Қазақстанның Болон үдерісіне қосылғанына – 1 жыл толды

None
None
АНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Тәуелсіздігіміздің 20 жылында отандық білім жүйесін дамыту үшін мемлекет тарапынан қыруар жұмыстар жасалынды. Соның бірі - Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы.

Еліміз бұл үдеріске осыдан тура бір жыл бұрын, дәлірек айтқанда 2010 жылдың 11 наурызда Венгрия астанасы Будапеште өткен Еуропа елдері білім министрлерінің ІІ форумында қосылды, сөйтіп 47-ші мемлекет болып оның тең құқылы мүшесі атанды.

Жалпы, бұл міндет - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық білім беру жүйесін дамыту туралы тапсырмаларын, сондай-ақ «Еуропаға жол» бағдарламасының баптарын жүзеге асыру аясында іске асырылды. Қазақстандық білім беру жүйесі үшін тарихи саналатын осы оқиға еліміздің Еуропалық жоғарғы білім аумағына кіруінің бастамасы болды. Будапештегі форумда сөз сөйлеген сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев: «Қазақстанды Болон үдерісіне қосу туралы оң шешімнің қабылдануы біздің елімізде жоғары білім саласында жүргізіліп жатқан реформаларға еуропалық академиялық топтар тарапынан берілген жоғары баға болып табылады», - деп атап көрсеткен еді.

Айтылып та, жазылып та жүргенімен жұртшылық арасында «Болон үдерісі дегеніміз не?» деген мазмұндағы сауалдың туындап жататынын естиміз. Сондықтан да бұл ұғымға аз-кем түсініктеме бере кетуді жөн санап отырмыз. Болон үдерісі дегеніміз - жоғары білімнің ортақ еуропалық кеңістігін құру мақсатында Еуропа елдерінің білім жүйелерін жақындастыру және үйлестіру үдерісі болып табылады. Бір сөзбен айтқанда бұл - еуропалық білім кеңістігін құруға бағытталған кешенді шара. 1088 жылы Италияның Болонья қаласында іргесі қаланған Болон университеті әлемдегі тұңғыш жоғары мектеп болып саналады. Болон үдерісіне қосылу қазақстандық жоғары оқу орындарына отандық білім беру бағдарламаларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге, студенттер мен оқытушылардың академиялық икемділігін қамтамасыз етуге, қазақстандық дипломдардың Еуропада танылуына және түлектердің шетелдерде жұмысқа орналасуына мүмкіндіктер береді.

Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы барысында көзделген маңызды мақсат - еуропалық білімге деген қолжетімділікті қамтамасыз ету және қазақстандық білім беру жүйесінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру болды. Болон үдерісіне қосылу Қазақстанның жоғары мектебін модернизациялаудың негізгі бағыттары мен басымдылықтарын анықтады. Әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу ұлттың интеллектуалдық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды алғышарты деп есептеледі.

Қазақстанды әлемдік бәсекеге мейлінше қабілетті елге айналдыру үшін елімізді индустриялық-инновациялық мемлекет ретінде ғана емес, сондай-ақ интеллектуалды мемлекет ретінде де дамыту қажет. Осы стратегиялық міндетті оңтайлы түрде жүзеге асыру үшін еліміздің білім беру саясаты әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары дәрежелі мамандарды даярлауды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ бұл мақсатты бағындыру үшін әлемдік білім беру кеңістігіндегі ықпалдастыққа бейімделген білім беру жүйесінің ұлттық үлгісін қалыптастыруға және оны болашақта жетілдіруге күш салу қажет.

Бұл ретте, білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, әлемдік білім кеңістігіндегі болашақ ықпалдастыққа жол салатын бірқатар шаралар сәтті түрде жүзеге асырылғанын айтып өту қажет. Атап айтқанда, білім беру жүйесінің кредиттік технологиясы, бакалавр-магистр-PhD докторы сатыларын қамтитын мамандар даярлаудың үш деңгейлі әдісі, халықаралық үлгі бойынша мамандандырылған аккредитация өткізу және білім беру сапасын бағалау мен бақылаудың жаңа жүйелері енгізілді. Қазақстанның 18 жоғары оқу орны Болон үдерісінің негізі саналатын Университеттердің Ұлы Хартиясына (УҰХ) қосылды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2009 жылдың 5-6 ақпанында УҰХ-ның бас хатшысы Бастиан Бауман мен Еуропа Кеңесінің өкілдері қатысқан Қазақстан Республикасының Болон үдерісіне қосылуы жөніндегі семинар өткізілді.

Елбасы Жолдауынан туындағын міндеттерге сәйкес Қазақстан 2020 жылға дейінгі білім беру кредиттерінің бірыңғай жүйесін енгізуі тиіс, мамандарды даярлау ісінің сапасын қамтамасыз ету құрылымдарын құруы қажет, ортақ білім кеңістігі аясында берілген мамандықтардың шетелдік және отандық еңбек нарығында жарамды болуына мүмкіндік беретін кәсіби біліктілік нұсқаларын жүйелеуді жүзеге асыруы керек.

Үш деңгейлі білім беру жүйесі негізінде бакалавр, магистр, доктор дәрежелері бойынша білім алып шыққан мамандар еліміздің еңбек нарығындағы сапалы адам ресурстарын құрамақ. Бакалавр мамандары қатардағы жұмысшылар мен қызметкерлер санатындағы басты жұмыс күшін құраса, магистрлар мен PhD докторлары еліміздің интеллектуалды зиялы қауым қаймағын қалыптастырмақ. Сонымен қатар Болон үдерісі білім алудың мүмкіндіктерін кеңейтетіндіктен, бакалавр бойынша бір мамандықты игеріп, магистр бойынша екінші бір біліктілікті оқып меңгеруге кең көлемді мүмкіндіктер береді.

Қазақстанның білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай дамыту мен білім беру сапасын арттыру шараларын жүзеге асыру мақсатында негізі қаланған Ұлттық білім беру сапасын бағалау орталығы республикадағы білім сапасын бағалай отырып, әлемдік тәжірибенің ұтымды жақтарын саралап, сапалы білім берудің ұлттық үлгісін қалыптастыру стратегиясын орындауда маңызды болып отыр.

Осылайша жаһандану үрдісіне білім күшімен бейімделе білген Қазақ елі санаулы жылдар ішінде заңғар биікті бағындырған зияткер ұлт ретінде зайырлы мемлекеттің мәртебелі келбетін жасап келеді.

Бұл сөзімізге мына мысал дәлел бола алады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Қазақстанда жүзеге асырылған маңызды жобалардың бірі - Президенттің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы. Осы бағдарлама арқылы жастар болашағына, елдің жарқын келешегіне сара жол салынды. Бұл гуманистік саясат -өзгерістен жасқанбайтын, жас әрі жасампаз, «уақытты мәңгілік досындай қарсы алатын» Қазақстанның жеңісті қадамы болғандығын бүгінгі күн айқын дәлелдеп отыр.

Соңғы жаңалықтар