+7 (701) 759 90 19
USD 384.63 EUR 427.98
RUB 6.08 CNY 54.68
Jańalyqtar

Қазақстанның инвестициялық омбудсмен институты қаншалықты тиімді

2016 жылғы 23 желтоқсан 12:39
Бөлісіңіз:
Қазақстанның инвестициялық омбудсмен институты қаншалықты тиімді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Қазақстан үшін экономикасын одан ары дамытуға жеке инвестиция тарта алу өзекті бола түсуде. Елдегі инвестициялық ахуалды жақсартып, күшейте түсу үшін жайлы жағдай алу керек. Сол кезде отандық та, шетелдік де бизнес өкілдері еліміздің экономикасына қаржы салатындығы сөзсіз. Бұл ретте қаржысын салатын бизнесмендердің барлық жағынан қорғалуы да маңызды бола түседі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» Қазақстан халқына жолдауында: «Трансұлттық корпорацияларға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвестициялар» тарту үшін оңтайлы орта қалыптастыруымыз керек. Осы жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көшбасшы-елге айналуы тиіс. Бізде озық техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымдар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек», - деген болатын.

Сонымен қатар Елбасы инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған реформаларды әрі қарай жалғастыру ЭЫДҰ және басқа да халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп жүргізілуі тиістігін баса айтқан еді. Осыдан кейін алға қойылған мақсаттарды шешу үшін Қазақстанда инвестициялық омбудсмен институты құрылды.

Қазіргі таңда 2014 жылғы 12 маусымдағы № 209-V «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген Инвестициялық омбудсмен қызмет етуде. Инвестициялық омбудсменнің рөлі инвесторлардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау болып табылады. Инвестициялық омбудсменнің қызметі инвестициялар бойынша құзыретті органмен қамтамасыз етіледі. 2014 жылғы 30 қазандағы №1153 ҚР ҚЖ Инвестициялық омбудсменнің қызметі туралы ереже бекітілді. 2015 жылғы 25 мамырда Инвестициялық омбудсменнің бұйрығымен Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті жүзеге асыру барысында туындаған мәселелер бойынша Жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына Бас прокуратура, ҚР Әділет министрлігі, ҚР ҰЭМ, ҚР СІМ, ҚР ЭМ, ҚР ҚМ, ҚР АШМ, ҚР БҒМ, ҚР МСМ, ҚР ДСӘДМ-терінің бірінші орынбасарлары кіреді. 2015 жылдан бері инвестициялық омбудсмен қызметіне ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек тағайындалған.

Инвестициялық омбудсмен институтын қолдау үшін «KAZNEXINVEST» ЭИҰА» АҚ жанындағы инвесторлардың проблемалық мәселелерін жинақтау және оларды шешу бойынша жұмыс жүргізетін Инвесторларға қолдау көрсету орталығы жұмыс атқаруда.

Шетелдік инвесторлармен тікелей және кері байланысты қалыптастыру және жүйелендіру, сондай-ақ инвестициялық омбудсменнің жүйелік жұмысын тездету мақсатында www.invest.gov.kz сайтында on-line платформасы іске қосылып, ол инвесторлардың өтінішін алуды жеңілдетіп, бюрократияны төмендетті. Инвесторлардың айтарлықтай жиі кездесетін қиындықтары мемлекеттік реттеудің мына салаларын қамтиды: салық және кеден заңнамасы; визалық, миграциялық, еңбек заңнамасы; құрылыс және лицензиялау саласындағы заңнама; жер қатынастарын реттейтін заңнама; сондай-ақ, осы заңнамаларды қолдануда туындайтын проблемалар.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылдың қаңтар-қарашасында Инвестициялық омбудсменнің атына шетелдік және отандық инвесторлардан 45 жаңа өтінім келіп түскен. Оның ішінде 40 пайызға жуығына қатысты оңтайлы нәтиже бар, 30 пайызы соттың талқылауына байланысты қарастырылмайтын болды, ал қалғандары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр

Инвесторлар көбінесе салықтық, кедендік және еңбек заңнамасы бағыттарында қиындықтарға тап болатынын, сондай-ақ лицензиялау мен жер қатынастары саласында кедергілер бар екендігін жеткізген. Олардың өтінімдерін қарастыру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленген. Ал ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген. Жалпы, Қазақстанға қаржы салатын инвесторлардың барлық проблемасы инвестициялық омбудсменнің жіті назарында. Мұны осыдан бір ай бұрын өткен Үкімет отырысында еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек атап өткен болатын.

«Біз елімізде бұрыннан жұмыс істейтін, қайта инвестиция құйып жатқан инвесторлардың да жұмысын үнемі назарымызда ұстаймыз. Олардың атқарып жатқан қызметіне үнемі мониторинг жүргізіп, бақылап отырамыз. Олармен 200-ден аса кездесулер өткізіп, мәселелер анықталды. Барлық проблемалар Инвестициялық омбудсмен қызметі арқылы қаралып келеді», - деген еді ол.

Ал таяуда өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ағымдағы жылғы 11 айда инвестициялар көлемі 4,7 пайызға артып, 6 трлн. теңгеге дейін өскендігін айтқан болатын.

««Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, «ИИДМБ» және дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өсуге ықпал етті. Жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестициялардың оң қарқынын атауға болады. Мәселен, ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны 12,1 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 4,4 есеге жоғары»,- деді Бишімбаев.

Қорыта айтқанда, еліміздегі инвестициялық ахуал тұрақты. Шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына инвестиция салу деңгейі жоғары болып отыр. Ал оған инвестициялық омбудсмен институты өз септігін тигізіп отырғаны сөзсіз.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT