Қазақстанның көлік полицейлері мереке қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көліктегі полиция департаментінің жеке құрамы биылғы жылғы 7-10 мамыр аралығында еліміздің темір жол және әуе вокзалдарында, сондай-ақ жолаушылар поездарында қауіпсіздік шараларын күшейтеді.

Бұл «Отан қорғаушылар күні» және «Жеңіс күні» мерекелерімен байланысты қолға алынған шара. Бұл туралы департамент бастығы Оңал Бекеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, мереке күндері әуе және теміржол көлігіндегі жолаушылар ағыны екі есеге артады. Осыған байланысты, көлік полицейлері құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізеді.

Сонымен қатар, ол осы іс-шара аясында маңызды нысандарды, арнайы мекемелерді, сондай-ақ әкімшілік ғимараттар мен үй-жайларды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін қорғау күшейтілетінін айтты.

«Қоғамдық тәртіпті сақтауға және әуе, теміржол көлігімен қатынайтын жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулігіне департаменттің 1000-нан астам қызметкері жұмылдырылды. Басшылық құрам қатарынан жауапты лауазымды тұлғалардың кезекшілігі белгіленді», - деді О. Бекеев.

Ведомство басшысы өз сөзінде кинологтардың да қызметтік-іздестіру иттерін қолдана отырып, тұрақты түрде перрондарды, вокзалдар мен әуежайлардағы барлық багаж бөлімшелерін, сақтау камералары мен күту залдарын тексеретіндігін жеткізді.

«Көлік полициясы азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және өз мүліктеріне мұқият болуға шақырады»,-делінген Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар