Қазақстанның ет экспортына қауіп төніп тұр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ет экспортына қауіп төніп тұр. Отандық ет саласының кәсіпорындары үш ай бойы Ресейге өздерінің өнімдерін өткізе алмаған. Салдарынан қазақстандық кәсіпкерлер үш миллиард теңгеге жуық табысынан қағылды.

Бұл туралы бүгін «Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің төрағасы Мақсұт Бақтыбаев кезектен тыс съезде мәлім етті.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың мамыр айынан бері Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарындағы малдың пастереллезден қырылу салдарынан Ресей тарапы елімізден әкелінетін ет пен ет өнімдеріне шектеу салған. Бұндай шектеуден отандық экспорттушылар 3 миллиард теңгеге жуық ықтимал табысынан айырылып отыр. Бұдан бөлек, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы сібір жарасына қатысты фактілер жағдайды ушықтыра түсіпті. 

«Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы жайылымдар, мал басының өсіміне қатысты басымдықтары ескеріле келе, жақын аралықта Ресей мен Қытайға миллиардтаған доллар өнімдер экспортталады деп жоспарланған. Ірі қара мал басын асылдандыру, осы бағыттағы экспорттық әлеуетті арттыру қолға алынды. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 12 мыңға тарта ұсақ және шағын шаруашылықтар жеңілдетілген субсидиялар алып, мал басын өсірді. Алайда, ағымдағы оқиғалар жағдайды ушықтырып жіберді. Біз осыны ескере келе, мемлекеттен ветеринарлық бақылауды күшейтуді сұраймыз», - деді одақ басшысы М. Бақтыбаев. 

Бұл ретте Қазақстанның ет одағы жайылымдағы малды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді ұсынады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың базарлардағы ветеринарлық бақылауға, мал сою алаңдарын тексеруге қатысты ережені сақтау бойынша жауапкершілігін арттыру ұсынылады.

«Қазақстанның ішкі нарығы 100 пайызға етпен қамтамасыз етілген. Сондықтан да экспорттық әлеуетті арттыру үшін біз «Сыбаға» арқылы қаражат құя бастадық. Ендеше, біздің қаражаттың қайтарылымы да осы экспорттың жандануына тікелей байланысты. Егер экспорт болмай, нарық шығынды болса, біздің кәсіпорындарымыз да қарызға батады, төлем қабілеттілігі төмендейді. Сондықтан да мемлекет экспорттың ашылуына баса назар аударса игі. Өйткені, қазақстандық ет пен ет өнімдеріне Ресей, Қытай, Иран және Парсы шығанағының үлкен сұранысы өсіп келеді», - деді М. Бақтыбаев.

Соңғы жаңалықтар