Қазақстанның БҰҰ-дағы қызметі: ынтымақтастыққа 31 жыл

None
Фото: globalkz.biz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 2 наурыз күні еліміздің ең беделді халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанына 31 жыл толып отыр.

Осы уақыттан бері Қазақстан БҰҰ-мен ынтымақтастыққа үлкен мән беріп келеді. Тек талқылауға ғана емес, сонымен қатар жаһандық проблемаларды шешуге белсенді түрде қатысып, Қазақстан әртүрлі ұлттар қауымдастығының толыққанды мүшесі болды. 1992 жылы БҰҰ-ға кіргеннен бері еліміз саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-гуманитарлық және мемлекетаралық ынтымақтастықтың басқа да маңызды салаларындағы міндеттемелерін адал атқарып, өзін сенімді серіктес ретінде көрсете білді.

Бүгінгі айтулы датаға орай, Қазақстан мен БҰҰ-ның серіктестігі, еліміздің БҰҰ-ға ену тарихы, Қазақстанның БҰҰ-дағы негізгі бастамалары мен БҰҰ-ның еліміздегі қызметі туралы материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі 1992 жылы 5 маусымда құрылды. Ал осы жылдың 15 сәуірінде БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі болып А.Арыстанбекова тағайындалды. Содан бері Қазақстан БҰҰ мен оның мамандандырылған органдарының жұмысына белсене араласып келеді. 1993 жылы 16 ақпанда Алматыда БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы кеңсесі ашылды. Бүгінде Қазақстанда БҰҰ-ның 27 агенттігі орналасқан.

«Мемлекетіміз БҰҰ және жалпы халықаралық қоғамдастық үшін тұрақты әрі болжамды сыртқы саясатты жүзеге асыруды ұстанатын, тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық бастамаларды қолдайтын сенімді серіктес болып қала береді. Біздің БҰҰ қызметін қолдайтынымызды Қазақстанның бүгінде БҰҰ-ның 27 агенттігі мекеніне айналғаны айғақтап отыр, олардың көбі өз жұмысын өңірлік ауқымда жүзеге асырады»,-деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығына арналған тақырыптық көрмеде.

Аталған жиынға қатысқан БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Қазақстанның БҰҰ-дағы қызметі көптеген мемлекетке үлгі екенін атап өткен еді. «Қазақстанның халықаралық ұйым жұмысына қосқан үлесі орасан зор. Мысалы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім орнату жөніндегі кеңесті құруға бастама жасау, Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелік, ұйымның қағидаттарын берік ұстану, Астана процесіндегі медиация, ЭКСПО-2017 кезеңінде жасыл технологияларды насихаттап, дамыту сияқты Қазақстанның бастамалары шын мәнінде, ұйым қызметінің алға жылжуына әсер етіп отыр»-деді ол.

168-нөмір: Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне ену тарихы

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты өкілі (1992-1999) Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Ақмарал Арыстанбекова болды.

Былтыр тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарған еді. Сол жинақта Ақмарал Арыстанбекова өткенге көз жүгіртіп, еліміздің БҰҰ мүшелігіне өткен кезеңді былай деп еске алады.

«1991 жылдың желтоқсанында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша мен БҰҰ-ға келдім. Басты міндетім - республикамыздың БҰҰ мүшелігіне кіруіне дайындық жасау. Мен 1991 жылғы 31 желтоқсанда Н.Назарбаевтың қолы қойылған Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке қабылдау туралы өтінішін БҰҰ Бас хатшысы Перес де Куэльярдың хатшылығына тапсырдым, сол кезде ол осы лауазымындағы жұмысын аяқтап жатқан болатын»,-деп жазады ол.

Фото: e-history.kz

Ақмарал Арыстанбекова Қазақстан БҰҰ-ға қабылдау туралы өтінішті бұрынғы одақтас республикалардың арасынан бірінші болып бергенін, сәйкесінше, 1992 жылдың 23 қаңтарында БҰҰ-ға мүше болу үшін Қауіпсіздік Кеңесіне бірінші болып ұсынылғанын атап өткен.

«1992 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық отырысы өтті, онда Қазақстанның БҰҰ-ға қабылдануы туралы қарардың тең құқылы авторлары 121 мемлекет болды. Яғни, осы мемлекеттер біздің мүшелігімізге қолдау білдірді. Солардың қолдауымен Қазақстан БҰҰ-ның 168-нөмірлі мемлекет ретінде мүшелігіне өтті»,-деп еске алады.

«Мен Қазақстанның осындай тарихи оқиғасына куә болғаныма өте қуаныштымын. Қазақстан Туының биікке көтеріліп, желбірегеніне қарап тұрғанымда тұла бойымды өз елімнің, халқымның намысын жоғары көтеріп ортырғандай сезіндім. Мұны сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес»,-дейді ол.

