Қазақстанның қандай өңірлерінде қалдықтарды пайдалану инфрақұрылымы жасалады
2021 жылғы 29 қараша 12:16

Қазақстанның қандай өңірлерінде қалдықтарды пайдалану инфрақұрылымы жасалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр еліміздің бірқатар өңірінде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару инфрақұрылымы әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті атқарушы органдар қалдықтарды пайдалануға қажетті инфрақұрылымдарды құру бағытында жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Атырау облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқаруға арналған 2 кешеннің құрылысына жер учаскесі бөлінді. Оларда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және қайта пайдалану көзделген. Батыс Қазақстан облысында Орал қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары аумағында жылдық қуаты 100 мың тонна, ал Ақсай қаласында тәуліктің қуаты 25 тонна болатын қоқысты сұрыптау желісі орнатылған. Бұған қоса, Орал (70 гектар) және Ақсай (40 гектар) қалаларында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жаңа полигондар салуға жер бөлінген», - делінген Роман Склярдың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында.

Оның дерегінше, Павлодар қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының амағынан 43,5 гектар жер учаскесі бөлінген. Оған қоқыс өңдейтін зауыт салу көзделген. Ал Қызылорда облысының Жаңақорған елді мекенінде жаңа полигон салуға 20 гектар жер бөлініп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

«Ақмола облысында облыстық 6 өңірінде сұрыптау желілері болатын тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары құрылысына арналған 7 жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Сонымен қатар Щучье қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған ескі полигонды қалпына келтіру техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр», - деді вице-премьер.


Jańalyqtar

MURAǴAT