Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа моделі жоғары тиімділік береді – халықаралық сарапшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемдегі сұраныс пен ұсыныста орын алған инфляция салдарынан қалыптасқан жаңа үлгідегі дағдарыс елдерді экономиканы басқаруда бейімді модель құруға мәжбүрлеп отыр. Қазақстанда 2022 жылдың 1 қыркүйегінен қалыптаса бастаған жаңа экономикалық стратегия елдің экономикалық дамуында маңызды бетбұрысты сәт болмақ. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі экономист әрі халықаралық саясат сарапшысы Аслан Азимзадені Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен келешегі жайлы сөзге тартқан еді.

- Бүгінгі таңдағы Қазақстанның экономикалық әлеуетіне қандай баға берер едіңіз?

- Қазіргі уақытта Қазақстан Орталық Азия елдері ішіндегі ең жоғары макроэкономикалық көрсеткіші бар мемлекет саналатындығын атап өткен жөн. Мәселен, 2021 жылғы көрсеткіштерге көз жүгіртер болсақ, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 197,11 млрд долларын құрағанын көреміз. Бұл сол жылдағы Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстанның ЖІӨ-сінен 2,8, 3,2, 22,5 және 23,1 есе артық. Екінші жағынан егер түркі әлемі елдерімен салыстырсақ, Қазақстан 2-орында тұр.





Дегенмен, Қазақстан түркі әлемнің өзге де елдері сияқты өзінің экономикалық әлеуетін толық пайдаланып отырмағанын айта кеткен орынды. Әлемдегі сұраныс пен ұсыныста орын алған инфляция салдарынан қалыптасқан жаңа үлгідегі дағдарыс елдерді экономиканы басқаруда бейімді модель құруға мәжбүрлеп отыр. Қазақстанда 2022 жылдың 1 қыркүйегінен қалыптаса бастаған жаңа экономикалық стратегия елдің экономикалық дамуында маңызды бетбұрысты сәт бола алады.

- Аталған стратегияның қай тұсы ерекше назар аударуға лайық әрі ол Қазақстанның экономикалық өсіміне қалай ықпал етеді?

- Ең алдымен инвестиция елдің тұрақты дамуын сипаттайтын маңызды фактор екенін атап өткім келеді. Бұл инвестициялар отандық та, шетелдік те инвесторлардан тікелей тартылуы тиіс.

Қабылданған жаңа экономикалық стратегияның барынша қызықтыратын тармағы - «Тариф орнына инвестиция» бағдарламасы. Дегенмен, әзірше бұл бағдарлама жайлы егжей-тегжейлі ақпарат жоқ. Бірақ, тарифтің екі бағыт бойынша ұсынылатыны айтылады.




Бірінші бағыт – инфрақұрылымға инвестиция. Маңызды тұсы, бұл бағытта меншік иесі инфрақұрылымды тариф есебінен емес, өзінің қаражаты есебінен инвестициялайды. Бұл стратегия экономикадағы қосылған құнды қалыптастыруда және шынайы секторды дамытуда шын мәніндегі маңызды стратегия болмақ.

Екінші бағыт – ашықтықты қамтамасыз ету мемлекеттік мониторинг жүйесіне қатысу. Бұл монополиялық нарықтың ашықтығын арттыруға септігін тигізеді. Нәтижесінде аталған стратегия жоғары экономикалық дивиденд әкеледі деп күтіледі.

Айталық, алдын ала бағалау бойынша «Тариф орнына инвестиция» деп аталатын жаңа бағдарлама салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тартуға есептелген. Бұл шамамен 900 млн доллар. Екінші жағынан, жаңа экономикалық стратегия аясында айрықша экономикалық аймақтарға инвестицияны арттыруға айырбас ретінде инвесторларға қосымша жеңілдіктер ұсыну үшін сараланған саясатты жүзеге асыру инвесторлардың қызығушылығын тудырары анық.

- Осы стратегияға сәйкес, Қазақстанда қандай салаларға инвестиция салу экономикалық пайда алуға мүмкіндік береді?

- Әрине, инвестициялармен байланысты негізгі экономикалық пайда басымдыққа ие салаларға жоғары болмақ. Дегенмен, басымдыққа ие салалар әлі соңына дейін айқындалмаған. Меніңше, бүгінде Қазақстан үшін ең үлкен басымдық инновация мен жоғары технологиялар саласы болуы тиіс. Екінші жағынан, басым салаларда қызметін жүзеге асырмайтын инвесторлар үшін жер учаскелері салық жеңілдіктерін қолданбай ұсыну көзделеді. Бұл өзге салаларда жұмыс істейтін инвесторларды ынталандыруы мүмкін.




Жалпы, Қазақстан экономикасындағы ақшамен алмастырудың (монетизация) жоқтығы ақша көлемін дамытуда айтарлықтай әлеуеттің бар екендігі жайында айтуға мүмкіндік береді. Өйткені, ақшамен алмастыру көрсеткіші жоғары болған кезде қосымша инвестиция тарту ел экономикасындағы ақша инфляциясының тәуекелін арттырады.

- Осы стратегияны жүзеге асыру барысында Қазақстан экономикасы қандай әлеуеттік проблемалармен бетпе-бет келуі мүмкін?

- Бұл жерде проблемалы салалардың бірі қаржы секторы екендігі сөзсіз. Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесінде орын алып отырған белгілі бір проблемалар инвестициялық ағынды қамтамасыз ететін контурды ашуды тежейді.

Өкінішке қарай, бүгінде монетаризм экономикалық ғылымдағы «мейнстрим» саналады. Себебі, бұл түйдек инфляцияның негізгі себебін тек ақша көлемінен көреді. Оның барлық әдістемелік ұсынымдары инфляция кезеңінде Ұлттық банктің есептік мөлшерлемесін арттыруға бағытталған.




Мұнымен қатар ҚР Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесін арттыру кәсіпкерлік субъектілері үшін ақша кредиттерін алуға кедергі келтіреді. Соның салдарынан ішкі инвестицияны дамытуда проблемалар қалыптасып, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне айтарлықтай зиян келеді.

Қазақстан Ұлттық банкі 2022 жылы базалық мөлшерлемені 5 мәрте көтергенін атап өткен жөн. Және де жыл басында 9,75 пайыз болған есептік мөлшерлеме жыл соңына қарай 16,75 пайызға жетті.

- Бұл мәселені тым болмағанда жартылай болса да шешу үшін қандай ұсыным берер едіңіз?

- Меніңше, түрлі секторлардың кірістілігіне қарай коммерциялық банктер беретін кредиттерді әртараптандыру қажет. Айталық, егер аграрлық сектордың табыстылығы 5 пайызды құрайтын болса, онда бұл секторға кредитті 4 пайызбен беру қажет. Бірақ, компьютерлік технологиялар секторының табыстылығы 15 пайызға жетсе, онда бұл секторға кредитті 12 пайызбен берген жөн. Мұндай саясат экономиканың түрлі салаларына айтарлықтай серпін береді деп санаймын. Пайыздық мөлшерлемені әртараптандыру саясаты кредиттік ресурстарды тиімді бөлуге де алып келеді.

- Сіздің ойыңызша, әсіресе қазіргі жағдайда тағы қандай сала Қазақстан экономикасының драйвері бола алады?

- Әрине, тағы бір маңызды мәселе – бұл көлік пен логистика. Бүгінде әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуалдың өзгеруіне байланысты көлік-логистикалық дағдарысқа тап болып отырғанымызды атап өткен жөн. Мұндай жағдайда Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды Транскаспий көлік дәлізінің, сонымен қатар қытайлық «Бір белдеу – бір жол» жобасының қатысушысы саналатын Қазақстанның өте маңызды басымдығы бар. Бұл бағытта көлік-логистикалық мүмкіншіліктерді дамыту әрі әлеуетті толығымен пайдалану қажеттігі сөзсіз.




- Жалпы, еліміздің бүгінгі экономикалық саясатына қандай баға берер едіңіз?

- Бүгінде Қазақстан өзінің тұрақты экономикасын жасап жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Бұған қоса, жоғарыда аталған факторларды ескерсек, елдеріңіз барынша жоғары экономикалық әлеуетке ие. Дәл осындай себептермен Қазақстанда қалыптасқан экономиканы жаңа прогрессивті басқару мен экономикалық дамудың жаңа моделі өте жоғары экономикалық тиімділік береді.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар