Қазақстанның киелі жерлері бойынша туристік нысандар құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның киелі жерлері бойынша туристік нысандар құрылады. Бұл туралы бүгін «Ұлы Дала Еліне саяхат: Алтайдан Жібек жолына дейін» атты экспедициясының баспасөз конференциясы кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған экспедиция 2018 жылғы 18 шілде мен 29 қыркүйек аралығында 6 бағыт бойынша 6 туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға бару арқылы өткізіледі.

Туристік бағыттар «Тянь-Шань маржаны» - Алматы облысы; «Алтай - өркениет бесігі» - Шығыс Қазақстан облысы; «Жоңғар Алатауы» - Алматы облысы, «Сарыарқа» - Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары; «Теңізден теңізге дейін» - Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары; «Жаңа Жібек жолы» - Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары аумақтарын қамтиды.

«Біз қазақстандықтардың өз туған жерін тануға қызығушылығы артып келе жатқанын байқап жүрміз. Еліміздің табиғаты ерекше - мұнда тау да, жазық дала да, орман да, көл де, өзен де бар. Сондықтан біз Алтайдан Жібек жолына дейінгі аралықты қамтитын экспедицияны ұйымдасытырып жатқанымызды мақтан етеміз. 3 ай ішінде кәсіби мамандардан құралған топ еліміздің ең қызықты жерлерін аралап, олар туралы қазақстандық және шетелдік туристерге баяндайтын болады. Экспедиция сонымен қатар, сол жерлердегі туризмді ары қарай дамыту үшін қажетті инфрақұрылымдық шешімдерді табуға мүмкіндік береді», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы  Рашид Күзембаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары туралы жаңа туристік бағыттар, сапалы фото және видеобанктер құрылады. Сонымен қатар, экспедиция барысында қамтылған табиғи нысандар бойынша иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады. 

Соңғы жаңалықтар