Қазақстанның Даму банкі қандай индустриялық жобаларды қолдады
2021 жылғы 25 қаңтар 13:57

Қазақстанның Даму банкі қандай индустриялық жобаларды қолдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқармасының төрағасы Абай Сарқұлов мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қандай жобалар қолдау тапқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, Қазақстанның Даму банкі ірі бизнес-инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жағынан Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыратын негізгі оператор.

«Қазақстанда мемлекеттік бағдарламаның үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Өте ауқымды жұмыс атқарылды, біз бірсіпіра жобаны мақұлдадық. Нақты сандармен келтірер болсақ, Даму банкі 581 миллиард теңге тартты. Біз бүгінге дейін бұл соманың шамамен 502 миллиард теңгесін игердік», - деді Абай Сарқұлов Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн баспасөз мәслихатында.

Ол бүгінге дейін Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, Екібастұз қаласындағы «Проммашкомплект», Қарағанды облысындағы YDD, Макинск құс фабрикасы сияқты ауқымды жобалар жүзеге асырылғанын атап өтті. Сонымен қатар былтыр Hyundai автомобиль зауыты іске қосылған.

«Ал егер біз «Нұрлы жол» бағдарламасы туралы айтар болсақ, банк экспорттық операцияларды қаржыландыратын оператор болып отыр. Сараптамалық операцияларды қаржыландырудың арқасында біздің өнімдер қазіргі уақытта әлемнің 80-ге жуық еліне экспортталады. Бұлар - аммиак селитрасы, алкогольсіз сусындар, сүт өнімдері сияқты өнімдер. Яғни, біз барлық елге жол ашып, экспорттаушыларға қаржылай қолдау көрсетеміз», - деді Абай Сарқұлов.



Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT