Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі қандай – жапон ғалымының пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саяси зерттеулер академиялық институтының (GRIPS) ректоры, халықаралық саясат саласындағы жапон ғалымы Танака Акихико алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласына сапарлап, халықаралық саясаттағы еліміздің рөлі мен Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Танака Акихико Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университетінде дәріс оқыды. Ол халықаралық жүйелер теориясына, Шығыс Азиядағы қазіргі халықаралық қатынастарға, Жапон-Америка қатынастарына және Жапон-Қытай қатынастарына маманданған.

«Менің лекцияларымның тақырыбы Шығыс Азия мен Жапониядағы халықаралық саясатқа арналған. Дәріс барысында Шығыс Азияның соңғы төрт-үш онжылдықтағы ерекшелігі туралы айттым. Шығыс Азия Жапония, Корея түбегі, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азиядан тұрады. Сондай-ақ, Шығыс Азияның экономикалық дамуы туралы да әңгіме қозғадым. Бұл аймақтың экономикалық дамуын «Шығыс Азиядағы экономикалық ғажайып» деп те айтады. 1960-жылдары Шығыс Азияның Жапониядан басқа бөлігі кедей аймақ болып саналған. Ал қазір Шығыс Азия – қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Сонымен қатар, менің дәрістерім Орталық Азиядағы саяси қауіпсіздік тақырыбын да қамтиды», - дейді Танака Акихико.

Ғалым Жапонияның сыртқы саясатына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, «күншығыс елінің» сыртқы саясатының даму негізі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, АҚШ-пен тығыз байланыс орнатылғаннан соң басталған. Жапония АҚШ-пен қарым-қатынаста бола отырып, Шығыс Азия аймағын дамытуға күш салған.

Танака Акихико Орталық Азиямен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынастың даму деңгейіне қатысты пікір білдірді.

«Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ басқаратын қазіргі әкімшілік «Еркін және ашық үнді-тынық мұхиты аймағы» деп аталатын жаңа көзқарасты алға тартуда. Жапония басқа аймақтарды, атап айтқанда Орталық Азияны назардан тыс қалдырмайтынын айтқым келеді. Жапония «Орталық Азия + Жапония» диалогына кірді, сол себепті біз Қазақстанмен де тығыз қарым-қатынаста боламыз», - дейді Академиялық институттың ректоры.

Еске сала кетсек, былтыр қазан айында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысқан болатын.

Ғалымның айтуынша, Елбасының былтыр Жапонияға баруы екі ел қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін аңғартады.

«Былтыр қазан айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Жапония императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысты. Мен Жапония халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың достық ниетін сезетіндеріне сенемін. Жапондықтар тарихқа үңілер болса, жапон және қазақ халқы қаншалықты ұқсас екенін байқауға болады. Тіпті, жапон тілі мен қазақ тілінің құрылымында ұқсастық көп», - дейді Танака Акихико.

GRIPS ректоры білім саласындағы екі жақты қарым-қатынас туралы да айтты.

«Студенттер арасындағы қарым-қатынас нығая түсуде. Мұны Жапония азаматының бүгінгі таңда Назарбаев Университетін басқаруымен байланыстыруға болады. (Шигео Катсу –авт.). Дипломатия саласына қатысты бізде мәселе де, кедергі де жоқ. Екі елдің болашағы - жарқын», - дейді ол.

Спикер қазақстандықтар Токиодо орналасқан Саяси зерттеулер институтында (GRIPS) оқып жатқанын жеткізді.

«Қазақстанда дәріс оқу мүмкіндігі берілгені мен үшін – мәртебе. Мемлекеттік қызметкерлерді оқытумен айналысатын Саяси зерттеулер ұлттық институтын басқарамын. Қазақстандық азаматтар да жыл сайын бізде оқығысы келеді. Мысалы, Нұр-Сұлтанға келгелі біздің институтты бітірген 9 түлекпен кездестім. Әртүрлі саладағы кәсіби мамандар біздің институтта оқитынына сенімдімін», - дейді Т. Акихико.

GRIPS басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне қатысты да пікірін білдірді.

«Қазақстан – Орталық Азияда жер көлемі бойынша ғана емес, экономикалық даму жағынан да алып мемлекет. Бұл ел халықаралық қатынасқа айтарлықтай әсер ете алатын бай ресурстарға ие. Жалпы, АҚШ-пен ынтымақтастық туралы айтқан кезде Дональд Трамптың басшылығымен кейбір елдерде халықаралық саясат көзқарастарында айырмашылықтар болуы мүмкін екенін атап өтуге болады. АҚШ – әлемдегі маңызды және ықпалы мол мемлекет. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық саясатта ұлы бітімгер ретінде танымал. Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі мемлекет ретінде халықаралық қоғамдастықта сындарлы рөл атқарады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар