Қазақстанның қай өңірінде парақорлық кеңінен етек жайған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазіргі кезде Қазақстанның қай өңірлерінде парақорлық өршіп тұрғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу - орган қызметіндегі басты міндет. Қазіргі кезеңде осы бағытта 79 дерек анықталды. Соның ең көбі Қарағанды облысының үлесінде (8), оның артынша Алматы облысы келеді (7). Астана қаласы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында алтаудан, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында бесеуден осындай фактілер тіркелген», - деді Агенттіктің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.

Оның айтуынша, «көлеңкелі» экономика субъектілеріне лауазымды тұлғалардың пана болу фактілерін анықтау бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткен.

«Мұндай қылмыстың саны 2 есе артып, бұрын 66 болса, енді 130 қылмысқа жеткен. Ал жауапқа тартылғандар 2,5 есе артты - 34-тен 97-ге дейін. Олар негізінен экономикалық контрабандаға демеушілік жасау (52), ойын бизнесіне (13) және акциздік өнімдердің заңсыз айналымына (7) пана болу фактілерімен байланысты», - дейді А. Бердалин.

Бұдан тыс, департамент директоры бизнесті мемлекеттік органдардың араласуынан қорғау орган қызметінің басты бағыттарының бірі екендігін атап көрсетті.

«Кәсіпкерлер құқығын қорғау былтырғыдан екі есеге артты - былтыр 190 тұлғаның құқығы қорғалған болса, биыл 408-ге жетіп отыр. Осы бағытта 236 қылмыстың жолы кесілді. Сол қылмыстар бойынша 172 лауазымды тұлға жауапқа тартылған, қазіргі дейін 78-і сотталды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуына «Бизнес және инвесторларды қорғау» жобасын іске асыру бойынша агенттік бөлімшелерінің бірлескен қызметі септігін тигізіп отыр. Жыл басынан бері жалпы құны 6,4 трлн теңге болатын 229 бизнес жоба бақылауға алынды», - деп түйіндеді А. Бердалин.

Соңғы жаңалықтар