Ақмарал Арыстанбекова Қазақстан БҰҰ-ға кіргеннен кейін ел алдында екі міндет тұрғанын жазады. «Біріншіден, тәуелсіз мемлекет ретінде Ұйыммен, оның қорларымен және бағдарламаларымен ынтымақтастық орнату қажет болды. Екіншіден, Қазақстан БҰҰ-ның жаңа мүшесі ретінде саяси, экономикалық, экологиялық, гуманитарлық салалардағы, қарусыздану, қауіпсіздік және т.б. салаларындағы халықаралық проблемаларды шешуге қатысуы тиіс еді»,-деді ол.


Фото: e-history.kz

Оның сөзінше, Қазақстан БҰҰ-ға мүше болған алғашқы күннен бастап ең өзекті халықаралық проблемалар мен ұйымның күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде белсенді позицияны ұстанып келеді. «Әлемдегі төртінші қуатты ядролық қару арсеналынан бас тартып, Семей полигонының жабылуы БҰҰ-да жаңа тәуелсіз мемлекеттің қарусыздануға, ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға және планетадағы ядролық сынақтарды тоқтатуға қосқан нақты үлесі ретінде жоғары бағаланды», - деді дипломат.

Қазақстанның БҰҰ-дағы негізгі бастамалары

Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы еліміздің тәуелсіздік пен бостандыққа деген көп ғасырлық ұмтылысының жемісі екені анық. Мемлекетіміз халықаралық қауымдастыққа интеграцияланып қана қоймай, әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосып келеді. Отанымыз БҰҰ-ға мүше болған 31 өзі ядролық қарудан бас тартып, әлемді бейбіт өмірге үндеп қана қоймай, бейбітшілікті нығайтудың үздік үлгісі ретінде әлемге танылды. Осы тұста, Қазақстанның негізгі бастамаларына назар аударайық.

Қазақстан ұсынған Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Азия құрлығындағы мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне арналған платформа болып саналып отыр. 2020 жылы 24 қыркүйекте өткен АӨСШК мүше-елдердің СІМ кездесуінде ұйымның төрағалығы Тәжікстаннан Қазақстанға ауысты. 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында АӨШСК шақыру туралы еліміздің ұсынысы өзінің өміршең екендігін көрсетіп келеді.

Фото: akorda.kz

29 тамыздың Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бекітілуінде Қазақстанның ықпалы зор болды. Себебі 1996 жылы еліміз ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қол қойып, бейбіт және қарусыз әлем құрудың белді мемлекетіне айналды.

Қазақстан – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құрушылардың бірі. Қазақстанның бастамасымен 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декларация» атты қарар қабылдады, оған 35 мемлекет демеушілік жасады.

Еліміз БҰҰ Жарғысы мен халықаралық шарттарында бекітілген құндылықтарды берік сақтайтынын дәлелдеп келеді. Мәселен, 2020 жылы 23 қыркүйекте еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойып, өлім жазасына тыйым салатынын жариялады. Құжатқа қол қою – өлім жазасын қолдану аясын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытының жалғасы.

2017 жылдан бері Қазақстанда БҰҰ-ның қақтығысты реттеудегі күш-жігерін жеңілдетуге бағытталған Сирия бойынша Астана процесінің 17 раунды өтті. Қазақстан сондай-ақ Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын, ең алдымен балалар мен әйелдерді елге қайтарған алғашқы мемлекеттердің бірі болғанын да атап өту керек.

Фото: REUTERS

Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру да Қазақстанның БҰҰ-дағы жұмысының маңызды бастамасының бірі. Бүгінде Ауғанстан халқына тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетілуде, Қазақстанның оқу орындарында ауған жастарын, оның ішінде әйелдерді оқыту бойынша ұлттық және халықаралық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

2021 жылдың тамызында тәліптер Кабулды басып алғаннан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының (UNAMA), сондай-ақ БҰҰ агенттіктерінің, қорларының және бағдарламаларының халықаралық қызметкерлері Алматыдағы уақытша кеңсеге көшті. 2022 жылғы 2 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы Арнайы өкілі және UNAMA басшысы Дебора Лайонс Қазақстанның UNAMA-ға көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірген еді.

Фото: akorda.kz

Қазақстан сондай-ақ БҰҰ-ның әртүрлі миссияларына бітімгершілік күштері мен әскери бақылаушыларын жіберу және БҰҰ мойындаған бітімгершілік курстарын ұйымдастыру арқылы БҰҰ бітімгершілік қызметіне қатысады.

Қазақстанның БҰҰ-дағы қызметінің ең бір маңызды тұсы – еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы. Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану оның басты басымдығы болды.

Биологиялық қауіп-қатерлерді бақылау жүйесін күшейту және биологиялық әзірленімдерді тек бейбіт мақсатта пайдалануға жәрдемдесу үшін Президент Тоқаев 2020 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды.

2022 жылы қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында да Тоқаев БҰҰ Жарғысы мен негізгі қағидаттарына берік ұстанымын қолдайтынын баса айтып өткен еді.

Президент БҰҰ негізінде жатқан іргелі постулаттарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Ол мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сияқты үш негізгі қағидаттың өзара байланысын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды.

Фото: akorda.kz

«Бұл - үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түпкір-түпкіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді», – деді ол Бас Ассамблеяның сессиясында сөйлеген сөзінде.

БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметі

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори БҰҰ жаңалықтарына берген сұхбатында Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы, оның ондағы қызметі басқалар үшін үлгі болғанын айтады.

«Соңғы 30 жылда БҰҰ әртүрлі салада ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейде 400-ден астам жобаны жүзеге асырды. Олардың қатарында теңсіздікті жою, институттарды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, табиғи ресурстарды басқару және халықтың ең осал топтарын, атап айтсақ, халықтың топтары - балалар, әйелдер, қарттар, мүгедектер, мигранттар мен босқындарды қолдау секілді мәселелер бар», - деді ол.

Соңғы 30 жылда БҰҰ биоалуантүрлілікті сақтау және жер ресурстарын басқару жобаларында 1 миллионнан астам адамға қолдау көрсеткен. «Мәселен, еліміздің 16 өңіріндегі қазақстандық фермерлер мен кәсіпкерлерге мал шаруашылығын, органикалық және суармалы егіншілікті жақсарту, топырақ құнарлығын арттыру және ауылшаруашылық дақылдарын әртараптандыру, суды үнемдеу технологияларын жетілдіру және мал шаруашылығын субсидиялауға бағытталған қолдау көрсетілді», - деді ол.

Фото: akorda.kz

Экология мәселесіне келсек, БҰҰ да Аралды жандандыру бағытында жұмыс істеп жатыр. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2021 жылдың мамыр айында Арал өңіріне қатысты қарар қабылдап, оны экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялады және аймақты қалпына келтіру және оның экологиясын жақсарту бойынша маңызды зерттеулер мен ғылыми күш-жігерді ілгерілетуге міндеттенді. «Бүгінгі таңда БҰҰ-ның Қазақстандағы тобы Арал өңірінде тұратын 74 мыңнан астам адамның өмірін жақсарту және денсаулығын қорғау бойынша жұмыс жүргізуде. Ауадағы зиянды ластаушы заттардың құрамын азайту арқылы аймақтағы экологиялық жағдай жақсарды», - деді Фриберг-Стори.

Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу да басым бағыт болып қала береді. «Біз тұрмыстық, жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықпен күресудің аймақтық тәсілін, сондай-ақ зорлық-зомбылықпен күресудің аймақтық бағдарламасын қолдаймыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, қыздар мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қоғамдағы зорлық-зомбылық барлық адамдарды алаңдатуы керек. Біз бұл жерде атқарып жатқан жұмыстың басым бөлігі үкімет пен азаматтық қоғамның ұмтылыстарын қолдау болып отыр. Біз әйелдерге өкілеттік берілсе, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық аз болатын қоғамға әкелетінін білеміз», - деді ол.

Жалпы жоғарыда біз атап-өткен іс-шаралар БҰҰ-ның Қазақстандағы, еліміздің БҰҰ-дағы қызметінің бір парасы ғана. Болашақта күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге байланысты олардың қатары да көбейері сөзсіз.

Еске салайық, биылғы 24 ақпанда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Алматыда БҰҰ агенттіктерінің басшыларымен және оңтүстік астанада аккредиттелген дипломатиялық корпуспен бірлескен кездесу өткізген еді. Шаһардағы халықаралық ұйымдардың кеңсесіне бару кезінде ғимаратқа «UN Plaza» атауын беру рәсімі өтті. Бұл ғимараттың ресми инаугурациясы 2019 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен болатын. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы БҰҰ ғимаратында штаттық саны 120 адамнан асатын 18 агенттік орналасқан.

Жалпы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанының 31 жылдығын атап өте отырып, Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына берік ұстанымын қуаттайтынын атап өткен жөн. Біріккен Ұлттар Ұйымы бүкіл адамзаттың мүддесі мен қажеттіліктеріне қызмет ететін бірден-бір әмбебап ұйым ретінде қала бермек.


Соңғы жаңалықтар