Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Рымкеш Жұмаділова дүниеден өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ өнері орны толмас қазаға ұшырады. Қазақ операсының майталманы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық әні кафедрасының оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымкеш Әлжанқызы Жұмаділова дүниеден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рымкеш Жұмаділова замана бұлбұлы Күләш Байсейітова туған топырақта, яғни Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты Қараменді ауылында 1957 жылы дүниеге келді.

Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаевтың шәкірті еді.

Рымкеш Әлжанқызының консерваторияны бітірген соң бірден Абай атындағы опера және балет театрына орналасты. Бұл жас әншіге үлкен жауапкершілік артты. Өмірінің отыз жылын қазақ операсына арнап, небір сахна шеберлерімен қатар жүріп сахнада шеберлігін шыңдаған ол опера және концерттік солисі қызмет атқарды. 

Рымкеш Жұмаділова Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» - Ақжүніс, «Қыз Жібек» операсында - Батсай, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» - Сара мен Алтынай, Базарбай Жұманиязовтың «Махамбетінде» - Зылиха, Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың «Абайында» - Ажар, Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері - Ақтоқтысында» - Ақтоқты, Еркеғали Рахмадиевтың «Абылайханында» - Күлпаш, Жорж Бизенің «Карменінде» - Микаэланың, Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсында - Лиудың, Джузеппе Вердидің «Аида» операсындағы - Жрица  рольдерін шебер сомдады. Ұлылардың дәстүрін жалғастырып, әлемдік және ұлттық классиканың қайталанбас кейіпкерлер галереясын жасады. 

Рымкеш Жұмаділова осы өнерінің арқасында опера ұжымымен Түркия, Қытай, Балтық жағалауларына барып өнер көрсетті. Қазақтың Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен  Кеңестер Одағының, сондай-ақ қазақ жерін армансыз аралап, өз өнерін паш етіп, сандуғаштай сайрады, ел құрметіне бөленді.

Рымкеш Жұмаділованың Қазақ радиосының әуе толқынынан жиі берілетін халықтың «Ахау керім», «Гүлдерайым», «Маусымжан», Сегіз серінің «Гауһар тас», Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Манарбек Ержановтың «Қуанамын», Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала», Нұрғиса Тілендиевтің  «Ақ шағала», Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әндері, сондай-ақ қазақ, орыс және шетел романстары туған халқының көңіліне шуақ сыйлай білді.

Әнші 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті  атағына ие болды.

Рымкеш Жұмаділова Күләш Байсейітова атындағы Республикалық  ән байқауының және Бакуде өткен Халықаралық Глинка атындағы әншілер байқауының лауреаты.

 

Соңғы жаңалықтар