Қазақстанның би спорты тарихындағы зор жетістікке қарағандылық жұп қалай жетті

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан тарихында алғаш рет жастар арасындағы спорттық биден әлем чемпионатындағы жеңіске қарағандылық Максим Жиленков пен Арина Молочникова ерен еңбекпен жетті. Жергілікті би спорты клубының жетекшісі осылай ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорттық би бойынша әлем чемпионаты 19 қарашада Саласпилсе қаласында (Латвия) өтті. Максим Жиленков пен Арина Молочникова еуропа және испан билерін ұсынды – әр түр бойынша бес биден. Нәтижесінде барлық 10 биде үздік болды.

«Максим мен Арина ұзақ және ерен еңбектері арқылы жеңіске жетті. Бұл – бүкіл қазақстандық би спорты үшін үлкен жеңіс. Өйткені, бұл – Қазақстан тарихындағы спорттық биден әлем чемпионатындағы алғашқы жеңіс. Біздің клубта олар 6 жастан бастап жаттығады. 13 жыл ішінде бұл жұп еліміздің және қазақстандық аккредиттелген спорттық би федерациясының 18 дүркін чемпионы, ҚР кубогінің бірнеше дүркін иегері, халықаралық жарыстардың финалисі, жүлдегері және жеңімпазы атанды. Олар сондай-ақ, Азияның төрт дүркін чемпионы атанды. 2019 жылы Румынияда өткен әлем чемпионатында бишілер қола медаль жеңіп алды», - дейді «София» би спорт клубының жетекшісі Ксения Акатьева.

Өткен жылы әлем чемпионатында өнер көрсету кезінде спортшыларға финалға дейін бір қадам жетпей қалған.

«Максим мен Арина – нағыз жауынгерлер, олар белсенді жаттығады, үнемі шеберлік деңгейлерін көтереді, Еуропадағы беделді жаттықтырушылардан жеке сабақ алады. Ата-аналары да оларға өз мақсаттарын жүзеге асыруға көмектеседі. Балалар жылына бірнеше маңызды старттарға қатысады. Қазір де олар Латвиядан оралғаннан кейін Алматыға кетеді», - деп атап өтті Ксения Акатьева.

Алдағы уақытта Максим мен Арина Италия мен Хорватиядағы әлем чемпионаттарында дара түрде өнер көрсетеді.

Еске салсақ, Қазақстан спорттық биден әлем чемпионатында алғаш рет жеңіске жеткені хабарланған болатын. Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері 32 елдің бишілері арасында үздік деп танылды.


Соңғы жаңалықтар