Қазақстанның Мажарстанға экспорттайтын өнім құны 15,4 млн долларды құрады
2022 жылғы 2 мамыр 22:31

Қазақстанның Мажарстанға экспорттайтын өнім құны 15,4 млн долларды құрады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Мажарстанға экспорттайтын өнімінің құны 15,4 млн долларға жетті (40% өсім), ал Қазақстанға мажарстандық импорт - 123,3 млн доллар болды (өсім 16,3%).

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Будапештке жұмыс сапарынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, сапарбарысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективалары, «Жаңа Қазақстанды» құру бағыты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Мажарстанның сыртқы саяси ведомствосы Мемлекеттік хатшысының орынбасары Андраш Барани Р. Василенкомен бірге екі министрлік арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундын өткізді.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен бірге екіжақты іс-шаралардың кестесі, оның ішінде Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартоның Қазақстанға жұмыс сапары және жоғары деңгейдегі байланыстары қаралды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 138,7 млн долларды құрап, 2020 жылғы көрсеткіштерден 19% асып кетті. Мажарстаннан Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі 2005 жылдан бастап 270 млн. долларды құрады. Қазақстанда 30-ға жуық мажар компаниясы жұмыс істейді, оның ішінде «MOL», «Gedeon Richter», «Egis» және т. б. бар.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Р. Василенко және 2015-2019 жылдары Мажарстанның Қазақстандағы Елшісі ретінде жұмыс істеген А. Барани стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту бағытына бейілділігін растады. Дипломаттар Қазақстан-Венгрия қарым-қатынастары ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша одан әрі дами беретініне сенім білдірді. Ауыл шаруашылығын, энергетиканы, құрылысты, автомобиль және химия индустриясын, туризмді, инновациялар мен фармацевтиканы қоса алғанда, инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы салалары ерекше атап өтілді.

Осы күні Р. Василенко екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына және «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі реформаларға арналған «дөңгелек үстел» жұмысына қатысты.

Іс-шара қатысушыларына министрліктер мен ведомстволар қатарынан, Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер институты, академиялық, сараптамалық және іскерлік топ өкілдеріне Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастардың негізгі даму кезеңдері, Қазақстандағы қазіргі жағдай, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту жөніндегі мемлекеттің кешенді шаралары, сондай-ақ ауқымды саяси мен әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру туралы ақпарат жеткізілді.

Мажар спикерлері әріптестіктің 30 жылы ішінде қол жеткізілген екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті, сондай-ақ еліміздегі саяси реформалардың жаңа бағытына қолдау білдіріп, «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі президенттік бағдарламаның ерекше өзектілігі мен уақтылығын атап өтті.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT