Қазақстанның ғылымы «қартайып» барады - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның ғылымы тұтастай қолданбалы форматқа көшіріледі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында осындай жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір біздегі ғылымның тұтас моделін қолданбалы форматқа көшіріп жатырмыз. Ғалымдарымыздың күш-жігерін қосылған құн үстей алатын салаларға бағыттаймыз. Ғылымды сұхбат алдындағы сюжетте көрсеткен шектеулі ресурстардан барынша мол қаржыландыруға көшіреміз. Президенттің қолдауының арқасында ғылымды қаржыландыру көлемін 3,5 есе өсірдік. Былтыр 58 млрд теңге болса, биыл 158 млрд теңге болып отыр. Ал келесі жылы 244 млрд теңге болады. Сонда ғалымдарымыздың зерттеулері мен жобаларын былтырғыдан үш есе көп қолдаймыз», - деді ол.

Министр ғылымды дамыту үш басым бағыт бойынша іске асатынын айтады.

«Біріншісі – басым бағыттарды өте анық, нақты белгілеу. Біздің ғылым, ғылыми институттар күш-жігерін қайда, қандай нақты технологиялық учаскелерге жұмсауы керек? Біздегі өндірістердің, компаниялардың қосылған құнын, ғылыми мазмұнын қалай көтеру керек?

Екінші үлкен бағыт – бизнес ғылымды қолдауға мүдделі болатындай салықтық, инвестициялық жеңілдіктер мен жағдайлар жасау қажет. Мұнсыз мүмкін емес. «Сұраныс ұсыныс тудырады» деген қанатты сөз бар. Сұраныс болмаса, ұсыныс та болмайды», - деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, ол іргелі ғылымдарды академиялық жобалар мен зерттеу институттарының шеңберімен шектемей, университет деңгейінде де дамытуға күш жұмсалатынын мәлім етті.

«Ғылым үнемі жас мамандармен, жаңа мамандармен толығып отыру керек. Қазір бізге университеттерді зерттеу бағытында қайта форматтау керек. Өкінішке қарай, ғалымдарымыздың орташа жасы – 59. Ұлттық академияның академиктерінің орташа жасы – 69. Ғылым «қартайып» барады. Бұл – өте нашар белгі. Сондықтан, үшінші басым бағыт – ғылыми мамандарды даярлау, университеттерді зерттеушілік бағытта қайта форматтау және үнемі тоқтаусыз қосылып жататын жаңа буынның, жаңа ақыл иелері мен инноваторлардың арнасын қалыптастыру», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар