Қазақстанның инвестициялық әлеуеті қандай

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде елімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасты. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Жаһанды жайлаған пандемияға байланысты 2020 жылы тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі азайғанымен, 2021 жылы қайта қалпына келіп, 23,7 млрд долларды құраған. Ал өткен жылы ТШИ көлемі 27 млрд долларға жетіп, 17,8%-ға өсім көрсетті. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, ТШИ көлемінің жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай 25,5 млрд долларды құрауы тиіс. Қазіргі таңда елімізге инвестиция салатын елдер қатарында Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания секілді экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттер бар.

Қазіргі таңда шетелдік инвесторларды тарту мақсатында ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Олардың ірі жобаларды іске асыру мүмкіндіктері де едәуір кеңейтілді. Еліміздегі қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру шаралары, инвестиция көлемі артқан салалар, өңірлердегі инвестиция мәселесі, шетелдік инвесторлар тап болуы мүмкін қиындықтар, сонымен қоса саладағы проблемалар туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қазақстанға қанша инвестиция тартылды?

Бүгінде елімізде жұмыс істеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артып келеді. Соңғы 30 жылда Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 370 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған. Олардың басым бөлігі Еуропа елдеріне, АҚШ-қа тиесілі. Өткен жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, елімізде шетел капиталының қатысуымен 45 800-ден астам компания тіркелген. Олардың саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға артып отыр.

Содан да болар, елімізге тартылған инвестиция көлемі де өскен. Мысалы, 2022 жылдың тоғыз айында Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы көлемі шамамен 22,1 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға көп. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2022 жылы ТШИ-дің жалпы көлемі 27 миллиард долларға бағаланған. Қазіргі таңда жалпы құны 30 триллион теңге болатын 850 инвестициялық жобадан тұратын республикалық пулмен жұмыс жүргізіліп жатыр.


Жалпы шетелдік инвестициялар ағымы ел экономикасының жоспарлы дамуына ықпалын тигізгенін атап өту керек. Биылғы 29 наурызда өткен VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та инвестиция тартудың маңыздылығына тоқталып өткен еді.

«Қазақстандағы қазіргі экономикалық модель инвестиция тартуға, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделген. Сол себепті де ұлттық буржуазияның тірегі саналатын орта бизнес белгілі бір аймақтарда ғана жүйесіз дамып отыр. Үкіметтің алдында экономиканың негізгі салаларына инвестиция тарту міндеті тұр. Оның ішінде шетелден инвестиция тартуға баса мән берілуі тиіс. Олар орта бизнесті дамытуға нақты серпін беруі керек», - деді Мемлекет басшысы Парламент отырысында сөйлеген сөзінде.

Инвестиция көлемі қай салаларда артты?

Инвестициялардың жалпы көлемінде тау-кен секторы ең үлкен үлеске (30%) ие. 2022 жылы салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 4,5 трлн теңгені құраған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 14,6%-ға көп.

Ал өңдеу өнеркәсібінде жалпы инвестиция көлемі 2022 жылы 1,5 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға аз. Бұл салаға салынған инвестициялардың үлесі де төмендеген, жыл қорытындысы бойынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 10%-ын ғана құраған.

Инвестициялардың жартысынан астамы металлургия өндірісіне (606 млрд теңге немесе өңдеу өнеркәсібіне инвестицияның жалпы көлемінің 40%-ы) және химия өнімдерін өндіруге (230 млрд теңге немесе өңдеу өнеркәсібіне инвестицияның жалпы көлемінің 15%-ы) тартылған.

Жылжымайтын мүлік секторының инвестициялық көрсеткіштері 3,1 трлн теңгеге дейін (өткен жылмен салыстырғанда 15,2%-ға), көлік және қойма шаруашылығы 1,6 трлн теңгеге дейін (5,4%-ға) және ауыл шаруашылығы 853,5 млрд теңгеге (6,7%-ға) дейін өскен.

Жалпы экономиканың шикізаттық емес секторларына (мемлекеттік бюджеттен инвестицияларды қоспағанда) инвестиция көлемі 2021 жылы 7,4 трлн теңгені құрап, 4,8%-ға өскен.


