Қазақстанның еңбек сiңірген әртісі Өмірсерік Қалиұлы дүниеден озды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Қазақ өнері орны толмас қазаға ұшырады. 71 жасқа қараған шағында ҚР еңбек сіңірген әртісі, "Парасат" орденінің иегері, қазақ театр өнерінің тарланы Өмірсерік Қалиұлы қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марқұммен қоштасу рәсімі Талдықорғанда 17 қыркүйек күні  сағат 10.00-де Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында өтеді.

Қалиұлы Өмірсерік  1947 жылы 1 мамыр күні, Алматы облысы Ақсу ауданы Басқан ауылында (Жаңалық ауылының Күлемжарған жерінде) дүниеге келген.

1970-74 жылдары Алматыдағы Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факультетінің актерлік бөлімін бітірген.1975 жылдан бастап Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында  күні бүгінге дейін актер  болып қызмет етті. Осы жылдарда 80-нен астан бейнелерді сомдаған тәжірибелі актер. Атап айтқанда, М.Әуезов «Абай» - Абай, «Қаракөз» - Асан, «Түнгi сарын» - Тәнеке, «Мен бiр партия, сен бiр...» - Есiмбек, «Еңлiк - Кебек» - Еспенбет. Ғ.Мүсiрепов «Ақан серi - Ақтоқты» - Балуан, «Қыз Жiбек» - Бекежан, «Ұлпан» - Артықбай, Б.Майлин «Шұға» - Есiмбек, I.Жансүгiров «Исатай -Махамбет» - Малдыбай, Б.Тоғысбаев «Ақын Сара» - Арай болыс, Д.Исабеков «Кiшкентай ауыл» - Ормантай, А.Шамкеновтің "Уәкілдеріндегі" - Қордабай, Т.Есімжановтың "Жолда қалған жолаушысындағы" - Бөксебай, Т.Қалилахановтың « Абылай аманатындағы « Қабанбай, "Тордағы тотысындағы" - Мүсәпір батыр.Т.Әліпбайдың "Қанды ғасырындағы" -Уәгей, "Соңғы бетпе-бетіндегі"- Ахмет, "О, Аттила,Аттиласындағы" - Рим папасы, К.Әбдірахмановтың "Қабанбайындағы" - Шақалақ және басқа да көптеген қойылымдарда түрлі образдарды сомдаған талантты тұлға.

Бірнеше рет Республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты,1992 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағы, 2000 жылы «Парасат» орденімен наградталған.

Соңғы жаңалықтар