Қазақстанның батыс қақпасы - Оралдың ортағасырлық қалаға жататыны дәлелденіп келеді - Мұрат Сыдықов

None
None
Л. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/- Қазақстанның батыс қақпасы - Орал қаласының жасы көптен бері пікірталас өзегіне айналып келеді.


Осыған дейін қаланың іргесі 1613 жылы қаланды деген пікір үстемдік етті. Тіпті 1963 жылы Орал қаласының алғаш 350 жылдығы тойланып, арнайы кітап та шығарылды. Алайда соңғы жылдар бедерінде ашылған жаңалықтар қаланың тамыры әріде жатқандығын дәлелдеп отыр.

 Биыл қала күнін мерекелеу қыркүйектің 19-ына белгіленді. ҚазАқпарат тілшісі осы мәселе төңірегінде мейрам қарсаңында белгілі ғалым, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықовпен әңгімелескен болатын.

  -Мұрат Наурызғалиұлы, Орал қаласының жасы төңірегінде тарихи деректерге сілтеме жасап, бір тоқтамға келген жөн секілді. Бұл жөнінде сіз не айтар едіңіз?

-Иә, қала тарихының күрделі болғаны сондай, Оралдың пайда болуы, орнығуы төңірегінде пікірталас жеткілікті. Оралға байланысты тарихи шығармаларда оның ежелгі қала екендігі туралы көпке дейін мәселе қойылған жоқ. Талас тек екі дата - 1613 және 1598 жылдар төңірегінде ғана болды.

Белгілі археолог, марқұм Ғаяз Қошаев қала тарихын зерттеудегі елеулі қателікке бірінші рет назар аударды. Ол қазіргі Оралдың орнында көне қалашық болғандығы жөнінде алғаш рет мәселе қойды. Былайша айтқанда, Русьтегі ІХ-ХІV ғасырлардағы тарихи оқиғаларды жазып қалдырған әйгілі Лаврентьев шежіресі негізінде ол ежелгі қала Саксиннің Жайықтың оң жағалауындағы екі жерге орналасуы мүмкін екендігі жөнінде болжам жасады. Мұның біріншісі Орал қаласының ескі бөлігі орналасқан куреньде болса, екіншісі - Дариян ауылы түбіндегі қалашық.

Ғаяз Қошаев өз болжамын аталған аудандардан табылған археологиялық олжалармен негіздеді. Оның пікірін қазіргі тарихшылар әртүрлі қабылдағанымен, айырмашылық негізінен қаланың атында ғана. Мұнда ежелгі қала орындарының болғаны жөнінде археологтар пікірі Ғаяз Қошаев қорытындыларымен толық сәйкес келеді деп айтуға болады.

 Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін ежелгі авторлар еңбегіне назар аударайық. Монғол дәуіріне дейінгі және кейінгі кезеңде Жайық бойында қалалар болғандығын араб және парсы тарихшыларының туындылары дәлелдейді. Ахмет ибн-Фадланның «Еділ Бұлғариясына саяхат» ( Х ғасыр) және Әбу-Хамит әл-Гарнатидың «Шығыс және Орталық Еуропаға саяхат» (ХІІ ғасыр) еңбектерінде Батыс Қазақстандағы қалалар, сауда және керуен жолдары жөніндегі деректер кездеседі.

Араб саяхатшысы әрі жазушы ибн-Фадлан 921-922 жылдары халиф елшісімен бірге Еділ Бұлғариясында болған және Жайық өзені бойымен жүріп өткен. Ибн-Фадланның кітабын аударушы ретінде белгілі кеңес зерттеушісі, шығыстанушы А.Ковалевский елшіліктің жол картасын келтіреді. Ол ибн-Фадланның өзеннің сол жағасынан оң жағасына Шаған мен Жайық өзендерінің қиылысында, қазіргі Оралдың ескі бөлігі орналасқан тұста өткелден өткендігін көрсетеді. Х ғасырда, ибн-Фадланның нақтылауынша, осы жерде қалашық болған.

Араб саяхатшысының деректерін сол кездегі тарихи оқиғалармен ұштастырайық. Х-ХІ ғасырларда Батыс Қазақстан Оғыз қағанатының құрамдас бөлігі болды. Бұл күшті де жауынгер мемлекет еді. Сауда ол уақытта жақсы дамыды, Жайық арқылы өткен керуен жолдары Хорезмді Еділмен және Русьпен жалғастырды. 965 және 985 жылдары Киев Русімен біріккен оғыздар хазарлар мен Еділ Бұлғариясын талқандап, осы аймақтағы өз ықпалын күшейтті. Сөйтіп ибн-Фадланның саяхаты оғыз мемлекетінің өркендеу кезеңімен тұспа-тұс келді. Кәсіпшілігі дамыған, ірі қалалары бар мемлекетпен көрші болған қағанат Орта Азия мен Еуропа арасындағы өзінің географиялық орналасуын саудасын өрістету үшін тиімді пайдаланды және отырықшы қалашықтардың құрылуын ынталандырып отырды. Міне, араб саяхатшысының туындысында осы үрдіс көрініс тапқан.

Екінші мыңжылдық басында араб елдері мен Жайық пен Еділ арасындағы халықтар байланысы тұрақты болды. Шығыс географтары бұл алыс өлке туралы жақсы білді. 1154 жылы араб географы әл-Ыдырыс Руза өзенін жазды. Қалалар туралы үзік-үзік деректер Рашид-ад-Дин, ибн-Сайд, Әбул-Фид және басқа араб-парсы авторларының шығармаларында келтіріледі. ХІ ғасырдағы отырықшылық пен оны мекендеген халықтар жайында Махмуд Қашқари «Дивани лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде жазды.

 -Жайық өзені бойына еуропалықтар да талай рет ат ізін салған шығар?

-Әрине, ХІІІ-ХІV ғасырларда еуропалық зерттеушілер мен саяхатшылар өздері әлденеше рет кесіп өткен Жайық өзенін жазуды жолжазбаларында ұмытқан жоқ. Соның ішінде Рим папасы Иннокентий ІV-нің елшісі Джовани Плано Карпини (1249), сондай-ақ француз королі Людовик ІХ-ның елшісі Гильом де Рубрукті (1253) ерекше айтуға болады.

Қырымнан шығысқа қарай Жайық арқылы өтетін жол туралы «Сауда тәжірибесі» еңбегінде Франческо Бальдучи Пегалотти жазған, бұл ретте Танадан Сарайшыққа дейінгі жолдың ерекшелігін, жергілікті тұрғындармен есептесуге қолайлы тауарлар мен ақшаларды да айтып өткен. 1333 жылы Жайық өзенін Мароккодан белгілі араб саяхатшысы, жиһанкез көпес Ибн Баттута кесіп өтті.

 ХІV ғасырда, Алтын Орданың гүлдену дәуірінде Батыс Қазақстан аумағына миссионерлік қызметпен айналысу және сауда байланысын жолға қою үшін жіберілген бірқатар елшілер болған. Бұлар - Джованни Мариньолли (1338-1353 жылдар), священик Пасхалия ( 1335-1339 жылдар ), ағайынды көпестер Франциско мен Доминико Пицигини (1367жыл) бастаған елшіліктер. Олардың көрсетуінше, Жайықта екі қала болған. Айталық, испан священигі Пасхалия 1336 жылы Сарайшықты және одан солтүстікке қарай орналасқан екінші, белгісіз қаланы көрсетеді. Отыз жылдай уақыттан кейін тап осы қалалар туралы ағайынды көпестер де жазады, бұл ретте екінші белгісіз қаланың Сарайшықтан жоғары және солтүстікке қарай, Жайық бойында екендігі тағы айтылған.

Мұны Антоний Дженкинсонның 1562 жылы жасаған атақты картасы да дәлелдейді. Жайықтың төменгі ағысында, батыс оң жағалауында Сарайшық белгіленсе, солтүстігінде, осы жағада Шакафни қаласы орналасқан. Ағылшын саяхатшысының картасы мен жолжазбасын зерттеген академик Борис Рыбаков мынадай қорытындыға келеді. Дженкинсонның картасы 1497 жылғыдан бұрынғы картаның бір нұсқасы болса, ал Сарайшық пен екінші белгісіз қала картада бірдей белгілермен - «татар тас мешіттері» деп көрсетілген.

