+7 (701) 759 90 19
USD 423.91 EUR 497.37
RUB 5.82 CNY 65.59
Jańalyqtar

Қазақстанның Халық әртісі Құман Тастанбеков дүниеден озды

2017 жылғы 17 желтоқсан 11:50
Бөлісіңіз:
Қазақстанның Халық әртісі Құман Тастанбеков дүниеден озды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Құман Тастанбеков дүниеден озды. Бұл ақпаратты М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін өкініштісі, Құман ағамыз дүниеден өтті. Қоштасу рәсімінің уақыты әлі белгіленген жоқ. Құман ағамыз 1969 жылдан бастап, М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет етіп келген», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Құман Тастанбеков 1945 жылы бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген. Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетін бітірген.

Ол сахнада О. Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» - Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» - Ұшқыш, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» - Тәңірберген, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» - Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» - Шоқан, Т. Ахтановтың «Антында» - Сауран, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» - Әлібек, Т. Ахтановтың «Жоғалған досында» - Естемесов, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» - Қасым, «Ақ кемесінде» - Құлбек, Е. Домбаевтың «Біздің кластың қыздарында» - Төлеген, Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» - Цезарь, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» - Флоридор, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында» - Фархад сынды негізгі рөлдерді сомдады.

Театр репертуарында жүріп жатқан спектакльдерде - Шахимарденнің «Томирисінде» - Балқаш, С. Торайғыровтың «Қамар сұлуында» - Омар, С. Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» - Жақыпбек, Т. Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» - Жалғасбек, Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» - Қария, М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында - Андрей, Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Штейниц, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» - Монтекки, Д. Кобурнның (ауд. Е. Аманшаев) «Жынойнағында» - Веллер Мартин (реж. Е.А маншаев, А. Кәкішева), А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасында (ауд. Ә. Бөпежанова, реж. Р. Андриасян, А. Кәкішева) - Кулыгин рөлдерін сомдаған.

«Қ. Тастанбековтің кино өнері саласындағы еңбегі де елеулі. Ол атақты «Қыз Жібек» фильміндегі (режиссер С. Қожықов, сценарий Ғ. Мүсірепов, редактор А. Сүлейменов, 1970 ж.) Төлеген рөлімен «жұлдызы жанған» актер. Бұдан кейін де көптеген фильмге - «Біздің Ғани»» (1971), «Қыс - суармалы кезең емес» (1972), «Мұнда аққулар ұшып келеді» (1973), «Аққулар жаңғырығы» (1974), «Қосымша сауалдар» (1978), «Ағамның қалыңдығы» (1979), «Провинциалды роман» (1981), «Қараша қаздар қайтқанда» (1981), «Өрнек» (1982), «Алаң жиегінде» (1982), «Кімсің сен, салт атты?» (1987),«Адам-жел» (2003), «Махамбет» (2008) т.б. түскен», -делінген Әуезов театрының мәліметінде.
null

Актердің әншілік өнері де бар. Ол бірнеше спектакльде ән орындайды.

Қазақстанның Халық әртісі (1993), КСРО Кинематографистер одағының мүшесі (1991), Қазақстан Лениндік комсомол сыйлығы лауреаты (1976). «Құрмет» орденінің иегері (2008), ҚР Тәуелсіздік күніне орай, Алмалы ауданының әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық, саяси өміріне қосқан үлесі, жоғары кәсіби біліктігі мен азаматтық белсенділігі үшін марапатталды

Фото alashainasy.kz

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Серік Жолдасбай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT