Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Төрағалығына арналған мақалалар мен сұхбаттар «Салтанат» атты жинаққа топтастырылды

None
None
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада «Егемен Қазақстан» газеті шығарған «Салтанат» атты мақалалар жинағы таныстырылды.

Онда басылымның Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі барысында жарияланған тарихи әрі озық ойлы материалдары еніп отыр.

Жинаққа газет бетінде шыққан мақалалардан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі мінберлерден ЕҚЫҰ жұмысына, төрағалыққа байланысты айтқан сөздері, отандық және шетелдік халықаралық басылымдарға берген сұхбаттары кірген.

«Салтанат» кітабы Президенттің сыртқы саясат саласындағы тамаша табыстарын көрсетуге арналған. Оның ішінде, нақты айтқанда, өткен жылы біздің елімізде болған ұлы оқиға - Қазақстан Республикасының ТМД елдері арасынан бірінші болып, бүкіл түркі әлемінің, бүкіл мұсылман жұрты ішінен бірінші болып Еуропаның төріне көтерілуі. Сол Ұйымның 11 жылдан бері шақырылмай келе жатқан Саммитін шақыруға, оны тамаша табыспен өткізуге қол жеткізуін көрсетуге арналған», - деді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов кітаптың тұсаукесер рәсімінде.

С. Әбдрахмановтың атап көрсеткеніндей, аталған кітапқа «Астана Саммиті» деген атаумен тарихқа енген халықаралық деңгейдегі маңызды шараның барлық болмысын көрсеткен материалдар да түгел енгізілген.

Сондай-ақ ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен, Ұйымның Кнут Воллебек, Петрос Эфтимиу, Янез Ленарчич сынды қайраткерлерімен, ТМД елдері парламентарийлері өкілдерімен болған сұхбаттар топтастырылған.

ҚР Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбайдың пікірінше, ғылыми тұрғыдан келгенде «Салтанат» жинағы болашақ ұрпақтарға жақсы азық болмақ. Оның айтуынша, дер кезінде мұқият жиналып шыққан бұл еңбек, халықаралық қатынастар мамандарының, саясаттанушылардың және дипломаттардың үлкен қызығушылығына ие болып отыр.

Жеті жүзден астам беттен тұратын жинақтың таралымы 1 мың дана. Оны басып шығаруға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С. Біләлов пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қорының төрағасы, меценат Б. Тұрғараев жәрдем көрсетті.

Соңғы жаңалықтар