Қазақстанның ең алғашқы Олимпиада алтыны Ослодағы көрмеге қойылды

None
None
ОСЛО. ҚазАқпарат - Қазақстанның Олимпиадада жеңіп алған алғашқы алтыны Ослодағы көрмеге қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Норвегиядағы Қазақстан елшілігіне сілтеме жасап.

Аты аңызға айналған үш спортшы - Стен Стенсен, Вегард Ульванг және Владимир Смирнов Ослодағы Холменколлен тау шаңғысы мұражайында «Қазақстан-Норвегия: спорт дипломатиясы» атты көрменің ашылуына қатысты.

1970 жылдары «Медеу» мұз айдынында бірнеше әлемдік рекорд қойған норвегиялық конькиші Стэн Стенсен «менің спорт мансабымда Медеу мен Алматының орны ерекше» деп атап өтті.

Олимпиада ойындарында алыс қашықтықта шаңғы тебуден бақталастар - Вегард Ульванг (Норвегия) пен Владимир Смирнов (Қазақстан) спорт, достық және мәдениетаралық байланысқа қатысты пікір білдірді.

«Спортшы ретінде бастан кешірген көптеген ауыр жарыстар мен бәсекеге қарамастан, достығымыз одан әрі нығая түсуде», - деді В. Ульванг.

Норвегияда «Смирре» деген лақап атпен белгілі Владимир Смирнов:

«Мен спортқа арналған осынау көрмеге қатысқаныма қуаныштымын. Қазіргі жастардың көпшілігі Қазақстан туралы көп біле бермегендіктен, осындай шаралар бұл елмен және оның мәдениетімен танысуға зор мүмкіндік береді», - деп атап өтті.

16 желтоқсанда Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 28 жылдығын атап өтеді, ал Владимир Смирнов - тәуелсіз Қазақстаннның тұңғыш Олимпиада чемпионы. Сондықтан да «Смирренің» сенбідегі Холменколлендегі көрмеге 1994 жылы Лиллехаммер ойындарында жеңіп алған алтын медалін әкелуі үлкен символдық мәнге ие болды.

Аталмыш көрме Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігі, Қазақстанның Спорт баспасөз ассоциациясы және Ослодағы Холменколлен тау шаңғысы мұражайының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры, ҚР Сыртқы істер министрлігі және «QazSport» ұлттық спорт арнасының қолдауымен өтті. Экспозицияны көрермендер 28 желтоқсанға дейін екі апта бойы тамашалай алады.

Қазақстан елшісі Еркін Ахынжановтың айтуынша, «Қазақстан мен Норвегия арасындағы спорт байланысы дәстүрлі дипломатия шеңберінен асып түсуде. Бұл қарым-қатынас екі ел арасында дипломатиялық ынтымақтастық орнағанға дейін көп уақыт бұрын басталған».

Фотокөрме Қазақстан мен Норвегия спортшыларының жетістіктері, қос ел спортшыларының жарыстарға бірге қатысуы туралы баяндайды. Көрмеде хоккей, допты хоккей, футбол және күрес бойынша Қазақстан мен Норвегия құрамаларының арасындағы екіжақты матчтардың фотосуреттері, сонымен қатар қазақстандық спортшылардың Норвегиядағы және норвегиялық спортшылардың Қазақстандағы ойындары ұсынылған.

Спорт киімдері сыйлық ретінде - саясаткерлерге, ал ұлттық киімдер - көрнекті спортшыларға берілетін «джерси - дипломатия» және «шапан - дипломатия» секілді спорт дипломатиясының бірнеше ерекше үлгісі ұсынылған.

Сонымен қатар, көрмеде хоккей («Барыс», «Торпедо» және «Сары-Арқа»), велосипед («Астана»), жеңіл атлетика («Алтай атлетикс» клубы) және футбол («Қайрат» пен «Астана») секілді спорт түрлерінен қазақстандық кәсіби клубтарының атрибутика жинақтамасы да бар.

Соңғы жаңалықтар