Қазақстанның инженерлік-саперлік жасағы Иракта 4 миллионнан астам минаны жойған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2003-2008 жылдары Қазақстанның инженерлік-саперлік жасағы Иракта 4 миллионнан астам минаны жойды. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында мәлім болды.

Еске салайық, палата отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері инженерлік әскерлерінің гуманитарлық минасыздандыру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Келісімге 2014 жылдың 30 мамырында Минск қаласында қол қойылған. Құжат бойынша минасыздандыру саладағы инженерлік әскерлер ынтымақтастығының негізгі бағыттары мен қағидаттары айқындалады. Сонымен қатар, келісім инженерлік әскерлердің жауынгерлік іс-қимылдар болған аудандардан тыс жерлерде өзара іс-қимылды арттыруға бағытталған іс-шараларды жүргізуін қарастырады. Айта кетерлігі, гуманитарлық минасыздандыру әскери ынтымақтастықтың аса маңызды аспектісі болып табылады. Оның маңыздылығы - бейбіт тұрғындарды жарылу қаупі бар заттардан қорғау мен миналанған аумақтарды тазалау қажеттілігімен дәлелденеді.

Тоқтала кететін жайт, Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың сөзіне қарағанда, қазір әлемдегі жағдай бойынша 110 миллионға дейін мина орналастырылған. Жыл сайын оның 1 миллионнан астамы қайта жасырылса, апта сайын әлемде 680-ге жуық мина жарылады.

«ТМД елдерін алатын болсақ, 1999 жылдан бері тек Тәжікстанда жарылу қаупі бар заттардан 846 адам зардап шеккен. Оның 368-і қаза тапса, 478-і жарақат алды. Олардың отыз пайызы балалар. Айта кетерлігі, 2003-2008 жылдар аралығында Қазақстанның инженерлік-саперлік жасағы Иракта 4 миллионнан астам минаны жойған. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы беделін арттырды»,-деді Т.Мұхтаров. Оның айтуынша, келісімді қабылдау арқылы Қазақстан әскери инженерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік болады. Жалпы құжат айқын белгіленген бағыттарға ие және оны жүзеге асыру ТМД аумағындағы қауіпсіздікті күшейтіп, ҚР Қарулы күштерінің тәжірибесі мен кәсіби деңгейін арттырады.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Соңғы жаңалықтар