Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров: Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық - мемлекет үшін үлкен жауапкершілік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні кеше тарих қойнауына сүңгіген 2017 жылғы Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі жетістік - Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметі. Ал бүгін, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне бір ай төрағалық етеді. Осынау айтулы оқиғаға байланысты Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров «ҚазАқпарат» ХАА арнайы сұхбат берген болатын.

- Қайрат Ермекұлы, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі алғашқы жылын аяқтады. Осы бір жылдық  кезең Қазақстанның сыртқы саясаты үшін үшін несімен есте қалмақ?

-Есте қалатын оқиғалар көп, әрине. Ең алдымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде қызметке кіріскен Қазақстан көптеген елдер мен халықтардың тағдыры үшін жоғары жауапкершілікті сезінуді бастан өткерді. Біршама пафос секілді естілуі мүмкін, алайда жаһандық тұрақтылыққа ғана емес, мемлекеттердің қауіпсіздігімен қатар, қарапайым адамдардың тағдырын шешетін маңызды шешімдер қабылданатын процесске араласып отырмыз, осыны сезінген сайын, алдағы әрекеттердің аса маңызды әрі айқын болуы керектігін ойыңа түйе түсесің.

Өйткені, мұнда қателесуге құқымыз жоқ. Қате, асығыс қабылданатын әрбір шешімнің артында халықтар өмірі мен адам тағдыры тұр. Меніңше, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі ұжымдық жұмыстың ең үлкен мотивациясы да осы.

Жаңа ғана өткен жылды несімен ерекшеленеді дегенге келсек, кеңеске мүше мемлекеттер делегацияларының өзара әрекеттестікке толы қарбаластарын, қызу пікірталастарды, дауларды, сындарлы шешім іздестіру жолдарын айтуға болады. Әрине, нақты бір шешімнің саяси мүдделер үшін құрбандыққа шалынатын кездері де көңілге кірбің ұялататын сәтімен есте қалып жатыр. Мұндай ойындар салдарынан түсініспеушілік туындап, сенім жоғала түсетіні анық. Әлбетте, ондай жағдай жиі қайталанбайды, алайда есте қалатыны да осы.

Дей тұрғанымен, еліміз үшін аса маңыздысы - бұл халықаралық қауымдастық тарапынан Қазақстан мен Мемлекет басшысына, ұдайы бейбітшілікті, тұрақтылық пен теңгерімді шешімді жақтайтын қазақстандық сыртқы саясатқа сыйластық пен сенімі жоғарылап келеді. Еліміздің белсенді бітімгерлік әрекеттері, Мемлекет басшысы айқындаған, теңқұқылы және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген  еліміздің сыртқы саясатындағы басымдықтарды жүзеге асырудың нақты қадамдары,  халықаралық құқықты құрметтеу, сақтау, кез келген қақтығыстарды тек диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу және өзара тиіді шешімдер іздеу - осының бәрі Қауіпсіздік Кеңесіндегі әріптестерімізді, сондай-ақ тұтастай БҰҰ аясындағы байланыстарда Қазақстанмен өзара әрекеттестікке тартымды ете түседі.

Айта кетерлігі, БҰҰ ҚК жұмысына кіріспей тұрып, Қазақстан өз қызметіндегі басымдықтарды айқындаған болатын. Мұның өзі біз үшін аса маңызды қадам болды. Қазақстанның басымдықтары Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне саяси жолдауы аясында қалыптасқан болатын. «Қауіпсіз, әділ және өркениетті әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты жолдау былтырғы жылы 10 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынылып, ресми құжат мәртебесін иеленді. Елбасының саяси жолдауындағы басымдықтарды БҰҰ ҚК әріптестеріміз қолдап, кеңес қызметінің негізгі бағыты ретінде де мойындалған болатын.

- Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне мүшеліктегі жұмыстың жалпы қорытындысына да тоқталып өтсеңіз?

-Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болған бір жыл ішінде Қазақстан Кеңесінің 270-тен астам  ресми отырысына қатысты. Оның ішінде 78 - ашық резолюциялар мен Төраға мәлімдемелерін қабылдауына, 150 ашық брифингтер, 8 шектеулі пікірталастарға, 17 ашық пікірталастарға қатыстық. Бұдан бөлек, 126 ресми емес консультациялар мен Е-10 Тобы (Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелер бірлестігі) аталатын 12 кездесуге араластық. Осының бәрі тек қазақстандық дипломаттардан ғана емес, еліміздің барлық министрліктері мен ведомстволарынан қызу жұмысты талап еткені сөзсіз. БҰҰ ҚК отырыстарына дипломаттардан бөлек, басқа да мемлекеттік органдар басшылары мен өкілдері қатысты. Осындай отырыстар барысындағы олардың сындарлы, прогрессивті, теңгерімді ұсыныстары мен бастамалары халықаралық әріптестер тарапынан оң бағаланғанын да атап өткім келеді. Тұтастай алғанда, қазақстандық делегация БҰҰ ҚК 50-ден астам (оның ішінде оннан астамына бірлескен авторлықта) резолюциясын, ҚК төрағасының жиырмадан астам мәлімдемелерін, басқа да құжаттарды қабылдауға өз үлесін қосты.

Қазақстандық дипломаттар ҚК миссиясы құрамында Колумбияға, Гаитиге, Батыс африкадағы Сахель аудандарына, Орталық Африкадағы Чад теңізіне сарап шекті. Вашингтонда АҚШ Президентімен, Мемлекеттік департамент басшысымен, Конгресс мүшелерімен кездесті, Африка одағының штаб-пәтерінде келіссөздер өткізуге қатысып, терроризмге қарсы жаһандық күресті ілгерілету аясында Сингапурде, Малайзия мен Ауғанстанда болды.

- Бұндай сапарлардың нәтижесі қандай?

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде проблемалы өңірлерге және қақтығыстар аймағына барудың пайдасы зор. Ондай сапарлар мәселені тереңірек түсініп, талдаулар жасауға, ол жерлердегі қалыптасқан ахуалды зерделеуге көп септігін тигізеді. Сосын ол аймақтағы қатерлерге баламалы қорғаныс тетігін тиімді қалыптастырып, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамалары мен басымдықтарына сәйкес, проблемаларды шешу жолдарын қарастыруға жол ашатыны анық.

Жалпы алғанда, өткен жыл Қазақстан үшін БҰҰ-ның аса маңызды органы саналатын Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыстарын белсенді зерттеу бағытындағы тынымсыз жыл болды деп айтқым келеді. Біз осы жұмыс аясында бейбіт әлемді қалыптастыруға қатысты өз идеяларымызды ілгерілетіп келеміз.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігін еліміз үшін ғана емес тұтастай өңір үшін өзекті әрі маңызды фактор ретінде атауға болады. Әйтсе де Қазақстан ҚК аясында өңірлік проблемалардың шешілуіне, аймақтағы тұрақтылық пен дамуға қалай көмек бере алады?

- Қазақстан БҰҰ тарихында Қауіпсіздік Кеңесіне енген Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет екенін еске сала кетейін. Сондықтан да, ҚК мүшесі ретінде біз бірінші өңірдегі мәселелерге ерекше назар аударатын боламыз және Кеңестің әлеуетін әлемнің осынау өңіріне халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға пайдалануға тырыстық. Бұл басымдықты жүзеге асыруда барлық мемлекеттердің мүдделер үйлесімділігі негізге алынады. Бұнымен қоса біз Ауғанстанда бейбіт өмірдің тезірек орнығуын, оның өңірдегі басқа мемлекеттермен экономикалық интеграциясы үшін жан-жақты көтектер берілуін қолдаймыз. Соның ішінде инфрақұрылымдық және көліктік-транзиттік даму, бейбітшілік пен қауіпсіздік қатерлеріне қарсы тұрудағы өңірлік әлеуеттерді нығайту қажет деп санаймыз. Осыған байланысты Қазақстан Ауғанстанды тұтастай Орталық Азия үшін тиімді экономикалық әріптес ретінде қарастыруды ұсынады.

Айта кетейік, 2017 жылдың 26-27 мамырында нью-йорктік алаңда алғаш рет Орталық Азия сарапшыларының консультациялары өтті, Орталық Азия + Ауғанстан аралас форматындағы кездесулер нәтижесінде БҰҰ ҚК Төрағасының мәлімдеме жобасы әзірленді. Онда Орталық Азия өңіріне Ауғанстан территориясында шоғырланған халықаралық террористік ұйымдардың деструктивті қызметінен туындайтын қатерлер және ондай қатерлердің түпкі себептерін шешу жолымен олардың алдын алу мен еңсеру мәселелері қамтылды. Атап өтерлігі, қазақстандық делегация Орталық Азиядағы жағдай және Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия бойынша БҰҰ Өңірлік Орталығының ағымдағы мәселелері жөніндегі 2017 жылдың 3 ақпаны мен 27 маусымындағы БҰҰ ҚК мәлімдемесінің қабылдануына маңызды үлес қосты.

