Қазақстанның ең сұлу аруы Айдай Исаева «Мисс Әлем-2014» байқауына қызу дайындалуда - ФОТО

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - "Мисс Қазақстан-2013" Айдай Исаева "Мисс Әлем-2014" байқауына арналған фотосессияға қатысты.

Қазір Айдай 25 қаңтарда Майамиде (АҚШ) өтетін сұлулық байқауларының біріне қатысуға қызу дайындалып жатыр. Оның фотосуреттері «Әлем аруы» ресми сайтында жарияланады. Маңызды жұмысты Қазақстанның танымал фотографтарының бірі Данил Олейник қолға алды.

Бір сағатқа жуық созылған фотосессия барысында "Қазақстан аруы" үш киім ауыстырды. Атап айтсақ, Sherri Hill ұсынған салтанатты кешкі көйлек, іскерлік және күнделікті киім үлгілерін киді.

25 жастағы Айдай Исаева Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Қазіргі таңда ол Алматы қалалық №1 емханада отбасылық дәрігер болып қызмет етеді.

Байқауға байланысты емхана басшылығы бойжеткенді жұмыстан босатып, 3 айға ақысыз демалысқа шығарды.

«Басшылығым маған түсіністікпен қарап, жұмыстан босатып отыр. Қазір уақытым фитнес залдарда, ағылшын тілінен курстарда өтіп жатыр. Бос уақытымда телеарналарға сұхбат беріп, түрлі мәдени шараларға қатысамын», - деді Айдай Исаева.

Қазақстан аруы алдына келген адамдардың көпшілігі оны танымай жататынын айтады. Себебі, отбасылық дәрігер көбінесе қариялар мен жас сәбилерді қабылдайды.

Желтоқсан айына дейін келісімшартқа қол қойылғандықтан Айдай отбасын құруды жоспарлап жүрген жоқ.

Соңғы жаңалықтар