Қазақстанның ғылым саласы: перспективасы мен кадрлық әлеуеті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі таңда өркениет көшінен қалмау үшін елімізде білім мен ғылым саласын дамытуға баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысының қолдауымен ғылым саласында соңғы жылдары бірқатар өзгеріс болды. Атап айтсақ, ғалымдардың жалақысы өсті, жас ғалымдарды қолдау шаралары кеңейді, сондай-ақ Қазақстанда ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де артты.

Дегенмен салада проблема да жоқ емес. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына сапары барысында ғылымды басқару ісі жолға қойылмағанын баса айтып өткен еді. Сол үшін де ғылымға мүлдем қатысы жоқ адамдардан арылу қажеттігін айтып, салаға жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берген болатын.

Осы орайда Қазақстандағы ғылым саласының жай-күйі жайлы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Еліміздегі ғылым саласының дамуы, проблемалары, жас ғалымдарды қолдау шаралары жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуі барысында ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Қазіргі қоғамда ғылымды дамыту - өзекті мәселелердің бірі. Алайда ғылым саласында жас мамандар өте аз екенін тілге тиек етті. Осы тұста, отандық ғылымды дамыту мақсатында Президент жанынан Ғылым мен технология мәселелері жөнінде ұлттық кеңес құрылатынын мәлімдеген еді. Президенттің айтуынша, Ғылым академиясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуеті зор азаматтарды көптеп тарту қажет.

«Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек. Отандық ғалымдар құрамын жасарту қажет. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан Ғылым Академиясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуеті зор азаматтарды ғана көптеп тарту қажет. Сонда ғана экономикамыз дамиды. Осы орайда мен тағы бір маңызды бастама – Президент жанынан Ғылым мен технология мәселелері жөнінде ұлттық кеңес құру туралы шешім қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті

Мемлекет басшысының қолдауымен соңғы жылдары ғылым саласында айтарлықтай өзгерістер болды. Ғылымды дамыту бағытында бағдарламалық құжаттар бекітіліп, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Негізгі міндеттер айқындалды. Нақтырақ айтқанда, ең алдымен ғылымды қаржыландыру жүйесі өзгерді. Соның ішінде соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті.

2021 жылғы дерек бойынша, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыратын 438 мекеме бар. Оның ішінде мемлекеттік секторға жататындар саны – 101, жоғары кәсіптік білім беру секторында – 95, кәсіпкерлік – 202 және коммерциялық емес секторда – 40. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда аталған ұйымдарда 21 617 ғалым жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35 %-ы ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие. Жоғары білікті ғалымдарды даярлау кадрлық әлеуетті дамытуда маңызды рөл атқарады. Жыл сайын Қазақстан білім беру ұйымдарын орта есеппен 905 докторант, 20 мыңға жуық магистрант бітіріп шығады.

Орталық коммуникациялар алаңында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки ғылымды қаржыландыру жүйесі өзгергенін, оны қолдауға арналған қаражат көлемі келер жылы тағы ұлғайтылғанын атап өтті.

«Cоңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті. Егер бұрын гранттық және нысаналы қаржыландыруға арналған байқаулар үш жылда бір рет жарияланса, енді жыл сайын өткізіледі. Гранттық қаржыландыруға арналған жалпы конкурстың көлемі алдыңғы конкурстармен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайды», - деді Дархан Ахмед-Зәки.

Жас ғалымдарды қолдау шаралары

Ғылым комитеті төрағасының айтуынша, министрлік 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға 3 конкурс жариялаған. Оның жалпы бюджеті 86 млрд теңгені құрайды.

«Бұл бюджет көлемі 3 млрд теңге болатын «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс. Қаражат көлемі 9 млрд теңге болатын 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс. Бюджеті 74 млрд теңгеден асатын 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған жалпы конкурс. Бұл бұрынғыдан 4 есеге көп қаражат», - деді Ғылым комитетінің төрағасы.

«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасында және ҚР ғылымын дамыту тұжырымдамасында ғалымдар санын 34 мың адамға дейін жалпы алғанда 1,5 есе ұлғайту және жас ғалымдардың үлесін 50%-ға дейін арттыру міндеті алға қойылған. Осы тұста, жас ғалымдарды қолдап, талантты жастарды ғылымға тарту басымдыққа ие болуы тиіс. Постдокторанттарды қолдау үшін «Жас ғалым» жобасы бойынша мың грант бөлу бойынша конкурс өткізіледі.

«Постдокторант өзі таңдаған кез келген ғылыми ұйым немесе университет негізінде зерттеу жұмысымен айналысады. Оның айлық жалақысы 3 жыл ішінде шамамен 500 мың теңгені құрайды. Осы грант аясында докторантура бағдарламасын игерген, бірақ уақытында қорғай алмаған зерттеушілер диссертацияны бір жыл ішінде қорғауға мүмкіндік алады. Мұндай мүмкіндікке отандастар, шетелде тұратын қазақ ұлтының өкілдері де ие», - деді ол.

Жалпы аталған шаралардың барлығы қазақстандық ғылымды кешенді дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресіне қосқан үлесін арттыруға бағытталған. Жан-жақты қолдау мен барлық қабылданған шаралардың нәтижесінде жас ғалымдардың үлесі 2025 жылға қарай кемінде 50%-ға жетуі тиіс деп болжанып отыр.

Айта кету керек, конкурсқа қатысушының PhD дәрежесі, ғылым бағыттары бойынша жарияланымдары болуы тиіс және жасы 40-тан аспауы қажет. Биыл барлық байқаулар ертерек жарияланды. Ғылыми жобаларды қаржыландыру жаңа күнтізбелік жылдың басынан басталады. Бұл ғалымдарға тиісті жалақыны уақытылы алуға және жыл басынан бері ғылыми жұмыстарын толық орындауға мүмкіндік береді.

1990-2000 жылдары еліміздегі ғылыми-технологиялық саланың құлдырауы, көптеген тәжірибелік өндірістен, жобалау институттарынан айырылып қалу, кадрлардың кетуі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігі республиканың зияткерлік әлеуетінің төмендеуіне алып келді. Мамандардың айтуынша, бұл ұзақ мерзімді сипаттағы ғылыми-технологиялық дамуды тиімсіз жоспарлаудың салдары.

Ғалымдардың кадрлық және ғылыми әлеуеті

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, дәл қазір елімізде 22 655 ғылыми кадр бар. Олардың 36 пайызы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар екен. Тағы 39 пайызы – орта жастағылар, яғни айтарлықтай деңгейдегі әлеуеті бар ғалымдар.

Елімізде бір миллион халыққа 1172 ғалымнан келеді. Алайда, бұл көрсеткіш 1990 жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Ғылыми әлеует ғылымды қаржыландырумен тікелей байланысты екені белгілі. 2021 жылы жалпы ішкі өнімге шаққандағы ғылымның қаржыландыру көлемі 0,13%-ды құрады. Әлемдік тәжірибеде ғылымның нәтижелілігі – қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнен 1%-дан асқан кезде болады деп саналады. Дамыған елдерде бұл қаражаттың үштен екісі жеке инвестициялар есебінен қалыптасады. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында технологиялық жаңғырту мен ғылыми әзірлемелерге бағытталған бизнес үшін салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсына отырып, нақ осы жайлы айтқан болатын.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақмола облысына жұмыс сапары барысынла Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан халқына» қорымен белсенді ынтымақтастық орнатқанын жеткізді. Сонымен қатар қазіргі кезде институционалдық инвесторларды тартуда, қызметкерлерді оқыту мен басқаруда эндаумент-қорларды қолдауды, сондай-ақ салықтық ынталандыруды көздейтін бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданғанын айтып өтті. Сонымен қатар АҚШ, Сингапур, Ресей және басқа елдердің тәжірибесі бойынша университеттік ғылым мен инновацияны тұрақты қаржыландыратын «Нысаналы капитал қорлары туралы» жеке заң жобасын әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр.

Сондай-ақ ол кадр мәселесіне де тоқталып өтті. Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда қазақстандық студенттердің 90%-дан астамы бакалавриат бағдарламасы бойынша, 8-9%-ы магистратурада, тек 1%-ы ғана PhD бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Яғни, отандық жоғары оқу орындарында әлеуетті ғалымдар пулы өте шектеулі. Сондықтан алдағы жылдары студенттерді ғылыммен айналысуға ынталандыруға, ғылымды жастар үшін тартымды әрі перспективалы іске айналдыруға басымдық берілетінін жеткізді.

Айта кетейік, 2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені құраса, 2022 жылы ең төменгі жалақы 257 мың теңгеден басталады. Ғалымдарды ыңталандыру үшін 2021 жылдан бастап 6 млн теңге мөлшерінде 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы жыл сайын табысталады. Сонымен қатар докторантураға түсу үшін гранттар саны көбейтіліп, талаптары да күшейтілді. Олардың шәкіртақысы 82 мыңнан 195 мың теңгеге дейін өскен болатын.


Соңғы жаңалықтар