Қазақстанның фармөнеркәсібі қалай дамуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдың 25 қарашасында Елбасы академиясының «Өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау» аясында келісілген «ҚР фармөнеркәсібін дамыту» жобасын іске асырудың ресурстық жоспары қабылданды.

Аталған құжаттың аясында елдегі меншікті фармөндірісінің үлесін 50 пайызға дейін арттыру қажеттілігі көзделген. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолданыстағы Кешенді жоспарды және Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына трансформациялау жолымен жүйелі тәсілдер ұсынылды. Ондағы 4-ші бағыт «Қазақстанның отандық фармацевтикалық өнеркәсібі» болған еді.

Айта кетерлігі, Қазақстанда өткен жылдың жазында басталған коронавирустың алғашқы толқыны отандық фармацевтикалық нарыққа айтарлықтай әсер етті.

Мәселен, «IQVIA» халықаралық талдау компаниясының деректері бойынша бөлшек сауда мен Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі үшін сатып алуды ескере отырып, қазақстандық фармацевтика нарығының көлемі 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға өсті. Бұл ретте бөлшек сегментте фармацевтика өнімін өткізу көлемі 18 пайызға ұлғайды.

2020 жылы нарықтың оң серпінінің негізгі факторлары дәрілік заттарға сұраныстың күрт артуы, олардың құнының өсуі және жаңа препараттардың пайда болуы болды. Коронавирус пандемиясына байланысты нарықта коронавирустың алдын алуға және оның салдарымен күресуге көмектесетін көптеген жаңа препараттар шықты. Егер 2019 жылы отандық өндірушілердің ақшалай мәндегі үлесі 14 пайызды құраса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш ҚР жалпы фармацевтика нарығының 16 пайызына дейін өсті. Отандық тауар өндірісінің құндық мәнде 2019 жылмен салыстырғанда 39 пайызға ұлғаюы байқалды.

2019 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнімді экспорттаушы елдердің әлемдік рейтингінде (https://www.worldstopexports.com), Қазақстан 116 елдің ішінде 72-орынды иеленді. Бұл отандық өндірушілердің төмен экспортқа бағдарланғандығын көрсетеді. Соған қарамастан, дәрілік заттарды өндіру саласындағы кәсіпкерлік бастаманы қолдау жөніндегі мемлекеттің белсенді саясатының арқасында жергілікті өндірушілерден көлемнің өсуі байқалады, онда барлық шығарылатын өнімнің шамамен 70 пайызы мемлекеттік арна арқылы өткізіледі.

Алайда, 2019 жылы медициналық бұйымдар экспортының 2018 жылмен салыстырғанда 16 есе төмендегені байқалады, ал көрсетілген кезеңде медициналық техника экспорты 1,2 есе артты. Сонымен қатар, Қазақстан нарығында импортты тұтыну үлесі бес жыл ішінде 1,1 млрд АҚШ долларын құрап, 80 пайыз шегінде қалып отыр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша дәрілік заттардың негізгі импорттаушысы Германия болды.

Бұл ретте, 2019 жылы медициналық бұйымдардың импортталатын көлемінің 20 пайызға азаюы байқалады. Бұл тегін медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің мемлекеттік көлемі аясында сатып алу үшін медициналық бұйымдар номенклатурасын ұлғайту түрінде жаңа өндірістердің іске қосылуымен және мемлекеттің қолдауымен байланысты.

Бүгінгі таңда отандық фарминдустрияда 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33-і дәрілік заттар, 41-і медициналық бұйымдар және 22 кәсіпорын медициналық техника өндіреді. 2020 жылы отандық кәсіпорындар өндірісті 34,1 пайызға ға немесе 81,5 млрд теңгеге ұлғайтты (2019 жылы - 57,6 млрд теңге). Салаға инвестициялар 5,2 пайызға ұлғайып, 4,1 млрд теңгені құрады (2019 жылы - 4,09 млрд теңге).

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы өсуінің негізгі драйверлерінің бірі фармацевтика (47%) болды.


Соңғы жаңалықтар