Бұдан бөлек, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің аясында ИГИЛ/ДАИШ және Әл Каида, Талибан, Сомали/Эритрее жөніндегі үш санкциялық комитетке төрағалық етті. Атауынан көрініп тұрғанындай, бұл комитеттер терроризммен күрес мәселелерін қарастырады. Осы ретте бізге қазіргі таңда Қазақстанға сенімділіктің жоғары екенін, халықаралық әріптестердің Қазақстанды мықты, саяси ойыннан тысқары тұратын, Кеңестің теңгерімді мүшесі ретінде қарастыратынын атап өтеді. Осындай сенімнің нәтижесінде біз өткен бір жыл ішінде Комитет қызметіне нәтижелі оң динамика бере алдық деп санаймын. Бұндай жағдайдың өзі «медиатор мен әділ брокер» ретіндегі біздің еліміз бен Елбасының оң импульсі өңірлік күн тәртібін халықаралық саясатта ілгерілетуге айтарлықтай септігін тигізеді.

Расында да, ҚК мен БҰҰ мүшелері соңғы кездері Қазақстанның белсенді позициясы арқасында Орталық Азияның әлем деңгейінде көбірек таныла бастағанын айтады. Өңірдегі интеграциялық процесстердің қарқынды дамуы, Орталық Азияны дамытудың пісіп жетілген көкейтесті мәселелерін шешуге мемлекеттердің белсенділігі де халықаралық қауымдастықтың назарын аударып отыр.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның БҰҰ ҚК мүшелігі өңір үшін позитивті фактор болып табылады. Осы арқылы өңірдегі мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің күн тәртібіндегі өздерінің позициясын мейлінше кеңірек қамтылуын мәлімдей алатын мүмкіндікке қол жеткізіп отыр.  Оның үстіне біз тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында барлық Орталық Азияның ортақ мүдделеріне де назар аударамыз. Бұл ретте Орталық Азия мен Ауғанстанда және осындағы барлық мемлекеттердің ескерілген мүдделері негізінде бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен дамудың өңірлік аймағы моделі қалыптасады және сынақтан өтеді деген сенімдеміз.

- Бүгін яғни, 2018 қаңтарынан бастап Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету міндетіне кірісті. Төрағалықтағы негізгі басымдықтар қандай болмақ? Бұл жұмыстың негізгі процедуралық жайттарына тоқталсаңыз?

- Иә, Қазақстан тарихта тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етіп, оның уақытылы отырыстары мен ресми емес консультацияларына жетекшілік жасайтын болады. Дәстүрге сәйкес, әр Төраға қызметіне кірісетін ай басында Кеңестің сол кезеңдегі жұмысының бағдарламасын бекітеді, БҰҰ барлық мүшелері үшін брифингтер өткізіп, халықаралық БАҚ-ты ол туралы ақпараттандырады. Төраға сонымен қатар БҰҰ мүше мемлекеттерімен екіжақты кездесудер өткізіп, БҰҰ негізгі органдары және арнайы мекемелер басшыларымен, өңірлік және басқа да топ төрағаларымен кездеседі. Төрағаның функциясына Кеңес келісімімен және Кеңес атынан мәлімдемелер жасау, ресми емес консультациялар барысындағы талқылаулар қорытындысы бойынша пресс-брифингтер ұйымдастыру, сондай ақ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір мәтіндік немесе басқа да құжаттарға келісім жасағанда сол туралы мәлімдемелер жасау кіреді. Тұтастай алғанда Төраға ретінде Қазақстан БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік Кеңесінің күнделікті жұмысын үздіксіз қамтамасыз етпек.

Айта кетейін, осы бағытта 2017 жылдың желтоқсан айында БҰҰ ҚК алдағы төрағасы ретінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, БҰҰ Бас Ассамблеясы Төрағасы Мирослав Лайчакпен міндетті кездесулерім өтті. БҰҰ қолданыстағы ережелеріне сәйкес, бұл кездесулерде БҰҰ ҚК Төрағасы БҰҰ басшыларын Қауіпсіздік Кеңесіне  төрағалық ету жұмысының бағдарламасымен таныстыруы қажет. Бұдан бөлек, Төраға өз мемлекеті тарапынан ұсынылатын тақырыптық пікірталастардың тақырыптары мен күні туралы ақпараттандыруы тиіс.

- Қазақстан тарапынан ұсынылатын тақырыптар айқын ба?

- Қазіргі күні біз Елбасының қатысуымен өтетін «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және сенім шаралары» тақырыбында жоғары деңгейлі брифинг өткізуді ұйымдастырып жпатырмыз. Бұл біздің төрағалықтың ең өзекті элементі болмақ. Бұл шара аясында ядролық қаруды таратудың алдын алуға қатысты өзекті мәселелер, сенім арқылы бейбітшілікті сақтау мәселелері талқыланады деп күтіледі. Айта кетейін, осының өзі Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестімен үйлеседі.

Бұдан бөлек, біз Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша министрлік деңгейіндегі пікірталастар, Таяу Шығыс бойынша тоқсандық пікірталастар өткізуді жоспарлаймыз. Бұл шаралар транспарентті, субстантивті, объективті және дискуцияның нақты нәтижелеріне бағытталады деп үміттенеміз. Сосын бұл туралы Ашхабадтағы Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия бойынша БҰҰ Өңірлік Орталығының қызметі жөніндегі жабық консультацияларда да алдын ала айтылып отырады. Аталған Өңірлік Орталық он жыл бұрын Елбасының бастамасымен құрылғанын да еске сала кетейін.

Осындай жоғарыда айтылған екі пікірталастың қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің превентивті дипломатия және қатерлерден бейбітшілікті сақтау арқылы қақтығыссыз әлем қалыптастыру бойынша Орталық Азия мен Ауғанстан үшін екі маңызды құжаты қабылданады деп күтеміз. Бұдан бөлек, біздің төрағалықтың күн тәртібінде Африка құрлығын қамтитын кең ауқымдағы мәселелер енгізіледі. Сирия мәселелері (саяси, гуманитарлық, химиялық тректер), Кипр мен Колумбия проблемаларына жекелеген отырыстар арналмақ. Ал төрағалықтан соң осы кезеңде қол жеткізілген уағдаластықтардың практикалық имплементациясына назар аударамыз.

- Дегенмен,  осы төрағалық пен жалпы тұтастай БҰҰ ҚК Қазақстанның мүшелегі қаншалықты маңызды екеніне тоқталып өтсеңіз?

- Бұған дейін де атап өткенімдей, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық пен жалпы мүшелік аясындағы біздің мүддеміз ең бірінші кезекте мемлекетіміз бен өңір үшін бейбіт, тұрақты және өркениетті орта құру болып табылады. Біз  - ірі еуразиялық мемлекетпіз. Жаһандық геосаяси текетірестерді айтпағанның өзінде өңірлік дағдарыстың кез келгені, ядролық қаруды таратпау проблемалары немесе санкциялық текетірестер - осының бәрінің салқыны біздің елімізге де тиеді. Әлемдік өзгерістер аясында Қазақстан енжарлық танытып, немқұрайлылықпен отыра алмайды, өзгерістердің дұрыс бағыт алуы үшін тиімді мәмілегер болуға күшімізді жұмсайтын боламыз. Бұл әрбір жекелеген жағдайларға да, сондай-ақ ұзақмерзімді өңірлік қауіпсіздік институттарын қалыптастыруға да қатысты.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі - бұл бейбітшілік пен қауіпсіздік бойынша өз ұстанымдарымызды ілгерілетуге мүмкіндік берілетін жетекші жаһандық алаң. БҰҰ ҚК мүшелігі Қазақстанның әлемдік масштабтағы рөлін арттырып, халықаралық келіссөздерде еліміздің жаһандық процесстердің тұрақты әрі жауапты қатысушысы ретіндегі позициясын нығайты түседі. Айта кетейін, әлемде шамамен 50-ге тарта мемлекет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке бір де бір рет сайланған емес.

Осыдан ширек ғасыр бұрын Мемлекет басшысы айқындаған бейбітсүйгіш сыртқы саясаттың сатылы ұстанымы, жаһандық проблемаларды өзара сенімді қалыптастыра отырып диалог арқылы шешу бойынша стратегиялық қадамдарымыз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне сайлануға септігін тигізді. Қазіргі таңда Астана мен оның ұстанған саясаты баршаға танымал болып отыр. Бұны батыстық қана емес, шығыстық менталитет пен этикеттің бәсекеге қабілетті симбиозының ерекшелігіне айналған десек те болады. Бұл ретте өзара сыйластық, икемділік, сындарлылық, қонақжайлылық, қатысушылар үшін саяси жайлылықты тиісті деңгейде қамту, компромиске дайындық көріністері туғандағы келісімге келтіру шеберлігі, эмоциялық ұстамдылық секілді ерекшеліктерді айтып отырмын.

Жасыратыны жоқ БҰҰ қабырғасында Қазақстанның әлемдік аренадағы бірқатар маңызды халықаралық бастамаларына ризашылықты жиі естиміз. Олардың қатарында АӨІСШК пен Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі, Алматыдағы Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер, Сирия жөніндегі Астана процесі және басқа да тиімді алаңдар мен идеялар бар. Сонымен қатар, Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ секілді ұйымдар мен басқа да құрылымдарға табысты төрағалық етуімен әлемге танылған болатын. Бір сөзбен айтқанда, жаңа жағдайлар үшін медиатор ретінде айтарлықтай тәжірибе қалыптасқан.

Осының бәрін қорытындылай келсек, БҰҰ ҚК Төрағалық Елбасының ауқымды халықаралық бастамаларын ілгерілету тұрғысынан алғанда да аса маңызды әрі бірегей мүмкіндік болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесіндегі тәжірибе БҰҰ жүзжылдық мерейтойына орай белгіленген, Манифестте көрініс тапқан қақтығыстарсыз әлемнің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін де өзекті. Бұл әлемнің басқа мемлекеттерімен  өзара әрекеттестіктегі сапалы жаңа деңгейге көтеріп, екінші жағынан бүкіл әлемге ұлттық басымдықтарымыз жайында мәлімдей алатын үлкен мүмкіндік.

Сондай-ақ, жаһандық ауқымға ұласып жатқан әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыстар, БҰҰ ҚА көптеген тақырыптық проблемалар - Жаппай қыру қаруларын таратпау, контртерроризм, санкцияға қатысты ортақ мәселелер - осының бәрі біздің елімізге белгілі бір деңгейде әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, БҰҰ-дағы Қазақстанның өкілдігі Мемлекет басшысының бейбітшілік пен дамудың өзара байланысын негізге алған тиісті тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп келеді.

Қазіргі әлемнің негізгі проблемаларды шешу мәселелеріне араласу арқылы Қазақстан көптеген елдермен, өңірлермен байланысын дамытуға мүмкіндіктер алып отыр. Сыртқы байланыстағы география ауқымын кеңейту біздің көпвекторлы саясатымыздың қисынды жалғасы, ал ондай басымдықты Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің маңызды бағыты ретінде айқындаған болатын. Бұндай қадамдар Қауіпсіздік Кеңесіне электоралдық науқанында да, бүгінгі жұмысымызда да көп көмек болды.

Бұдан бөлек, осы жұмыстардың барлығы тәуелсіздік жылдарынан бері әлеуеті сатылап көтеріліп келе жатқан қазақстандық дипломатияның біліктіліктегі іс тәжірибесін арттыруға да септігін тигізеді. БҰҰ ҚК арқылы Қазақстанның дипломаттары мен сарапшылары аса мол әрі баға жетпес тәжірибе жинақтап жатыр. Бұл тек дипломатиялық қызметтің кәсібилігін арттырып қана қоймай, тұтастай мемлекеттік аппараттың, еліміздің эксперттік және медиа қауымдастығының беделін көтереді.

Осы мақсатта Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БҰҰ ДБ бірлесе отырып 2017 жылдың қазан және қараша айларында отандық жетекші БАҚ пен сараптамалық орталық өкілдеріне арнап тренинг өткізген болатын. Қазақстандық сарапшылар Қауіпсіздік кеңісінің «ішкі қазаны» қалай қайнап жатқанымен жақынырақ танысты,  жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері қалай талқыланатынын, шұғыл отырыстар бойынша  ашық және жабық форматтар (Солтүстік Корея мен Сирия мәселелері бойынша) қалай өрбитінін бақылады. Қауіпсіздік Кеңесіндегі мұндай теңдессіз тәжірибе біздің мамандар үшін халықаралық саясаттағы ағымдағы тенденцияларды, олардың ерекшеліктері мен нюанстарын жақсы түсінуге септігін тигізеді деп сенеміз.

-Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын! 

Соңғы жаңалықтар