Қазақстанның қазба отынының импорты біртіндеп азаяды – ЕО арнайы өкілінің БАҚ-пен кездесуі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 8 маусымда Қазақстан астанасында Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан қазақстандық жетекші БАҚ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоғары шенді еуропалық дипломат біздің елде үш күндік сапармен жүр. Оның жұмыс бағдарламасында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен, ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхановпен, Парламент депутаттарымен және бизнес өкілдерімен кездесу бар.

Журналистерді экономикалық, саяси және гуманитарлық сипаттағы мәселелер, ЕО арнайы өкілінің Еуроодақпен одан әрі ынтымақтастық перспективаларына көзқарасы қызықтырды.

Питер Буриан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан саяси реформаларына оң баға беріп, ЕО-ның Қазақстанға әлеуметтік-экономикалық өзгерістер процесінде қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту перспективалары туралы көп айтылды. Сонымен қатар, еуропалық дипломат қазақстандық қазба отынның Еуропалық одақ елдеріне импорты біртіндеп қысқаратыны туралы ескертті.

«Біз «жасыл экономикаға» көшуімізге байланысты қазба отынының импорты біртіндеп төмендейтінін жасырмаймыз. Соған қарамастан, біз жаңартылатын энергия көздерін дамытудың жаңа мүмкіндіктерін көріп отырмыз», - деді ол.

Дегенмен, ЕО біздің еліміздің жетекші инвестициялық серіктесі болып қалуды жоспарлап отыр. Питер Буриан инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша диалог алаңы аясындағы бірлескен жұмыстың маңызын айтып өтті.

«Сіздердегі экономика көбірек инвестиция қабылдауға дайын, Премьер-Министр бастаған алаң жақсы жұмыс істеп, басым міндеттерді айқындады», - деді ол.

Сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту тақырыбын жалғастыру үшін Ақтау теңіз портын дамытуды қоса алғанда, Еуропаға жүк жеткізу үшін тиісті инфрақұрылым салу мәселесі қойылды. Питер Буриан осы тұрғыда ЕҚЫҰ-ның 2019 жылдың жазынан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл порттар» жобасын еске салды.

«Біз ЕҚЫҰ-ның «жасыл порттарды» дамыту жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Каспий теңізінің порттары Еуропалық одақтың Еуропа мен Азияны жалғау жөніндегі стратегиясының пилоттық жобалары болуы мүмкін. 1990 жылдары басталған ТРАСЕКА жобасымен жақсы негіз қаланды», - деді ол.

БАҚ-ты қызықтырған мәселелердің бірі Қазақстан азаматтары үшін ЕО-ның визалық режимін ырықтандыру болды. Жоғары дәрежелі еуропалық дипломат мәселенің егжей-тегжейіне үңілмей, тараптар осы тақырып аясында жұмысты жалғастырып, «қажетті мақсатқа қарай жылжып келе жатқанын» айтты.

ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығысқа пікір білдіріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оны реттеуге жәрдемдесу туралы ұсынысын жоғары бағалады.


Соңғы жаңалықтар