Қазақстанның Иранға экспорты кеңеюі мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудегі екінші Каспий экономикалық форумы алаңында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Иранмен тату көршілік қатынастарды дамыту – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі»,-делінген сайттағы мәліметте.

Сондай-ақ онда өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 85,1%-ға өсіп, $441 млн-ды құрағаны айтылған. Қазіргі уақытта Қазақстаннан Иранға экспорт 154 тауар позициясы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте Үкімет осы номенклатураны кеңейту жөнінде ұсыныс дайындап жатыр.

Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті дамытуға және азық-түлікпен өзара қамтамасыз етуді ұлғайтуға үлкен мән береді.

«Екі елдің агроөнеркәсіп өнімінің тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Осы міндетті іске асыру үшін көлік дәліздерін және ауыл шаруашылығы тауарларын өзара жеткізуді пысықтап жатырмыз», — деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар