Қазақстанның даңқты балуаны Сайлау Мұқашев өмірден озды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық даңқты балуан Сайлау Мұқашев өмірден озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркін күрес шебері Сайлау Мұқашев Кеңес Одағы тұсында көптеген табыстарға қол жеткізді.

1950 жылы 1 желтоқсанда бұрынғы Чапаев ауданы Ленин атындағы колхозда дүниеге келген Сайлау Мұқашев жасынан домбыра үйреніп, ән-жырға құмар болып өсті. Дегенмен Первомай орта мектебінің 9-сыныбында оқып жүргенде, ауылға келген сол кездегі жас маман, кейін Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған Қамеш Исмағұловтың көзіне түсіп, күреске бет бұрды.

Мектеп бітіріп, Павлодар индустриялық институтына түскен жас жігіт Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Лұғат Өтешевтің қоластында жаттықты. Аса жеңіл салмақта күресіп, 1970 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанған Сайлау Мұқашев бүкілодақтық жарыстарда да топ жара бастады. Әсіресе, 1973 және 1974 жылдары кіші әлем чемпионатымен тең саналатын Әли Әлиев атындағы халықаралық жарыстың екі мәрте жеңімпазы атанды. КСРО чемпионатының қола жүлдегері (1973) атанумен бірге бүкілодақтық жазғы ауыл ойындарында бірнеше дүркін ешкімге жеңістік бермеді.

Атақты балуандар Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаевтармен бірге жүрген Сайлау Мұқашевқа да КСРО құрамасының бапкерлері қырын қарап, оны КСРО - Иран, КСРО - АҚШ, КСРО - Үндістан бәсекелеріне қатыстырғанымен, әлем, Еуропа чемпионаты сынды ірі жарыстарға апармады. Ал сол шетелдегі түрлі жарыстардан жеңіп келгендердің талайын С.Мұқашев ұтып жүрді. Күрестің профессоры атанған А.Бұғыбаев осындай қолдан жасалған кедергілердің кесірінен әлем чемпионы бола алмады. Одақ бапкерлерінен қағажу көріп, шеттетілген Сайлау Мұқашевтің екі рет Тәжікстан чемпионы атанғаны да бар.

1979 жылы Алматы дене шынықтыру институтын тәмамдағаннан кейін Оралға оралған Сайлау Мұқашев Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында бапкерлік қызмет атқарып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі.

Соңғы жылдары Сайлау Мұқашевтің жүлдесі еркін күрестен республикалық турнир ұйымдастырылып келеді.

Сайлау Мұқашев туралы очерк 1996 жылы жарық көрген «Қазақ балуандары» атты тарихи-деректі басылымға енгізілді.

Ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін спорт майталманы 25 маусым күні дүние салды.

Күрес әлемінде артында өшпестей із қалдырған марқұм 27 маусым күні жерленеді.

Соңғы жаңалықтар