Қазақстанның энергия өндіруші компаниялары шекті тарифті өзгертпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары шекті тарифті түзетуге өтінім берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның электр энергетикасы саласында қолданыстағы активтерді жаңарту талап етіледі. 2019 жылы енгізілген электр қуаты нарығының арқасында станциялардың активтері жаңартыла бастады. Алайда, болжамды бағалаулар бойынша электр қуаты нарығынан алынған кірістер станциялардағы өзінің парктік ресурсын пайдаланып болған жабдықтарды толыққанды жаңартуға және жаңғыртуға мүмкіндік бермейді», - деп мәлім етті ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен.

Станциялардың тозу деңгейі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұл электрмен жабдықтау сапасына да қауіп төндіретін болады.

Энергия өндіруші ұйымдардың (ЭӨҰ) шекті тарифтерінің қазіргі деңгейі ЭӨҰ шығындарын толық жаппайды. Сондықтан станциялар электр қуаты нарығынан түсетін кірістің бір бөлігін ағымдағы шығындарды жабу үшін жұмсауға мәжбүр.

«Жабдықтардың шамамен 60% ескірген. Бұл факт электр қуатының жиі авариялық істен шығуы, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуі жағдайларымен және Қазақстанның біртұтас электр энергетикасы жүйесінің көрші елдерге тәуелділігі қаупінің ұлғаюымен расталады.

2019 жылы қуаттардың ескіруіне, маневрлеудің жеткіліксіздігіне және көптеген авариялық жағдайларға байланысты Қазақстан 8 млрд теңгеден астам сомаға электр қуатын реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметті амалсыздан көрші елдерден сатып алды. Бұл, ақырында, қазақстандықтардың тарифіне теріс әсер етті», - дейді министрліктен.

Мәлім етілгендей, осындай жағдай одан әрі сақталса, Қазақстанның энергетика саласында станцияларды реконструкциялау, жаңғырту және жаңарту үшін пайдаланылуы мүмкін ақша қаражаты да көрші елдерге кететін болады.

«ЭӨҰ шекті тарифтері өзгерген кезде, статистикалық орта пәтерлер бойынша (электр плитасы бар пәтерлерді есептемегенде, тұтыну көлемі айына орта есеппен 170-220 кВтсағ болатын екі-үш бөлмелі пәтерлер) түпкілікті тұтынушылар үшін электр энергиясын төлеуге арналған орташа чек төртінші тоқсаннан ерте емес мерзімде ағымдағы шоттарға айына 200 теңгеден аспайтын мөлшерге ұлғаюы мүмкін.

Өз кезегінде, электр станцияларын жаңғыртуға арналған инвестиция шамасын толық пайдалану мүмкіндігі сақталады, ол ағымдағы жылы 70 млрд. астам теңгені құрауы тиіс.

Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының бағасы жеткізуші мен тұтынушы, соның ішінде энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы шартқа сәйкес белгіленеді. Бірақ ол мемлекеттік орган белгілеген шекті тарифтен жоғары болмайды», - деді ведомстводан.

Электр энергиясына арналған тарифтер Заңға сәйкес 7 жылға белгіленеді. Бұл ретте, жыл сайын электр станцияларында электр энергиясын өндіру шығындарының өсуі байқалады. Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіру шығындары нақты ұлғайған жағдайда, ЭӨҰ уәкілетті органға шекті тарифті түзетуге өтінім беруге құқылы.

2020 жылдың басынан бастап ЭӨҰ-ға байланысты емес шығындар ұлғайды. Атап айтқанда, отынды (9,9%-ға өсім), жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын сатып алу бойынша (ЖЭК тарифінің 9,3%-ға ұлғаюы, ЖЭК электр энергиясын міндетті түрде сатып алу көлемі екі есеге артты); бюджетке міндетті төлемдер (айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты ұлғайту); жүйелік оператордың реттеліп көрсетілетін қызметтері (12%-ға өсім) бойынша шығындар ұлғайды.


Соңғы жаңалықтар