Қазақстанның энергетикалық балансы: электр қуатының тапшылығы және одан құтылу жолы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы туындайтынын айтты. Дегенмен, қазір де елде электр қуатының жетіспеушілігі сезіледі. ҚазАқпарат агенттігі оның неден пайда болғанын және елдегі энергетика балансына қалай қол жеткізуге болатынына шолу ұсынады.

Электр энергиясының жетіспеушілігі неден пайда болды?

Қазіргі уақытта елімізде 1,3 ГВт көлемінде электр энергиясының тапшылығы бар. Ал, биыл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш байқалды: тұтыну көлемі 1,5-2%-дан рекордтық 7%-ға өсті және бұл табиғи өсім ретінде бағаланады. Электр энергиясы саласындағы сарапшы Жақып Хайрушев мұндай жағдайдың бір-ақ сәтте қалыптаспағанын айтады.

«Қазір байқалып отырған тапшылық өткен жылы, жазға таман пайда болды. Жылыту маусымынан кейін бұл қалыпты жағдай еді. Бірақ, энергетика жүйесінің қамтамасыз етушілері бұған баса мән берді. Мұндай тапшылық бір-ақ сәтте пайда болмайды, жылдар бойы қалыптасады. Бізде электр қуатын тұтыну күрт көбейген. Бұл - біздің энергожүйеміз үшін өте көп көлем. Табиғи өсім кезінде тұтыну бұлай көбеймейді», - дейді сарапшы.

Оның пікірінше, электр энергиясы тапшылығының екі негізгі себебі бар, оның біріншісі – энергетика жүйесінің әбден тозуы, екіншісі – елде «сұр» майнерлердің көптеп пайда болуы.

Энергетика нысандары 65-83% тозған

Қазақстанда электр энергиясын өндіруді түрлі меншік нысанындағы 158 станция жүргізеді. 1996 жылдан бастап «KEGOC» электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компаниясы» АҚ бірыңғай жүйелік оператор болып белгіленді.

Кестеде электр энергиясын өндіретін жетекші компаниялар көрсетілген.

Наурыздың соңғы он күнінде екі ЖЭО-да – Петропавл мен Степногор қалаларында үш ауыр апат болды. Мұндай апаттар қайталануы да мүмкін. Қазақстанның барлық энергетикалық инфрақұрылымы Кеңес Одағынан «мұраға қалған». Мысалы, бір аптада екі апат болған Петропавл ЖЭО-2 1961 жылы іске қосылған. Елдің басқа да ірі энергетикалық объектілері осы кезеңде салынды.

Тәуелсіздік жылдарында барлық нысандарда күрделі жөндеу мен жаңарту жүргізілген жоқ. Бұл уақыт пен ақша шығындарын талап етеді. Тұтас энергетика жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігіне нұқсан келтірмеу үшін нысандарды кезекпен істен шығару керек.

Қаржылай шығындарға келсек, жылдар бойы электр энергиясының тарифтері тіпті тиімді болған жоқ. Онда жаңа құрылысқа және нысандарды жаңартуға арналған сомалар жоқ, ал басқа елдерде ТКШ тарифтері әрбір отбасы бюджетінің елеулі үлесін құрайды.

Соңғы 7-8 жылда энергетика нысандарын толық жаңарту жүргізілмегендіктен, елде жабдықтар мен активтердің тозуы аса жоғары деңгейде байқалды. Атап айтқанда, генерациялайтын жабдық орта есеппен 65%, электр желілері – 83%, жылу желілері – 80% тозған.

Өткен жылы электр энергиясын тұтыну көлемі күрт өскен

Электр энергиясын тұтыну жыл сайын 1,5-2%-ға өседі. Онымен бірге, электр энергиясын өндіру де өсті.

«1990 жылдардан бастап энергия тұтыну көлемі тұрақты түрде жылына 1,5-2% өсіп отырған. Энергетика жүйесі де тұтынумен бір қатарда 1,5-2%-ға өсті. Бүкіл экономикада өсім болғандықтан, біз оны байқамадық. Бірақ өткен жылы бірден 7-8%-ға өсім болғанда, әрине бұл қатты сезілді», - деді сарапшы.

Энергетика жүйесіне «сұр» майнерлерден келетін қауіп

Электр қуаты жетіспеушілігінің екінші себебі – елде «сұр» майнерлердің көптеп пайда болуы. Қазақстан майнинг бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұр.

Ең алдымен, майнерлердің кім екенін түсіну керек. Майнинг – интернеттен жүктеу арқылы криптовалюта өндіру. Сарапшылардың пікірінше, криптовалюталарды, биткоиндерді өндіру, атап айтқанда сандарды санау арқылы жүреді, олардың әрқайсысы үшін «хэш» есептеледі (оны деректердің тұтастығын тексеру үшін де қолданады, мысалы желіден жүктеу кезінде). Егер хэш берілген үлгіге сәйкес келсе, айталық алдында көп нөл болады, содан кейін криптовалютаның жаңа бірлігі шығарылады, дәлірек айтқанда өндіріледі.

Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, майнинг жаман құбылыс емес. Оның көмегімен Қазақстан ақша да таба алады. Алайда, соңғы уақытта, бейресми немесе «сұр» майнерлер саны барлық нормадан асып кеткен.

«Сонымен бірге, электр қуаты жетіспеушілігінің тағы бір себебі – тау-кен өндірісін бірінші орынға қойған бірқатар компаниялар болып отыр. Қазақстанның бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің жүйелік операторы майнерлерге жұмыс істеуге тек 400-500 МВт рұқсат берді. Алайда, елімізде «сұр» кеншілер өте көп пайда болды, олардың рекордты 2000 МВт көрсеткіші – он Батыс Қазақстан облысының тұтыну көлеміне тең», - дейді маман.

Өз сөзінде спикер «сұр» майнерлер ферманың энергия өндіруші ұйымдарына заңсыз қосылғанын айтып берді.

«Мысалы, ЖЭО орналасқан жерді қарайық, оның артында қандай да бір картон-қағаз тәрізді немесе кірпіш зауыты тұр. Олар үлкен көлемде өнім шығаруды қойған, бірақ жабдықтарын сақтап, шартты түрде 5 МВт тұтынып, 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Содан кейін оларға «сұр» майнерлер келіп ұсыныс жасайды: біз сізге өз аппараттарымызды қоямыз, ал тұтыну 5 МВт емес, 50 болады. Сіз неміс технологиясымен жаңа өндіріс желісін аштым деп айтыңыз, оның орнына біз «криптовалюта» өндіреміз дейді. Осылайша, «сұр» кеншілер еш жерде салық төлемей, еш жерде өз қызметін жарияламай табыс табады», - деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, елдегі электр станцияларының жағдайы мәз емес. Ал, оларға қомақты қаражат ұсынылып, бірнеше айға алдын ала төленген кезде, материал алып, кейбір жөндеу жұмыстарын жүргізер еді. Бірақ, күрделі жөндеу үшін жұмысын тоқтата алмады. Нәтижесінде, мұндай «сұр» кеншілер 2000 МВт электр энергиясын алған.

«Біздің жүйелік оператор қыста кемінде 2000 МВт резервте болатындай етіп өз жұмысын жоспарлайды. Өйткені, олар жүйенің қатты тозғанын, энергетикалық жабдықтар бірінен соң бірі істен шығуы мүмкін екенін жақсы біледі. Осы 2000 МВт істен шығатын нысандардың орнын басуы тиіс еді. Ал, «сұр» майнерлер 2000 МВт-қа дейін энергия алғандықтан, бүкіл қыс бойы қазақстандық энергожүйе резервсіз жұмыс істеді. Бұл - өте қауіпті. Қыстың басында да бірнеше қалалар мен аудандар өшірілгенде қосылатын резервтер болмады. Сонда Президент осы майнерлер ісін реттеу туралы қатаң тапсырма берді. Содан кейін 50 майнер өз еркімен кетіп, 51 компания «сұр» майнер ретінде анықталды, онда жоғары лауазымды тұлғалар да болған», - деді Жақып Хайрушев.

Демек, шын мәнінде, «сұр» майнерлер Қазақстанның тұтас энергетикалық жүйесінің қуатына қауіп төндіруі мүмкін.

Жылдан-жылға артып келе жатқан тапшылық нысандардың тозуы мен «сұр» цифрлық майнерлердің қызметіне ғана байланысты емес. Елде халық саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр, тиісінше электр энергиясын тұтынушылар саны да өсіп келеді. Өнеркәсіптік дамуда да тұтынудың едәуір өсуі байқалады, ал әр жаңа кәсіпорын - жұмыс орындарының саны мен бюджетке салық түсімдерінің мөлшерін ғана емес, электр энергиясын, суды және басқасын тұтынуды да арттырады.

Жүйені жаңғырту жұмыстары

Мемлекет жыл сайын жаңа кәсіпорындар мен тұрғын үй алаптарына инженерлік желілерді жүргізе отырып, инфрақұрылымды дамытуға миллиардтаған соманы инвестициялайды. Бірақ, елдің барлық энергетикалық қуатын бір уақытта жаңарту мүмкін емес және бұл тек қаржылық шығындардың тым көп болуына байланысты емес. Ірі нысандарды жаңарту ұзақ уақытты қажет етеді және негізгі қуаттылықты ауыстыру үшін кәсіпорындар тоқтайды.

Қазақстанның энергожүйесін толық жаңартуға қанша уақыт кететінін айту қиын, өйткені әрбір компанияның өз жабдығы мен тозу дәрежесі әртүрлі. Бірақ, компанияларды қалыпты күйге келтіру үшін бұрын тиімсіз болған тарифтерді көтеру қажет. Онда қайта құру мен жаңғыртуға арналған сомалар қарастырылмаған.

