Қазақстанның Еуразиялық ірі көліктік-логистикалық хабқа айналуға толық мүмкіндігі бар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Президенттің жолдауында айтылған басты міндет - Қазақстанды Еуразияның ірі көліктік-логистикалық хабына айналдыру - қолжетімді мақсат. Бұл туралы ойын Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин айтты.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстанның бұған қарымы да, мүмкіндігі жетеді.

«Жолдаудың негізгі тақырыбы көліктік-транзиттік потенциалды дамыту болып отыр. Бұл біздің экономикамыздағы бұрындары белгісіз болып келген тың мүмкіндіктерінің ашылуын қамтамасыз етеді. Процестің катализаторы ұзындығы 1200 км болатын Бейнеу-Жезқазған магистралі болмақ. Біз осындай алып инфрақұрылымға жан бітірген бірегей мемлекетпіз», - деді ол.

Сарапшының айтуынша, жоба аталған транспорттық дәліз арқылы жүк тасымалының 40 пайызға артуын қамтамасыз етпек. Достық кеден постынан Ақтауға дейін тауар жеткізілімі 700 шақырымға дейін қысқарады. Сондай-ақ, келесі жылы Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізі пайдалануға берілетінін де айта кету керек.

Сондай-ақ, желтоқсанда ұзындығы 800 км болатын Қазақстан, Түркменстан, Иран магистралінің ашылуы көзделіп отыр. Ең оптимистік болжамдарға сүйенсек, бұл жоба Ақтау теңіз портының жаңғыртылуымен бірге тауар транзитін 40 млн теңгеге дейін арттырады.

«Президент Жолдауы стратегиялық тұрғыдан өте маңызды құжат. Осы уақытқа дейін біздегі қатынас жолдары оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталған болатын. Бір жақты. Вертикальді. Бірінші рет бізде өзіміздің ұлттық экономикамыздың мүддесінен туындайтын транспорттық жобалар - Бейнеу-Жезқазған, Иранға шығатын транспорттық дәліз құру арқылы елімізді көлденең батысы мен шығысын, орталықты бір-бірімен байланыстыратын боламыз. Бұл еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосады», - деді Е.Қарин.

Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2020 жылға қарай Еуропа мен Қытай арасындағы тауар айналымы ең аз дегенде 800 млрд. долларға жетуі ықтимал. Ал ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов өзара тауар айналымы 1 трлн. долларға жетуі мүмкін деген пікір айтқан болатын.

«Екі ірі нарықтың арасында ірі тауар айналымы біздің жолдар арқылы өтсе, құба құп. Ол үшін біз сервистік қызмет көрсетудің қуатты жүйесін құруымыз керек. Елбасының негізгі мақсаты Қазақстанды Еуразиялық ірі көліктік-логистикалық хабқа айнадылдыру. Қазір жүзеге асқан жобалар мен жоспарланған дүниелерімізді ескере отырып, бұл мақсатқа жетуге болатынын түсініп отырмыз», - деп қорытындылады сөзін саясаттанушы.

Соңғы жаңалықтар