Қазақстанның кубик құрастырушылары Азия чемпионатында 1-орын алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Рубик кубигін құрастыру бойынша Азия чемпионаты аяқталды. Онда Қазақстан медальдік есепте көш бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған спорт түрінен Азия чемпионаты 2 жылда бір өтеді. Жарысты өткізетін ел байқау арқылы анықталады. Биыл спидкубингіден Азия чемпионатын өткізу құрметі Орталық Азия елдері арасында алғаш Қазақстанға берілді.

Биылғы чемпионатқа 13 елден 18-20 жас аралығындағы 116 спортшы қатысқан.

«Соңғы 4 күнде елордамызға әлемнің 13 елінен түрлі ұлт, түрлі тілде сөйлейтін, түрлі жастағы адамдар жиналды. Осы шара үшін мыңдаған шақырым жүріп келген қатысушылар бар. Бұл да кубингіде еш шекара болмайтынын көрсетсе керек. Қазіргі уақытта әлемдік спидкубинг федерациясы кубингіні спорт ретінде тануға өтінім берді. Қазақстан да 5 жылда өте көп еңбектенді, оның жемісі – бүгінгі Азия чемпионатын өткізу. Енді 2025 жылғы Спидкубингіден әлем чемпионатын өткізуге өтінім береміз», - деді Қазақстан спидкубинг федерациясының президенті Арман Мәшімов жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде.

Сонымен бірге, жеңімпаздарды ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсембаев, «Аманат» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек марапаттады.

«Спидкубинг байқауына біздің еліміз 2017 жылы бірінші рет қатыса бастады. Қазір осы 5-6 жылда үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Біздің ойымызша, жастар жаман әдеттерден гөрі осындай ойындармен көптеп айналысса, ойлау қабілетін дамытса, жалпы елімізге пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Осындай чемпионаттар біздің одан әрі қатысатын балалардың санын көбейтеді деген сенімдемін. Қазір елімізде 10 мыңнан астам кубик құрастырушы бар, бұл көрсеткішті мақтан тұтуға болады. Біздің осында келуіміздің себебі де – спидкубингіге қолдау көрсету. Біздің министрлікке қарасты «Kazakh Tourism» компаниясы осы чемпионатты ұйымдастыруға көмектесті. Енді 2025 жылғы әлем Чемпионатын өткізуге өтінім береміз, Азия чемпионатына жүзден астам адам қатысса, әлемдік додаға мыңнан астам қатысушы келеді», - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Жалпы есепте Қазақстан 5 алтын, 6 күміс, 2 қола медальмен топ жарды. Екінші орынға Үндістан (4 алтын, 5 күміс, 8 қола), үшінші орынға Қытай (4 алтын, 4 күміс, 2 қола), Жапония 4 алтын, 5 қола жүлдемен төртінші орынға тұрақтады.

Қазақстандық спортшылар арасында Шыңғыс Сұлтанбеков, Еркін Асылбек, Арал Асқаров, Даниал Сүлеймен, Думан Талғатұлы жеңіс тұғырынан көрінді.

Моңғолия мен Қырғызстан кубикшілері бір-бір күміс қоланы місе тұтты, ал Өзбекстан мен Пәкістан спортшыларына жүлде бұйырмады.

Одан бөлек, Азия елі болып саналмайтын Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Франция, Нидерланды спортшылары есептен тыс, тәжірибе ретінде чемпионатқа қатысқан.

Жеңімпаздарға Бәйтерек пішінінде жасалған мүсіншелер сыйға тартылды, ал Бәйтеректің ішінде Азия мемлекеттерінің тулары бейнеленген Рубик кубигі орнатылған. Сондай-ақ, жүлдегерлерге «Rubik’s WCA Asian Championship 2022» медальдары мен ақшалай жүлде берілді. Жалпы жүлде қоры 9 мың АҚШ долларын құраған.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде 10 мыңнан астам кубик құрастырушы бар, кәсіби куберлер саны мыңнан асты. Салыстырмалы түрде 2017 жылы бұл спорт түрінде елімізде тек 16 адам ғана болған.


Соңғы жаңалықтар