Қазақстанның қай өңірінде инфляция өршіп тұр – Ұлттық банк мәліметтері

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы қаңтарда елде жылдық инфляция 8,5% болып (2021 жылғы желтоқсанда – 8,4%), жеделдеді. Аймақтар бойынша жылдық инфляция 10 өңірде қарқын алды, 5 өңірде баяуласа, 2 облыста өзгеріссіз қалды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты департаменті нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтың 2022 жылғы қаңтардағы ҚР өңірлеріндегі инфляциялық үрдістер ге қатысты мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Инфляцияның аса қарқын алу көрсеткіші Ақтөбе облысында (желтоқсандағы 8,7%-дан қаңтарда 9,2%-ға дейін) тіркелді, керісінше, баяулау үрдісі Маңғыстау облысы (9,2%-дан 8,7%-ға дейін) мен астанада (8,8%-дан 8,3%-ға дейін) байқалды.

Қаңтарда азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны бір ай бұрынғы 9,9%-дық деңгейде сақталды. Осы топтағы тауарлар бағасының ең жоғары өсімі Ақмола облысында қалыптасты (11,7%).

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі де өз мәнін 8,5%-дық деңгейде сақтады. Ең жоғары мәндер Ақмола мен Ақтөбе облыстарында (10,2%-дан), ең төмен мән Маңғыстау облысында (7,1%) тіркелді.

Ақылы көрсетілетін қызметтің бағасы қаңтарда 6,8%-ға өсті (желтоқсанда - 6,5%), бұл ретте жалпы республикалық деңгейден баға біршама жоғары – Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында (8,2%-дан), біршама төмен – Ақмола облысында (5,3%).

Елде айлық инфляция 0,7%-ды құрады, бұл соңғы 5 жылда қаңтардағы бағаның орташа мәнінен жоғары (2017-2021 жылдары: 0,6%). Орташа тарихи нормасынан жоғары баға 2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласында (1,0%), Ақтөбе (0,9%), Қарағанды (0,9%) облыстарында, Шымкент қаласында (0,9%), Ақмола (0,8%), Батыс Қазақстан (0,7%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (0,6%) өсті.

Маңғыстау, Атырау, Павлодар және Қостанай облыстарында бағаның өсу қарқыны өзінің орташа тарихи нормасын сақтап қалды. Қалған өңірлерде бағаның айлық өсу қарқыны өзінің орташа нормасынан төмен қалыптасты.


Соңғы жаңалықтар