Қазақстанның батысы мен Қызылорда облысында дауыс беру басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның батысындағы 4 облыс пен Қызылорда облысында дауыс беру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында 529 сайлау учаскесі бар. Оларда дауыс беруге арналған кабиналар орналастырылған. Учаскелер тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. 527 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы жабдықталған бұрыш ұйымдастырылған. Комиссиялар сайлаушыларға дауыс беру орны мен уақыты туралы дер кезінде хабарлаған.

Атырау облысында 262 сайлау учаскесі ашылды. Олардың барлығы да дауыс беру кабиналарымен, бюллетень салатын жәшіктермен, тиісті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. 246 учаскеде мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар үшін жағдай жасалған.

Батыс Қазақстан облысында 519 сайлау учаскесі бар және барлық аумақтық сайлау комиссиялары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес сайлауды өткізуге әзір. 487 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндіктер қарастырылған.

Маңғыстау облысында 223 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Облыстағы барлық сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жабдықтау жүргізілген. Мүгедек сайлаушылардың көруіне, естуіне арналған құралдар барлық учаскелерге жеткізілген.

Қызылорда облысында 366 сайлау учаскесінің 341-і сайлаушылардың негізгі тіркелген жері бойынша, 25 сайлау учаскесі әскери бөлімдерде, емдеу орындарында және басқа да мекемелерде құрылған. Облыстағы барлық сайлау учаскесі қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл өңірде мүмкіндігі шектеулі 19 034 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Олардың құқығын қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. 50 сурдоаудармашы көмек көрсететін болады.

Соңғы жаңалықтар