Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дамытылатын болады

None
None
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін дамыту көзделеді.

Осыған орай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде 2013 жылғы 26 шілдеде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы денсаулық сақтау жүйесіне инвестициялар» тақырыбында семинар-кеңес өткізу жоспарланып отыр. Жиынға бизнес қоғамдары және қауымдастықтар, оның ішінде ірі қазақстандық және шетелдік инвесторлар, отандық құрылыс компаниялары қауымдастықтарының, «Mabetex», «Mabco Construction» және өзге де халықаралық құрылыс компанияларының өкілдері қатысады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Аталған іс-шарада Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті перспективалық дамытудың тұжырымдамалық бағыттарын талқылау көзделіп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға ең алдымен, Қазақстанның мемлекеттік саясатын, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру негіз болады.

Мемлекеттік - жекеменшік әріптестікті дамыту шеңберінде жеке секторға қызметтер ұсынатын кең ауқымды жобалар қарастырылады. Сонымен қатар, жобалау, құрылыс жүргізу, пайдалану, сенімді басқаруға беру, медициналық және медициналық емес қызметтер секілді мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің халықаралық деңгейде мойындалған жолдарын пайдалану көзделеді.

«Жалпы, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге және денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға, сонымен бірге басқару тиімділігін және қызметтер сапасын көтеруге мүмкіндік береді», - делінген баспасөз баянында.

Соңғы жаңалықтар