Қазақстанның гуманитарлық көмегі тиелген үшінші рейс Сирияға жетті

None
АММАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның гуманитарлық көмегі бар үшінші ұшақ дүйсенбі күні кешке Алеппо әуежайына қонды. Ұшақпен ҚР Ұлттық ұланының авиациясы бірге келді және көмекті Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы арқылы үлестірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ұйымға сілтеме жасап.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (IOFS) өкілдері, оның ішінде ұйымның бас директоры Ерлан Байдәулет қазір Алеппода.

Олар жүкті қарсы алып, оны таратуға қатысып жатыр.

Өткен аптада ҚР Президенті жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырған болатын.

Көмек мемлекеттік материалдық резервтен жасақталды. Жалпы алғанда, Сирияға 50 тонна гуманитарлық жүк жолданды, онда консервілер, жылы киім, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бар.


«Біз гуманитарлық көмек тарату орталығында болдық, онда Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының және Сирияның Қызыл Крес өкілдерімен бірге оның бір бөлігін жергілікті халыққа тараттық», - деді IOFS Twitter-де.


Бұл зілзаладан зардап шеккен Сирия тұрғындарына Қазақстан тарапынан жіберілген үшінші ұшақ. Бұл бортқа азық-түлік артылған.

Бұған дейін екі гуманитарлық көмек тиелген ұшақ Сирияға шатырлар мен көрпелер және зардап шеккендерге қажет басқа заттарды әкелді.

Бірінші жүк Алеппо әуежайына 10 ақпан кешке келді.

Тапсыру рәсіміне Алеппо губернаторының орынбасары, әуежай директоры, Сирия Қызыл Кресінің өкілдері және Қазақстанның Ливандағы елшісі қатысты.

Соңғы, төртінші гуманитарлық көмек артылған рейс Сирияға бір күннен кейін келеді.

Фото: IOFS


Соңғы жаңалықтар