Сарапшылардың бағалауына сәйкес, энергия тапшылығын жою үшін 2035 жылға қарай 17,5 ГВт-қа дейін жаңа өндіруші қуаттарды іске қосу талап етіледі. Бірақ, цифрлық технологияларды қарқынды енгізу, көлікті электрлендіру, индустрияландыру және басқа жағдайда жаңа қуаттарға деген қажеттілік жоғары болуы мүмкін.

Балама нұсқалар бар ма?

Президент 2021 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына көшу міндетін қойды. Қазіргі жағдайды ескерсек, энергетика жүйесінің тозуы барлық нормалардан асып, жаңару ұзақ уақытты алатын болғандықтан, ел басшылығы балама жолдарды іздеуге және басқа энергия көздеріне жүгінуге мәжбүр. Дегенмен, олардың барлығының оң және теріс жақтары бар.

Жүйелік оператордың деректері бойынша, 2022 жылдың ақпан айында Қазақстанда 137 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істеген. Сондай-ақ, ЖЭК-тің мынадай жаңа объектілері енгізілді:

- «ПФ ЭлектроСетьСтрой» ЖШС Торғай жел электр станциясы;

- Талдықорған торабы нетто-тұтынушысының күн электр станциясы;

- Түркістан облысы нетто-тұтынушысының күн электр станциясы.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 290,6 МВт болатын тағы 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жақып Хайрушев ЖЭК-тің жақсы балама және оны дамытумен айналысу керек екенін айтты. Алайда, ол ауа райына тәуелді болғандықтан, тұрақты бола алмайды.

ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығы Қазақстанға не береді?

2025 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын құру жоспарланып отыр. Ол Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау арқылы құрылады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ішкі тұтынушыларын электр қуатымен қамтамасыз етуді ескеріп, қатар жұмыс істейтін жүйелер негізінде одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын кезең-кезеңімен қалыптастырады.

«ЕАЭО ортақ электр энергетикалық нарығы бізге не береді? Нақты Қазақстанға ол энергиямен жабдықтаудың сенімділігі тұрғысынан пайдалы болады. Қазір бізде айтарлықтай профицит жоқ болғандықтан, одан ақша таба алмаймыз. Біз электр энергиясын, мысалы Қырғызстанға, Арменияға немесе Беларуське сата алмаймыз. Егер бізде бос энергия болса, тарифтердің біріздендірілуіне қарамастан, қызықты болар еді», - деген пікір білдірді энергетик.

Электр энергиясы тапшылығынан қалай құтылуға болады?

Сөзсіз, елдің энергетика жүйесінде сапалы құрылымдық өзгерістер болмаса, Қазақстан ауқымды энергетикалық апатқа тап болуы мүмкін. Өйткені, елдің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты. Өткен жылдың өзінде Қазақстан елдің оңтүстігі мен батысында желі кедергілерімен күрделі энергетикалық дағдарысқа тап болды. 2021 жылғы 1 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «сұр» майнерлермен жұмыс істеуді тапсырды. Ал, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Үкіметке 2035 жылға дейін елдің энергетикалық балансын әзірлеу міндетін жүктеді.

Биылғы ақпан айында Президент еліміздің электр энергиясымен жабдықтау жүйесі үнемі іркілістерге ұшырағанын атап өтті.

«Оның ең басты мысалы – елдің оңтүстігінде электр қуатының өшуі. Біз шекаралас мемлекеттердің энергия жүйелерінің жұмыс сапасына ішінара тәуелдіміз. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі проблемаларын шұғыл шешу қажет. Неліктен жауапты тұлғалар АЭС құрылысы туралы сұрақтарға жауап беруден дипломатиялық түрде қашқақтайтынын түсінбеймін?! Ал, таза атом энергиясынсыз біз инвестициялар туралы айтпағанда, бүкіл экономикамызды жоғалтып аламыз. Өңірлік көшбасшылықты жоғалтамыз. Бізге таза атом электр энергиясы қажет», - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент экономикалық жағдайдан хабары жоқ популистердің жетегіне еруге болмайтынын айтты. Атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіру қажет.

Бейбіт атомды пайдалану, АЭС салу және ядролық жарылыстар туралы халықтың қорқынышы түсініктің таяздығымен байланысты, ал басқа елдерде атом энергетикасын қолдану тәжірибесі еш наразылықсыз жүріп жатыр.

«АЭС жұмыс істейтін елдерде негізінен еш наразылық болған емес. Адамдар көп жағдайда егер АЭС тоқтатылса, онда жайлылық та жоғалады деп түсінеді. Әдетте, АЭС жұмыс істейтін жерде бағалар тұрақты және электр энергиясымен жабдықтауда қауіп болмайды. Ал біз бұл мәселені әлі де талқылап келеміз», - дейді сарапшы.

Жақып Хайрушев атап өткендей, АЭС жобалау біраз уақытты алады, сондықтан жыл соңына дейін жоба мен жобалық-сметалық құжаттама дайын болуы үшін жұмыстарды қазірден бастау қажет.


Соңғы жаңалықтар