Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі дамудың жаңа деңгейіне шығып келеді - Әсет Құрманғалиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық қорғаныс өнеркәсібі саласының бүгінгі ахуалы қандай және «KADEX - 2018» көрмесіне келетіндерді нендей жаңалықтар күтіп тұр? Бұл жайында «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Құрманғалиев егжей-тегжейлі айтып берді. 

- Әсет Қабиұлы, министрлік бір жарым жыл бұрын құрылғаны белгілі. Мемлекет басшысы ведомство алдына ғылыми-өнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша нақты мақсаттарды жүктеді. Осы орайда саланың қазіргі жағдайына тоқталсаңыз?

- Қазіргі уақытта министрлік тарапынан  саланың нормативтік-құқықтық базасын құру бойынша жұмыстар іске асырылуда. Бұл өз кезегінде қорғаныс пен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысындағы қадамдарды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде қорғаныс өнеркәсібіне қатысты заң жобасы ҚР Парламентінің қарауында және онда мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырудың жаңа тетіктері айқындалып, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін қолдаудың шаралары ескерілген. 2018 жылдан бастап қорғаныс тапсырысының бюджеті Қорғаныс министрлігінен ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне беріледі. Осы орайда Қарулы Күштер органдарын өзіне тән емес қызметтерден босатып, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын дамытуға мүмкіндік беріледі. Біздің министрлік тарапынан саланы дамытудың тұжырымдамалы негіздері даярлануда.

Атап айтқанда,  2028 жылға дейін Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дамуының стратегиясын әзірлеу жүргізіліп жатыр. Құжатта басқарудың жаңа моделі базасында саланы кешенді дамыту айқындалады. Министрлік жұмысының негізгі басымдықтарына тоқталатын болсам, онда қаруланудың, техниканың соңғы буынды әрі перспективалы түрлерін өндірудің толық кезеңін басқару қамтылған. Сонымен қатар, қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік саласында мақсаттарды жүзеге асыру үшін қызметтерді ұсыну басты назарда болады. Мұнымен қоса, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту жұмыстары отандық кәсіпорындарға қазіргі заманғы әскери мақсаттағы өнімдерді шығаруға мүмкіндік берді.

Бүгінде отандық қорғаныс өнеркәсіптері техника мен жабдықтарды өндірумен қатар, сервистік қызметтердің толық спектрін игеру мүмкіндігіне назар аударуы қажет деп санаймын. Бұл шаралардың барлығы қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының табыстылығын арттыруға бағытталған. Осы мақсаттарды шешу арқылы Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібін сапалы жаңа деңгейге шығаруға жол ашылады.



- Қорғаныс өнеркәсібі кешенінің ғылыми зерттеу деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

- Біз ғылыми зерттеулерге айрықша екпін қойып отырмыз, себебі осы бағыт қорғаныс өнеркәсібі кешенінің негізі екені анық. Өткен жылы министрлікте Ғылыми-техникалық кеңес құрылып, ол - қорғаныс, ғарыш және киберқауіпсіздік саласында үздік жобаларды қарастырады әрі іріктейді. Бүгінде 3,3 млрд теңгеге 19 перспективалы жоба іріктелді. Сонымен қатар сыртқы нарықтарда біздің кәсіпорындардың көшбасшы орнын сақтау үшін елімізде технологиялық жаңғыру жүргізіледі.

Таяу жылдары Қазақстанда қорғаныс өнеркәсібінің 9 кәсіпорнында технологиялық жаңғырту іске асырылып, бұл өз кезегінде еліміздегі кәсіпорындардың төрттен бір бөлігін қамтиды. Экспорттық әлеуетті ескере отырып, перспективалы өнім түрлерін шығаруға негізделген әрбір кәсіпорынды жаңғыртудың жол карталары әзірленеді.

Статистикаға сүйенсек, қазіргі кезде қорғаныс өнеркәсібі өндірісі 2016 жылғы деңгейге қарағанда 14 пайызға өсті. Өнім экспорты 2 есеге артты.

- Биыл 23-26 мамыр аралығында Астанада «KADEX-2018» V  Халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі өтеді. Биыл көрме несімен ерекшеленеді?