Негізгі капиталға салынған инвестицияның басты бөлігі инвесторлардың жеке қаражаты болды, бұл 11,1 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда (9,4 трлн теңгеден) 18,4%-ға артқан.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардағы бюджет қаражатының көлемі 13%-ға өсті (2,0-ден 2,3 трлн теңгеге дейін). Бұл ретте негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі бюджет қаражатының үлесі 2021 жылдың деңгейінде (16%) қалып отыр. Банктер мен басқа да ұйымдардың экономиканы қаржыландыруға қатысуы 167 млрд теңгеге азайып, 1,6 трлн теңгені құраған.

Қазақстанда қай салаларға инвестиция салу тиімді?

Сарапшы Расул Рысмамбетовтің сөзінше, Қазақстанда екі салаға инвестиция салу өте тиімді. «Менің ойымша, егер жерді бөлу, электр энергиясымен ұзақмерзімді перспективада қамтамасыз ету және ең бастысы су мәселесі шешілсе, ауыл шаруышалығы ең тартымды сала болады. Ал инвестициялаудың екінші тартымды бағыты ауыл шаруашылығындағы – логистика. Ел ішіндегі өңіраралық сауданы дамыту үшін логистика өте маңызды сала»,-деді ол.

Сонымен бірге ол инвестиция тарту саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, егіншілік, ет және сүт өнімдерін өндіру, логистика, білім беру, медицинаның келешегі зор екенін де тілге тиек етті. «Біз Иран, Қытай сияқты елдермен шекаралас болғандықтан, азық-түлік өнімдерін өндірген дұрыс болар еді. Бұл екі ел өзін азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз етіп отырғанымен, қалай десек те, біздің тауарларға да орын бар. Ішкі нарықты толтыру үшін де инвестиция салу керек, сонда біз бәрін өзіміз дайындаймыз»,-деп атап өтті ол.

Фото: kapital.kz

Атырау облысы – инвестиция салуға ең қолайлы өңір

Өңірлер бойынша, Атырау облысы дәстүрлі түрде инвестиция үшін ең қолайлы өңір болып отыр. 2022 жылы өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 3 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 0,4%-ға артық.

Ал инвестиция үшін қолайсыз өңір – Ұлытау облысы, инвестиция көлемі 155,7 млрд теңгені құраған (ел инвестициясының жалпы көлемінде 1%).

Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестиция қазіргі геосаяси жағдайларға қарамастан, аздап өскенін байқап отырмыз. Дегенмен сарапшылар оның өсу қарқыны 2018-2019 жылдардағы пандемияға дейінгі деңгейге әлі жетпегенін айтып отыр.

Үздік 10 инвестор мемлекет

Қазақстанға инвестиция салған үздік 10 инвестор елдердің қатарына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кіріп отыр.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, мәселен, Нидерланд – 5,5 миллиард доллар, АҚШ – 5 миллиард доллар, Швейцария – 2,6 миллиард доллар, Бельгия – 1,3 миллиард доллар, Ресей – 1,3 миллиард доллар және Оңтүстік Корея – 1,1 миллиард доллар инвестиция құйған. Ал Оңтүстік Кореядан ТШИ ағыны екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы рекордтық көрсеткішке жеткен.


Енді 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеті тұр. Бұған дейін Премьер-Министр Әлихан Смайылов ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өткен еді.

Геосаяси жағдайға байланысты инвесторлар саны артып отыр

Жалпы соңғы жылдардағы көрші елдердегі геосаяси өзгерістер әлемдік әрі отандық экономикаға кері әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Дегенмен оның мүмкіндігі де жоқ емес. Әсіресе, көрші Ресейден кетіп жатқан компаниялардың Қазақстанға көшуі, әрине, инвестициялық әлеуетімізді арттырары сөзсіз. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарушы директоры Азамат Қожановтың дерегінше, қазіргі уақытта Ресей нарығынан кететінін жария еткен немесе инвестициялық қызметін тоқтатқан 40-қа жуық елдің 400-ден астам компаниясымен келісім жасау көзделіп отыр.

