Қазақстанның экспорты ұлғайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы он бір айдың ішінде жалпы экспорттың көлемі 54,7 миллиард АҚШ долларына жетті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Арыстанбек Қабыкеновтің айтуынша, Қазақстанның экспорты бір жылдың ішінде 26,4 процентке өсті. Соның ішінде шикізаттық емес өнімдердің көлемі 2,9 процентке артып, 14,3 миллиард долларды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінің экспорты 9 процентке өсіп отыр.

«Бүгінде Қазақстан 119 елге 800-ге жуық өнімді экспорттайды. Экспорттық қоржынымыз жыл сайын орта есеппен 5-8 өніммен толықтырылып отырады. Атап айтқанда, 2017 жылы экспорттық тауарлардың жаңа топтары - автокөліктер, күн панельдері, газ қазандықтары, картридждер, рельстер және посттерминалдар, ал 2018 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына балды өнеркәсіптік мөлшерде экспорттай бастадық. Қытай Халық Республикасының нарығына алғаш рет қазақстандық балмұздақты шығара бастадық. Бұдан бөлек, министрліктің қолдауымен Қытайда ұйымдастырылған сауда-экономикалық миссияның шеңберінде алғаш рет Қазақстаннан ет жеткізілді. Келісімшарт бес жылға жасалды», - деді А.Қабыкенов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы Сиянь қаласында Қазақстанның бірінші сауда үйі ашылды. Ағымдағы жылы ол жерге отандық өнімдер жеткізілетін болады. Сондай-ақ, тауарларымыз Қытайдың электронды сауда желілері арқылы сатылады деген жоспар бар.

Соңғы жаңалықтар