Қазақстанның Конституциясы - тәуелсіздіктің тірегі, елдіктің бастауы - Б. Жапаров

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Президенті Мұрғаты Алматы қаласының Медеу ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы Күніне орай арнайы дөңгелек үстел өткізді

Іс-шараға ҚР Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров, Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі педагог Аягүл Миразов, сондай-ақ, Медеу ауданының әкімдігі, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Осыдан 21 жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Содан бері Ата заң - мемлекет пен қоғамда орын алып жатқан барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына жол ашып, дамудың қайнар бұлағына айнала бастады. Өткен 20 жылдан бері демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолындағы талпыныстардың барлығы осы Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, ҚР Конституциясы әлемде жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады. Бұл Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек. Шынында да, 1995 жылғы Конституциямыз - тәуелсіздіктің тірегіне, елдіктің бастауына айналды. Мұны уақыттың өзі дәлелдеп отыр», - деді өз сөзінде ҚР Президенті Мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы Борис Жапаров.

Дөңгелек үстел аясында Негізгі Заңды қабылдаудағы дайындау үрдістерін, 1995 жылғы Конституцияның жобасын талқылап және дайындаудағы тарихи кезеңдерді ашатын тарихи-құжаттамалық көрме ашылды. Онда көпшілік назарына Елбасы Н. Назарбаев қол қойған, 1995 жылғы түпнұсқалық Ата заң да бар.  

Айта кетелік, ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Ол 9 тараудан және 98 баптан тұрады. Бұл, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Конституция. Алдыңғы, парламенттік сипаттағы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды.

Ал, бұған дейін Қазақстан тарихында, Кеңес дәуірі тұсында үш Конституция болған. Біріншісі, 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен түпкілікті редакцияда қабылданды. Өйткені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. Екінші, Сталиндік Конституция - 1937 жылдың 26 наурызында Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х Съезінде қабылданды. Ол - Қазақ КСР Конституциясы деп аталды. Онда «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс, Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады» делінген. Үшінші Конституция ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданды. Сол Конституцияға сәйкес, бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды.

Соңғы жаңалықтар