«Ал 62 кәсіпорынмен тығыз жұмыс жүргізілп жатыр, оның ішінде қазіргі таңда 24 кәсіпорын қоныс аудару процесін аяқтады. Бұл мүмкіндікті тағы 17 компания пайдаланғысы келіп отыр. Алдағы уақытта тағы 21 компания көшуі мүмкін. Негізгі салалары: өңдеу және тамақ өнеркәсібі, IT, металлургия, машина жасау»,-деді Азамат Қожанов.

Сонымен қатар қоса компанияның басқарушы директоры күрделі геосаяси жағдай және елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі аясында агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыруға инвесторлардың қызығушылығы артып отырғанын да атап өтті. «Біз инвесторлардың инвестициялық портфельдерін әртараптандыруын, оның ішінде көршілес нарықтардан Қазақстанға қаржы ағындарын қайта бөлу сияқты шараларын байқап отырмыз»,-деді ол.

Фото: petroleumjournal.kz

Инвесторларды қолдаудың жаңа құралдары

Қазіргі таңда инвесторларды қолдаудың жаңа құралдары іске қосылды. Атап айтсақ, Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді, Жақсартылған модельдік келісімшартты және Инвестициялар туралы келісімді жасау процесі жеңілдетілді. Сонымен бірге айта кету керек, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсартудың тағы бір маңызды қыры – болжауға болатын және ашық салық саясаты. Осыған байланысты фискалдық реттеуді қайта қарау үшін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр.

Бұдан бөлек 2023 жылдың ақпан айынан бастап ірі инвесторлар үшін Қазақстанда жаңа жобаларды іске қосу және қолданыстағы жобаларды жаңғырту мүмкіндіктері едәуір кеңейтілді. Осыдан екі апта бұрын ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысына енгізілген тиісті түзетулерге қол қойды. Осылайша, Үкіметпен Инвестициялық міндеттеме туралы келісім бекітуді жоспарлап отырған заңды тұлғалар үшін Қызметтің басым түрлерінің тізбесі алынып тасталды. Бұл келісім бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге салық мөлшерлемесі белгіленеді, ал инвестор оның өтеуі ретінде қомақты қаражат салуға, қандай да бір өндірісті іске қосуға немесе жаңғыртуға, қазақстандық кадрларды оқытуға міндеттеледі.

Сонымен қатар енгізілген түзетулерге сәйкес, тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі анықталды. Яғни, енді ірі компания немесе кәсіпкер бұл тізімге енгізілмеген кез келген инвестициялық бағытты еркін таңдап, Үкіметпен Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасай алады. Атап айтқанда, тыйым салынғандар санатына акцизделетін өнімдердің көтерме саудасы және (немесе) өндірісі, лотерея өткізу, ойын бизнесі саласындағы қызмет кіреді. Ал басқа бағыттар бойынша шектеулер жоқ.

Шетелдік инвесторлар қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін

Жоғарыда елімізде шетелдік инвесторларға жағдай жасалып жатқанын сөз еттік. Дегенмен бірқатар қиындықтар да кездесуі мүмкін. Бұл туралы инвесторлармен келіссөздер жүргізу және инвестициялық жобаларды іске асыруды бақылаумен айналысатын «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясынан сұрап көрдік. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарушы директоры Азамат Қожанов компаниялар құжаттарды дайындаудағы қиындықтардан бастап, жекелеген аймақтарда жобаны жүзеге асыру үшін инфрақұрылымның болмауына дейін әртүрлі мәселелерге тап болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Мәселелерді шешу үшін «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясында жыл сайын 2000-нан астам инвестордың сұранысына қызмет көрсететін инвесторларға сервистік қолдау көрсету бөлімі бар. Бөлімнің мақсаты – инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда туындайтын қиындықтарды еңсеруге көмектесу. Сондай-ақ түйткілді мәселелерді шешу үшін ҚР Премьер-Министрі жанынан Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Инвестициялық жобаларға қатысты мәселелерді тезірек шешу үшін олар ай сайын ұсынылып отырады. KAZAKH INVEST компаниясында бұған Іnvestment Task Force ұлттық компаниясының арнайы бөлімшесі жауап береді»,-деді ол.

«Ұлттық инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру керек»

Бұған қарап, біз елде шетелдік инвесторлардың Қазақстан нарығына кіріп, инвестиция салу мәселесі біраз жолға қойылғанын байқаймыз. Десе де, саладағы шешілуі керек мәселелер де аз емес. Экономист Расул Рысмамбетовтің айтуынша, бізге инвестицияны тартумен емес, тартымды инвестициялық ахуал жасаумен айналысу керек. Оның үстіне тек шетелдік инвесторларға емес, отандық инвесторларды да тартып, олар үшін де қолайлы бизнес орта қалыптастыру қажет.

«Мен Иран, Оңтүстік корея және Германияның инвесторларын бізге бірнеше рет шақырдым. Олар бізде қызық дүние көп екенін айтады, бірақ инвестиция салмайды. Өйткені отандық нарық өзімізге қызық болмайынша, өзгеге де қызық емес. Егер біз сыртқы инвесторларға көңіл бөлетін болсақ, онда өзіміздің емес, біреудің жоспарын орындаймыз. Мысалы, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдерде өздерінің ұлттық инвесторлары басымырақ. Оның үстіне олардың нарығына кіру оңай емес, өйткені олар өз нарығына өздері қызығушылық танытады. Өз басым өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін шағын және орта бизнеске инвестицияның көбірек салынғанын қалаймын. Өйткені ШОБ қаражатты сыртқа алып кетпейді, керісінше, азаматтардың өмірін жақсартуға жұмыс істейді»,-деді қаржыгер.

Оған қоса Расул Рысмамбетов Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың орташадан төмен екенін тілге тиек етті. Мұны жақсарту үшін тағы да сол, отандық инвесторларға назар аудару керек екенін баса айтып өтті.

«Елдегі инвестициялық ахуал орташа, мүмкін тіпті орташадан сәл төмен. Өйткені қазіргі таңда жер қойнауын пайдалануға көбірек инвестиция салу қызық болып отыр. Қазақстандық инвесторлар көбіне ШОБ-қа инвестиция салады, бірақ мен отандық инвесторлардың өз қаражатын шетелге алып кетіп, кейін шетелдік инвестор ретінде елге кірген жағдайларын да көзім көрді. Бұл да біздің жергілікті инвесторлардан гөрі шетелдік инвесторларды жақсы көретінімізді көрсетіп отыр. Мәселен, отандық инвесторлармен басқа, ал шетелдік инвесторлармен басқа шартпен келісім жасалады. Міне, осындай мәселелерді қарастыру керек»,-деді сарапшы.

Бұдан бөлек ол еліміздің инвестициялық әлеуеті жайлы айта келе, шешімін табуы тиіс мәселелерге де тоқталып өтті.

Фото: shutterstock.com


«Жалпы Қазақстанның әлеуеті өте жақсы, бірақ жұмыс істеуді қажет ететін мәселелер бар. Мысалы, меншік құқығын қорғау, жергілікті инвесторлар үшін инвестициялық ахуалды жақсарту, сот шешімдерінің ашықтығы, жергiлiктi әкiмшiлiктер шешiмдерiнің ашықтығы, заңнаманың, оның iшiнде салық заңының орындалуы, Үкiмет пен аймақтар арасындағы байланысты жақсарту, сондай-ақ тұрақтылықты арттыру қажет»,- деді маман.

Дегенмен жақсы инвестициялық климат қалыптастыру үшін кем дегенде тағы 3 жыл жұмыс істеу керегін де тілге тиек етті.

Қорыта келе, қазір Қазақстанда инвестициялық салада ауқымды жұмыстар атқарылғанын байқауға болады. Әсіресе, шетелдік инвесторлардың Қазақстанда жұмыс істеуі үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Алайда сарапшыларды отандық инвесторлардың жағдайы алаңдатып отыр. Сондықтан да еліміз тек шетелдік инвесторларды тартумен ғана емес, отандық инвесторлардың да бәсекеге қабілетті болуына, олардың да өзіміздің нарыққа кіріп, бизнес ортада қалыптасуына жағдай жасауы тиіс.


Соңғы жаңалықтар