Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыру үшін 8 көлік дәлізі жаңғыртылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыру үшін 8 көлік дәлізі жаңғыртылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, барлық дәліздер толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жекелеген учаскелер бойынша өткізу қабілетін арттыру үшін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің ұзындығы 2747 шақырымға жетеді. Аталған дәліз Қытайдан Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне, атап айтқанда, Өзбекстанға, Қырғызстанға және кері қарай транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Дәлізді толық реконструкциялау 2009-2017 жылдары жүргізілді. Көлік ағынының ұлғаюына байланысты 2023-2030 жылдары біз Қызылорда қаласынан РФ шекарасына дейін (Мәртөк) 1363 шақырым учаскені кезең-кезеңмен бірінші техникалық санатқа ауыстыруды жоспарлап отырмыз», - деді Қ. Өскенбаев Үкімет отырысында.

Тағы бір маңызды жол – «Алматы – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Қорған) дәліз 1868 шақырымды құрайды.

«Бұл Қазақстан, Ресей арқылы Орталық Азия елдерімен одан әрі Еуропамен транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Бұл ретте, транзиттің бір бөлігі Қытай тарапынан келеді. 2017 жылы 863 шақырым болатын «Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Петропавл» учаскесін реконструкциялау аяқталды. Ұзындығы 60 шақырым болатын «Петропавл – РФ шекарасына дейінгі (Қорған)» учаскесі бойынша жұмыстар 2023 жылы аяқталады. 2023 жылы «Алматы – Қарағанды» учаскесін реконструкциялау аяқталады», - деді министр.

«Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасына дейінгі (Челябі)» жолдың ұзындығы 860 шақырымға жетеді. Аталған дәліз Орталық Азия елдерінен Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Учаске 2013 жылы реконструкцияланды. Алайда, қозғалыс қарқынының артуына байланысты (тәулігіне 7 мыңнан астам автокөлік) 2030 жылға дейін «Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасына дейінгі (Челябі)» учаскесін бірінші техникалық санатқа ауыстыру жоспарланып отыр.

Ал «ҚХР шекарасы – Майқапшағай –Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Омбы)» учаске ұзындығы – 1116 шақырым. Бұл – шығыс өңірінің негізгі бағыттарының бірі. Транзит Қытайдан Қазақстан, Ресей аумағы арқылы өтіп, Еуропаға бағытталады. Ұзындығы 701 шақырым «Қалбатау – Павлодар – РФ шекарасына дейінгі (Омбы)» учаскесін реконструкциялау 2016 жылы аяқталған. Қазіргі уақытта «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау» учаскесін реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар 2023 жылы аяқталады.

«1026 шақырым болатын «Алматы – Талдықорған – Өскемен-Шемонаиха – РФ шекарасына дейінгі (Барнауыл)» учаскесі Орталық Азия мен Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейдің шығыс өңірлеріне және Қиыр Шығысқа транзитті қамтамасыз ететін, зор сұранысқа ие бағыт. Қазір «Талдықорған – Өскемен» автожолы жөнделіп жатыр, бұл жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған. 258 шақырымдық «Өскемен-Шемонаиха- РФ шекарасына (Барнауыл) дейінгі» учаскесін 2024-2026 жылдары реконструкциялау көзделген», - деді министр.

Сонымен бірге, «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат – Атырау – РФ шекарасына (Астрахан) дейінгі» 893 шақырым жол – Батыс өңірі үшін Өзбекстан мен Түрікменстанның Қазақстан аумағына және Ресей арқылы Еуропаға транзитін жүргізеді. «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» учаскелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2022 жылы қозғалысты ашу, 2023 жылы жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда. Биыл «Қандыағаш-Мақат-Атырау» учаскесін реконструкциялау аяқталады.

«Атырау – Орал – Саратов» дәлізінің ұзындығы 587 шақырымға жетеді. 100 шақырымдық «Орал-Саратов» учаскесі 2018 жылы жөндеуден өткен. Ал 487 шақырым болатын «Атырау-Орал» учаскесін төрт жолақты қозғалысы бар бірінші санатқа ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталмақ.

«Бүгінде Ресейдегі геосаяси жағдайға байланысты ұзындығы 4016 шақырым болатын ТРАСЕКА көлік дәлізі үлкен сұранысқа ие. Оның бағыты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің негізгі бөлігі арқылы өтеді және одан әрі Ақтөбе мен Доссор арқылы Қазақстанның теңіз порттарына шығады. Бұл жол Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы Қытайдан және Орталық Азия елдерінен Кавказға және одан әрі Еуропаға транзитті қамтамасыз етеді», - деп түсіндірді Қайырбек Өскенбаев.

Бұған дейін Индустрия министрі 2025 жылға дейін республикалық жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 100 пайызға жететінін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар