Қазақстанның ең мықты боксшы қыздары анықталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында әйелдер боксынан Қазақстанның V спартакиадасы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық олимпиада комитетінен түскен мәліметке қарағанда, бүгін финалдық бәсекелер қорытындысында барлық салмақтар бойынша жеңімпаздар белгілі болды.


48 кг салмақта жамбылдық Алуа Балқыбекова чемпион атанды. Оның финалдағы қарсыласы, Алматы облысының өкілі Анель Құдайберген рингке шығудан бас тартты.

51 кг салмақта Назым Қызайбай мен Жайна Шекербекова жұдырықтасты. Мұнда екі мәрте әлем чемпионы Н.Қызайбай жеңіске жетті.


54 кг салмақта ақмолалық Дина Жоламан чемпион атанды. Ол осымен жастар арасында екі рет, ересектер арасында жеті мәрте үздік шығып отыр.

57 кг салмақта қарағандылық Айжан Қожабекова мықтылығын танытты. Финалда ол тәжірибелі боксшы, ұлттық құрама мүшесі Сәния Сұлтанқызын жеңді.


60 кг салмақта елордалық Римма Волосенко Карина Ибрагимованы тізе бүктірді.

64 кг салмақта қарағандылық Милана Сафронованың бағы жанды.

Жарақатынан кейін рингке шыққан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, алматылық Дариға Шәкімова өзін жаңа салмақта - 69 келіде сынап көрді. Бұл салмақта да ол қарсылас шыдатпаған ол өзінің маңдайалды боксшы екендігін дәлелдеді. Жаңа ережеге сәйкес бұл салмақ дәрежесі де олимпиада бағдарламасына еніп отыр.


75 келіде қызылордалық Ақерке Бақытжан, 81 келіде шымкенттік Фариза Шолтай жеңімпаз атанды.

Ең тосын нәтиже 81 кг астам салмақта тіркелді. 19 жасар түркістандық Дина Исламбекова әлем чемпионы, еліміздің тоғыз дүркін жеңімпазы Ләззат Күнгейбаеваны сан соқтырып кетті.

Жуырда ел құрамасының тізгінін Ерік Алғабек ұстағаны белгілі.

«Жалпы алғанда, жаңа есімдер көп емес. Бұрыннан танымал спортшылар жеңіске жетті. Соңғы Азия чемпионатындағы нәтиже көңілден шыққан жоқ. Енді көрсеткіштерді жақсарту үшін жұмыс істейміз. Алдағы әлем чемпионатында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін мықты дайындық керек. Спартакиаданың финалына өткен спортшылар автоматты түрде ұлттық құрамаға қабылданады. Қосалқы құрамды да ұмытпаймыз. Жастар құрамасынан Жансая Әбдірайымова, Дина Исламбекова сынды жақсы спортшылар келді. Осы екеуінің жұдырықтасу мәнері ұнады, енді ұлттық құрамада сынап көреміз. Дайындық барысында командада біраз өзгеріс болары анық», - деді бас бапкер Ерік Алғабек.


Сонымен, спартакиаданың жеңімпаз-жүлдегерлері мыналар:

48 кг

1. Алуа Балқыбекова (Жамбыл облысы)

2. Анель Құдайберген (Алматы обл.)

3. Арайлым Майасар (Алматы) мен Толғанай Жұлдызбек (Нұр-Сұлтан)

51 кг

1. Назым Қызайбай (Алматы)

2. Жайна Шекербекова (Шымкент)

3. Ангелина Лукас (Түркістан) мен Жансая Абдраимова (Жамбыл)

54 кг

1. Дина Жоламан (Ақмола)

2. Аида Тұяқбай (Шымкент)

3. Әйгерім Ошақбай (Жамбыл) мен Балауса Мұздиман (Алматы обл.)

57 кг

1. Айжан Қожабекова (Қарағанды)

2. Сәния Сұлтанқызы (Нұр-Сұлтан)

3. Владислава Кухта (Қостанай) мен Дәметкен Келімбет (Қызылорда)

60 кг

1. Римма Волосенко (Нұр-Сұлтан)

2. Карина Ибрагимова (Ақмола)

3. Лилия Муразымова (Қостанай) мен Арайлым Қамарова (Атырау)

64 кг

1. Милана Сафронова (Қарағанды)

2. Мәдина Нұршаева (Шымкент)

3. Жансая Балтабекова (Ақмола) мен Сандуғаш Әбілхан (Жамбыл)

69 кг

1. Дариға Шәкімова (Алматы)

2. Баян Ақбаева (Алматы обл.)

3. Таңшолпан Әлиева (Қызылорда) мен Марина Вольнова (Нұр-Сұлтан)

75 кг

1. Ақерке Бақытжан (Қызылорда)

2. Арайлым Бегділдә (Жамбыл)

3. Гөзал Садықова (Алматы обл.) мен Надежда Рябец (Қостанай)

81 кг

1. Фариза Шолтай (Шымкент)

2. Мөлдір Базарбаева (Ақмола)

3. Алтын Мұқышпекова (Нұр-Сұлтан) мен Аида Оңдаш (Қызылорда)

+ 81 кг

1. Дина Исламбекова (Түркістан)

2. Ләззат Күнгейбаева (Нұр-Сұлтан)

3. Оксана Свиридова (Қарағанды) мен Үмида Садықова (Алматы).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан әйелдер құрамасына жаңа бапкер тағайындалғанын жазған болатынбыз.

Бес жылдан соң шаршы алаңға қайта оралған Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова 69 келіде үшінші орынға ілікті.

Соңғы жаңалықтар