Сол себепті солтүстік қаланың өмір сүру уақытын ХІV ғасырмен белгілеуге болады, оның мән-маңызы Сарайшықтан еш кем емес.

Сөйтіп Х-ХІV ғасырлардағы саяхатшылар, көпестер мен миссионерлер зерттеулері мен еңбектерінде Еділ мен Жайық аралығындағы, сондай-ақ Жайық бойындағы қалалардың тұтас желісі болғандығы көрсетіледі. Мұның саны 8-ден 30-ға дейін. Шығармаларда ХІV ғасырда әйгілі Сарайшықтан басқа Жайықтың жоғары жағында, солтүстікке қарай қазіргі Орал қаласының орнында тас ғимараттары бар тағы бір қала болғаны тура айтылады.

  -Батыс Қазақстан өлкесін зерттеуді ресейлік ғалымдар қалыс қалдырған жоқ. Осы ретте олардың да түйін-пікірін келтірген артық емес қой.

-Шыны керек, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс ғалымдарының зерттеулері де Жайықта ортағасырлық қалалар болғандығын дәлелдейді.

«Үлкен сызу» («Большой Чертеж») деп аталған алғашқы орыс карталарының бірі ХVІ ғасыр аяғында жасалып, бүкіл мемлекеттің аумағын бейнелеген. Уақыт өте келе бұл карта әбден тозғандықтан, оның дәл сондай жаңасын жасау, оған толық түсінік беру қажеттігі туындады. «Үлкен сызу кітабы» осылайша дүниеге келді. Картаның өзі бізге жеткен жоқ, ал көшірмелері баршылық.

 Аврил әзірлеп, 1692 жылы шығарған, картаның соңғы көшірмелерінің бірінде қазіргі Оралдың орнында бүгінде белгісіз Метжет, оның солтүстігінде, Елек пен Жайықтың қиылысында Солянск көрсетілген. Мұнда «Жайықтың оң жағында ноғайлар мен Алтын Орда, сол жағында қалмақтар тұрады» деп жазылған, казактар жөнінде бірауыз сөз жоқ. Бұл картаның Мәскеу кеңсесінде сақталған түпнұсқадан көшірілгенін айта кетелік. Ол аз болса, француз астрономы Делилдің 1700 жылы шығарған картасында да дәл осылай бейнеленген. Сонымен, жеткіліксіз тұсына қарамастан, «Үлкен сызу кітабында» Батыс Қазақстандағы қала мен қалашықтардың елеулі бөлігі көрініс тапқан.

Петр Рычков 1748 жылы жазылған өзінің атақты «Орынбор губерниясының топографиясында» Жайықтағы қалалар жөнінде көптеген дәлелдер мен мысалдар келтіреді. Бұл қалалар кірпіштен тұрғызылған, ирригациялық жүйесі бар әрі өзен жағасында орналасқан, ал ғибадат орындарына қарап шығыстық стильге жататындығын аңғару қиын емес. Бұдан осы қалалар сауда-кәсіпшілік орталығы және отырықшылық мәдениет ошағы болған деп түйін жасауға болады. Автор жазғанындай, олар бір-біріне жақын орналасқан, арасы - бір-екі күндік жол ( қазіргі есеппен алсақ - 30-40 шақырым ). Бұл олардың арасында байланыс болғандығын, біртұтас мемлекет аясында өмір сүргендігін болжауға мүмкіндік береді. Аталған қалалардың ғимараты сақталғанын ескерсек, бұл мемлекет Алтын Орда болуы бек мүмкін.

Петр Рычков ақпарат көзін көрсетеді, ол - «қырғыз-қайсақ ордасының екеуінде және басқаларында талай болған» Орынбор губернаторы кеңсесінің аудармашысы Яков Гуляев. Сонымен қатар ол Орынбор губерниясы кеңсесіндегі ресми мәліметтерді, қариялар, көпестер мен жиһанкездерден алынған деректерді пайдаланған.

 Басқа орыс ғалымдарынан Петр Палласты атап өтеміз. Ол мұнда үш рет болды, Жайықты Гурьевтен Оралға дейін түгел жүріп өтті, өлкенің солтүстік бөлігін, Бөкей ордасын зерттеді. Петр Паллас өз жинағандарын «Ресей империясының әр өлкесіне саяхат» атты көлемді еңбегіне енгізді, мұнда ол өлке аумағын, этнографиясы мен тарихын барынша толық көрсетті.

