Қазақстанның медицинаны цифрландыру тәжірибесіне АҚШ қызығушылық танытты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - АҚШ Қорғаныс министрлігінің қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігі қазақстандық тәжірибеге қызығушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық ақпараттық жүйелердің өзара әрекеттесуі кезінде алмасатын ақпараттың мәнін бірдей түсіну үшін Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев 23 сәуір күні «Цифрлық денсаулық сақтау кеңістігінде объектілік сәйкестендіргішті беру туралы» ережесін бекіткен.

Ереже бір платформада бірыңғай орталықтандырылған медициналық деректердің қоймасын құруға мүмкіндік береді. Бұл - үлкен деректерді қосымша өңдеусіз алмасу.

Бұл оқиға АҚШ Қорғаныс министрлігінің қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігін қызықтырды. COVID-19 пандемиясымен күрес кезінде аталған тақырыптың өзектілігін ескере отырып, агенттік Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігін BNSR (Biosurveillance Network of the Silk Road countries) онлайн сессиясына Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша тәжірибесін өзге мемлекеттермен бөлісу үшін спикер ретінде шақырды.

Барлық сессиялар Bnsr платформасында Жібек жолы елдерінің эпидемиологтары мен медицина мамандары үшін ашық алаңда өткізіледі.

Айта кетейік, АҚШ пен Қазақстан - биологиялық қауіпті азайту жөніндегі бағдарлама аясында серіктес.

Қазіргі уақытта екі тараптың да бағдарлама сарапшылары Covid-19 пандемиясына қарсы күреске белсенді тартылған. Сондай-ақ, Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропа елдерінен шақырылған тар бейінді сала мамандары мен кәсіби медицина саласының тыңдаушыларымен/қатысушыларымен тұрақты негізде бейнеконференциялар өткізіліп тұрады.

Өткен аптада қазақстандық медициналық мекемелер мен үкіметтік құрылымдардың өкілдері коронавирусты емдеу хаттамаларына, таралуына, ғылыми тәсілдеріне қатысты сессияларға қатысқан болатын.


Соңғы жаңалықтар