Қазақстанның Қытайдағы елшілігі арнайы мобильді қосымшасын іске қосты
2022 жылғы 28 маусым 20:25

Қазақстанның Қытайдағы елшілігі арнайы мобильді қосымшасын іске қосты

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Ақпараттық технологияларды енгізу арқылы ҚР азаматтары үшін ақпарат пен қызметтердің қолжетімділік деңгейін арттыру мақсатында, Қазақстанның Қытайдағы елшілігі «Kaz Consul» арнайы мобильді қосымшасын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат еліміздің Қытайдағы елшілігіне сілтеме жасап.

Бүгін осы мобильді қосымшаның онлайн-таныстырылымы өтіп, қатысушылар интерфейстің ыңғайлығы мен қазақ және орыс тілдерінде жарияланған ақпараттың өзектілігін жоғары бағалады.

Енді қазақстандықтар Қытайдың кез келген аймағында бола отырып, WeChat мобильді платформасындағы «Kaz Consul» парақшасына кіру арқылы неке қию, туу туралы куәлік, ұлттық паспорт, ЭЦҚ кілт алу, сондай-ақ нотариаттық іс-әрекеттер жасау секілді мемлекеттік қызметтер бойынша тиісті ақпаратты алады.

Сонымен қатар, мобильді қосымшада консулдық округтердің картасы ұсынылған және консулдық есепке онлайн тұру мүмкіндігі қарастырылған.

Бұдан басқа, «Kaz Consul» мобильді қосымшасында көрсетілген телефондар арқылы біздің азаматтар ҚХР аумағындағы Қазақстанның консулдық мекемелерінің кез келген қызметкерімен тікелей байланыса алады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT