Қазақстанның инновациялық даму деңгейі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейбітшілік және келісім сарайында басталған XI Инновациялық форумында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев еліміздің қазіргі инновациялық даму деңгейі жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде инновациялық дамудың қарқыны көп жағдайда цифрлық желілердің инфрақұрылымына байланысты. Ол жағынан Қазақстан біраз жетістіктерге жетті. "Мәселен, ұялы байланыс абонеттерінің саны жағынан біз 5-ші орынға көтерілсек, ғаламторды пайдалану бойынша әлем елдері ішінде 61-ші орынға шықтық. Ал спутниктік байланыс барлық территорияны қамтиды. Өткен жылы Қазақстан озық ақпараттық теxнологияларды дамыту жағынан ТМД елдерін артқа тастап, 40-шы орынға көтерілді. "Электронды үкіметті" дамыту бойынша біз үздік 30-дыққа кіреміз. Алайда уақыт бір жерде тұрмайды. Оны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан біздің министрлік "Цифрлық Қазақстан" атты жаңа бағдарланы даярлап жатыр. Оның ішінде ел экономикасын "инновациялық рельске" қою мәселесі де бар", - дейді Д. Абаев.

Оның айтуынша, жаңа бағдарламада шалғай жатқан ауылдарды ғаламтормен қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында тың инновациялық жобалар қолға алынады. "Бүгінде инновациялық экономиканы дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін, азаматтардың өмір сапасын арттырудың маңызды факторына айналғаны белгілі. Осы тұрғыда елімізде "Қазақстан - 2050" стратегиясы мен "100 нақты қадам" Ұлт жоспары аясында ғылыми-теxникалық және инновациялық жүйелерді нығайтуға жол салатын іргелі бастамалар жүзеге асуда. Өз кезегінде ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы бағыттағы міндеттерді іске асыру шеңберінде "электронды үкіметті" дамыту мен "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыстарды қолға алуда", - деп атап көрсетті Д. Абаев.

 

Соңғы жаңалықтар