- Өздеріңіз білесіздер, көрме 2010 жылдан бері өткізіліп келеді және бұл алаң бүгінде өзінің тиімділігімен ерекшеленіп отыр. KADEX көрмесі биыл алғаш рет ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйымдастыруымен өтеді. Оған қорғаныс өнеркәсібі мен ғарыш саласындағы отандық әрі шетелдік кәсіпорындар, алдыңғы қатарлы конструкторлық бюролар мен ғылыми-зерттеу институттары қатысады.  Бүгінде Ресей, Франция, ҚХР, ГФР, Түркия, БАӘ, Сербия, Армения, Беларусь және басқа да бірқатар елдерден 50-ден астам компания көрмеге келетіндіктерін растады. Биылғы шараға алдыңғы қатарлы өндірушілерден қару-жарақ пен әскери техника ұсынылады.

«KADEX - 2018» көрмесіне келушілер қорғаныс өнеркәсібі кешені мен ғарыш саласындағы соңғы ғылыми жаңалықтармен таныса алады. Шара барысында ауқымды ғылыми-іскерлік бағдарлама қарастырылады. Осы орайда шетелден келген мамандар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, киберқауіпсіздіктің қазіргі проблемаларын талқылай алады.

Көрмені ерекшелейтін бағытқа тоқталсақ, оның аясында «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумы, «Cyber and Digital Security» конференциясы, «Advanced Def Tech» ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылады. Бұл ретте қатысушылар көрменің орталық диалог алаңында үздік тәжірибелермен танысуға мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек, ҰҚШҰ-ның әскери-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық комиссия өкілдерінің, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше елдер қорғаныс министрлерінің үйлестіру кеңесі жетекшілерінің отырысы жоспарланған.

Жалпы, ресми шаралар мен іскерлік бағдарламадан бөлек, бірқатар елдермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласында меморандумдар мен шарттарға қол қою жоспарда бар. Яғни, бір шараның аясында «теория мен тәжірибенің симбиозын» өткізу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде әскери-техникалық ынтымақтастық, киберқауіпсіздік және ғарышты бірлесе игеру салаларында серіктестік қатынастарды дамытуға ықпал етеді.

Атап айтқанда, «KADEX - 2018» көрмесі бизнес өкілдерінің, жобаны әзірлеушілер мен әскери мақсаттағы өнімді өндірушілердің, салалық министрліктердің конструктивті диалогы үшін тиімді алаң болып отыр.

Сондықтан «KADEX-2018» отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындары, ғарыш пен киберқауіпсіздік салалары үшін ауқымды оқиға болуға қауқарлы. Осы орайда бұл бағыттарды халықаралық аренада дамытуда тың серпін бермек.

- Әсет Қабиұлы, министрліктің негізгі қызметі «құпия» екені, яғни кеңінен жариялануға жатпайтыны анық. Дегенмен де, алдағы жоспарлар туралы айтып берсеңіз?

- Нақты жоспарларға тоқталсақ, біз қорғаныс өнеркәсібі кешені саласында Ресей, Беларусь, Испания, Израиль және басқа да елдермен ынтымақтастық орнаттық. Ағымдағы жылы әскери-көліктік авиациясына, майдан авиациясына техникалық қызмет көрсетудің және ҚР Қарулы Күштері қажеттігіне ұшқышсыз аппараттарды құрастырудың қазақстандық орталығын құруды жоспарлап отырмыз.

Отандық тікұшақ индустриясын дамытудағы қадамдардың бірі туралы айта кетейін. Бұл тұрғыда «№ 405» авиажөндеу зауытының базасында «Ми» тікұшақтарын құрастыру бойынша жобаны жүзеге асыру ескерілген. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптік дамудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді, сонымен қатар Қазақстанды тікұшақ құрастыру нарығында алға жылжытуға ықпал етеді.

Мұнымен қоса, қорғаныс өнеркәсібі кешенінде сервистік қызметтерді дамытуға ерекше мән беріледі. Биыл Ми-8/17/171 тікұшақтарын сервистік қамтамасыз ету мен техникалық қолдау жұмыстары игеріледі. «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» кәсіпорны базасында

«AIRBUS HELICOPTERS» жеңіл тікұшақтарға қызмет көрсетудің өңірлік орталығын құру көзделіп отыр.

Құрышты танктік қарулану мен техника саласында, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағытында да жобалар бар. Яғни біздің қорғаныс өнеркәсібі кешенінде жобалар аз емес екенін ескере отырып, Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі дамудың жаңа деңгейіне шығып келе жатқанын сеніммен айтуға болады. Біздің мақсат отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені өнімдерін әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттігін арттыруға негізделіп отыр.

-Әңгімеңізге рахмет!

 

Соңғы жаңалықтар