Қазақстанның беделі артқан сайын бұл елге сырттан келушілер қатары да ұлғаюда - Г.Хорват

None
None
МАТЫ. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазіргі күні Қазақстанда көптеген шетелдік әуе компаниялар жұмыс атқаруда. Соның бірі талай жылдардан бері еліміздің азаматтарын Еуропаға тасымалдап жүрген Ұлыбритандық компания - bmi (British Midland international). Осы компанияның Қазақстан азаматтарына көрсетіп жатқан қызметі мен екі ел арасындағы қарым-қатынастың қандай дәрежеде өрбіп жатқандығы жайында аталған компанияның Қазақстандағы Бас менеджері Габор Хорватпен сұхбаттасқан едік.

- Габор Хорват мырза, сіздердің әуе компанияларыңыз Қазақстанда қай уақыттан бері жұмыс істеуде?

- Британдық әуе тасымалдаушылары Лондон мен Алматы арасында жолаушыларды тасымалдауда 14 жылдан бері қызмет көрсетуде. Ал біздің bmi әуе компаниямыз бұл бағытта соңғы төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді, оған дейін британдық басқа да компаниялар қызмет еткен болатын. Біздің әуе компаниямыз Хитроу әуежайындағы екінші үлкен әуе компания болып табылады. 70 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан әуе компаниямыздың тәжірибесі де зор. Бүгінгі күні компаниямызда 3700-ға жуық қызметкер бар, олар 60-тан астам елдің өкілі, оның 10-ы қазақстандық жоғары білікті маман.

- Жалпы жолаушыларға сапалы қызмет көрсету олардың санының ұлғаюына әсер ететіні белгілі. Осы тұста сіздер қандай істер атқарып жатырсыздар?

- Қазіргі күні бізде барлық талаптарға сай келетін әрі жолаушыларға қолайлы 45 соңғы үлгідегі борт қызмет көрсетуде. Ағымдағы жылдың 26-шы маусымында заманауи бортты А330 әуе кемесі Алматы-Лондон бағытында ұшуға кіріскендігін қуанышпен айта аламыз. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығайып, үлкен дәрежеге көтерілгендігінің айғағы. Осыған орай бұл мемлекеттер арасында қатынайтын жолаушылар қатары да күннен күнге ұлғаюда. Өткен жылы біздің әуе компания жалпы 7 миллионға жуық жолаушыны тасымалдап, күніне 1700 рейс ұшырылып тұрды. Сонымен қатар біздің әуе компания 40-тан астам бағыт бойынша жолаушы тасымалдаумен келеді. Соның ішінде ұзақтығы жағынан ең ауқымдысы осы Алматы-Лондон бағыты, сондықтан ол бағытта қазіргі таңдағы ең қолайлы, әрі үлкен А330 аэробусы ұшырылуда. Бұл бағыт Қазақстанға үлкен мән беріліп, саяхаттауды жақсарта түсуге бағытталған. Бизнес класы 36 және эконом класы 196 орынға есептелген бұл ұшақтың құны 200 миллион долларға шықты. Сондай-ақ біздің жолаушылар билетке тапсырысты интернет арқылы бере алады, сонымен бірге әуежайға жеткізетін таксиге де тапсырыс бере алады. Мәселен, жолаушы үйінде отырып Алматыдағы әуежайға жеткізіп тастауға біздің таксиге тапсырыс бере алса, Лондон әуежайына жеткен кезде такси қызметкері күтіп алып, қалаған жеріне жеткізіп салу тапсырысын да осы Алматыда отырып алдын ала бере алады. Жоғарыда британдық әуе компаниялар Қазақстанмен 14 жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқандығын айтқан едім. Осы тұста бізге әрқашан сенім артып, Қазақстанға ұшуға әрдайым жігер беріп отыратын Алматы халықаралық әуежайы мен Азаматтық авиация министрлігінің жақсы серіктестігі үшін алғысымызды білдіргіміз келеді.

- Осы А330 аэробусының ерекшелігі жайында не айтар едіңіз?

- Алматы-Лондон бағытында 8 сағат бойы ұшатын А330 аэробусында жолаушыларға өте ыңғайлы креслолар орналастырылып, оларға қолайлы болу үшін жайғасуға арналған орындықтар қатарының арасы алшақ орналастырылған. Тіптен жолаушылар 11 телеарнаны тамашалай алады, оның екеуі орыс тілінде хабар таратады. Сондай-ақ ұзақ жолда не істерін білмей, іші пысқан жандар компьютерлік ойындар ойнап, интернетке кіре алады. Ал жолаушыларға берілетін тағамдарға келсек, оның барлығын арнайы іріктеуден өткен шебер аспазшылар даярлайды.

- Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі сыртта білім алатын студенттердің де саны көбейген еді. Осы студенттерге жеңілдіктер жасалған ба?

- Компанияда студенттерге арналған түрлі жеңілдіктер бар. Қазақстаннан Лондонға студент жастарды жіберумен айналысатын агенттіктермен де тығыз байланыстамыз. Және Лондонда оқитын студенттердің оқу орындарымен де байланыс орнатылған. Сенбі күні сабағын аяқтаған студенттің Қазақстанға келіп, дүйсенбі қайта оқуына оралу жағдайларын қарастыру үшін кейбір рейстерді студенттердің оқу күні аяқталған уақытына ыңғайлап отырмыз. Бұл өз кезегінде студент жастардың ата-анасымен жиі қауышуына әкелетін өте қолайлы тәсіл. Сондықтан біздің әуе компания қазақстандық жолаушылардың барлық ұсыныстарын ескеріп, олардың тілектерінен табылуға тырысады.

-Эйр Астана әуе компаниясымен қандай қарым-қатынастасыздар?

-Эйр Астана Қазақстан әуе кеңістігінде жолаушы тасымалдаушы компаниялардың көшбасшысы деп нық айта алам. Мұндай елде көшбасшы атану қажырлы еңбек пен сауатты, дұрыс шешімдерге келуді қажет етеді. Сондықтан ол компанияның жеткен жетістіктеріне таңдай қағып, жемісті еңбектеріне алғысымды білдіргім келеді. Біз ол компаниямен бәсекелес емес, бір аймақта жұмыс істейтін әуе компаниясы болып табыламыз. Әр компанияның өз бағыты, ұстанымы бар, сондықтан біз қазақстандық жолаушыларды әлемнің әр түкпіріне жеткізу үшін ол компаниямен ынтымақтаса қызмет етудеміз. Алдағы уақытта да Эйр Астана компаниясымен серіктестігімізді дамыта түсу үшін жұмыстар атқара береміз деп ойлаймын.

- Таяу арада тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстанның Ұлыбританиямен ынтымақтастығы қандай деңгейде?

- Қазіргі таңда Қазақстан мен біздің елдің арасындағы достық қарым-қатынас нығая түсуде. Қазір Англияның ірі қалаларында білім алып жатқан қазақстандық жастар санының күн санап арта түсуі мен қазақ еліне қызығушылық танытып Еуропадан ағылып жатқан жолаушылар саны күрт көбейген. Мұның бәрі Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бергі сәтті жүргізген саяси шешімдерінің нәтижесі деп білемін. Демократиялық даму бағытын ұстанған Қазақстан Орта Азияда әлеуеті мен экономикасы, беделі мен жеткен жетістіктері жөнінде көш бастап тұр. Қазақстан алдағы даму бағытын нақты айқындап, ашықтық пен ізгілік жолын таңдап, әлемдегі дамыған елдерге етене жақындау мақсатында ерен жұмыстар атқаруда. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуіріндегі біздің елдердің ынтымақтастығын нығайта түсу үшін бізде өз тарапымыздан үлес қосудамыз. Яғни, қазақстандық тұрғындардың Лондонға және Еуропаның басқа да қалаларына еш қиындықсыз жетуіне және осы елге келушілердің барлық талаптарынан шығу тұрғысында көптеген істер атқарудамыз. Лондонға тікелей Алматы мен Астана бағыттары секілді Қазақстанның басқа қалаларынан да әуе кеңістігін іске қоссақ деген ойдамыз. Алдағы уақытта Ақтау, Атырау қалаларынан осындай бағыттарды ашу жөнінде үдемелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл қалаларда бизнес жақсы дамуда, сондықтан Еуропаның қалаларына тікелей ұшқысы келетін жолаушылардың қатары да өсе түспек. Осы тұста көптеген жұмыстар атқаруды көздеп отырмыз. Сондықтан жолаушыларға сапалы қызмет көрсету бағытында әрдайым қызу жұмыс үстіндеміз.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар