «Айта кетейік, біз өзіміздің балама оқулығымызды - «Қазақ тілі» оқулығын шығардық. Оған авторлық ұжымды өзіміз тарттық, осындай бірегей оқулықты енді сынақтан өткізуді де жоспарлаймыз. Жалпы, осы оқулықты шығару үшін министрлік 70 миллион теңге шығындады», - деді А.Сәрінжіпов.

Соңғы жаңалықтар