Қазақстанның ең үздік әнші-полицейі анықталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай полицейлері Петропавл қаласында өткен «Әр жүректе - туған жер» республикалық арт фестивалінде үздік атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тәртіп сақшыларының квартеті патриоттық тақырыпта попурри орындады. Квартет құрамында Қамысты аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкері, полиция сержанты Ерлік Сұрағанов та бар. Ол өзінің әншілік қабілеті туралы айтып берді.

«Мен мектеп қабырғасынан ән айтамын. Кәсіби әнші болмасам да, бұл өнер маған полиция қызметінде пайдалы болды. Қызметке келгенімде Қарағанды қаласында өткен аймақтық конкурсқа қатысу үшін топ құрамына іріктеуден өттім», - дейді Е. Сұрағанов.

Квартеттің басқа қатысушысы – Қостанай ауданы полиция бөлімінің ювеналды полиция учаскелік инспекторы полиция аға лейтенанты Аманат Кәкімжанов 2015 жылы ІІМ-де өткен республикалық патриоттық ән байқауына іріктеу үшін облыстық конкурсқа қатысқан. Онда ол «Туған жер» әнін орындап, жеңімпаз атанған болатын. Содан кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концертте өнер көрсетті. Биыл тағы да облыстық арт фестиваліне қатысып, жеңімпаз атанды.

Оңтүстік полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы капитан Ержан Әуезбековтің сөзінше, бұл байқауға еліміздің барлық облыстарынан 20-дан астам команда қатысты. Әуесқой әншілер патриоттық әндерді шырқады.

«Байқау өте ауқымды өтті, біз ең күрделі бағытты таңдадық. Командалық жұмыс пен дирижер Татьяна Ивлева құрған хордың әдемі үйлесімінің арқасында аймақтық және республикалық конкурста бірінші орынға ие болдық. Орыс және қазақ тілдерінде алты әннен попурри ұсындық. Мұнда Абай әндері, Отан туралы патриоттық әндер шырқалды»,-дейді квартет мүшесі, Әулиекөл ауданы полиция бөлімінің кадр саясаты бөлмшесінің аға инспекторы Динара Шакеева.

Соңғы жаңалықтар