Өз шығармасында Петр Паллас екі қалашықты көргенін жазады. Мұның біріншісі - Жайықтағы ескі бекіністің қалдықтары.

Екінші қалашық Қараөзен мен Сарыөзеннің қиылысқан тұсында орналасқан. Мұнда Паллас көптеген арықтар мен қорғандар, үй қалдықтарының ізін тапқан,  содан келіп бұл жерлерде кезінде халық мекендеген деген түйін жасайды.

Сөйтіп, Петр Паллас та өзіне дейінгі барлық зерттеушілер сияқты қала мәдениетіне жататын ескерткіштердің көптігіне назар аударды.

Өкінішке қарай, бұл деректер Қазан төңкерісіне дейінгі орыс және кеңестік тарих ғылымында пайдаланылмады. Сондықтан оқулықтардың өзінде әр жақтан қашқан-пысқандар келгенше, Жайық бойы бос жатты деп ашық жазылды. Бұл ойдан шығарылған, ғылымнан қашық пікірлерге жол ашты.

  -Енді ХХІ ғасырдағы басты жаңалық деп атауға тұратын Жайық қалашығы төңірегінде әңгіме қозғасақ.

-Шындығында да өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарынан басталып табылған соңғы археологиялық олжалар біздің арғы зерттеушілеріміздің дұрыс айтып кеткендігін анық дәлелдейді. Көп жылға созылған іздеу табысты аяқталды, 2001 жылы батысқазақстандық және алматылық ғалымдар Орал қаласынан он екі шақырымдай жерден қалашық тапты. Сегіз жыл бойы жүргізіліп келе жатқан археологиялық жұмыстар Жайық қалашығы деп аталған қаланың ХІІІ-ХІV ғасырларға жататындығын көрсетеді.

Сонымен, ортағасырлық авторлардың деректері, сондай-ақ Жайықтағы қалалар туралы жазған ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ғалымдардың қорытындылары шындық болып шықты. Ал археолог Ғаяз Қошаевтың Оралдың орнында ежелгі қала болғандығы туралы пікірі нақты дәлелденді.

Соңғы үш жылда тағы екі қала табылды - бірі Жаңақала ауданындағы «Өзен» қалашығы, екіншісі Қазталов ауданында, бұлар да ХІІІ-ХІV ғасырларға жатады.

Осы орайда көшпелілерде отырықшылық пен мәдениет болған жоқ деген түсініктің әлдеқашан күні өткенін айта кеткен жөн. Бұған аталған Жайық қалашығы дәлел. Қазба жұмыстары мұнда қала сәулеті мен мәдениеті жоғары болғанын көрсетті. Мысалы, қалашықтағы үйлер мен кесенелер күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш шығаратын арнайы пеш те болған. Шығыс моншасының өзі бір бөлек дүние. Жалпы құрылыс іздері анық байқалатын алаң көлемі 8 гектардай.

 Археологиялық зерттеулер барысында металл бұйымдары мен керамика, әшекейленген тақтатас қалдықтары, әйнек моншақ, жануар сүйектері және екі мыс ақша табылды. Бұл ақшаның бірінде жазу іздері сақталған. Онда «Сарайда соғылған 737» деген жазу бар. Яғни 737 хижра жылы ( біздіңше 1336-1337 жылдар ). Мұның Алтын Орданы 1313-1339 жылдары билеген Өзбек  ханның тұсында шығарылғаны еш дау туғызбайды.

Жайық қалашығындағыдай  монша Шығыста әлі күнге сақталса, кірпіш күйдіру пеші Еділ мен Жайық бойындағы Алтын Орда қалаларына Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстаннан әкелінсе керек.

Алтын Орда дәуірінде мұндай пештер Хорезмде, ежелгі Отырар және Күйріктөбе қалашығында белгілі болған.

Жайық қалашығы бейітіндегі екі кесенеде де мүрденің басы солтүстік-батысқа қаратылып, киімі, жеке заттарымен бірге ағаш табытта жерленген - бұл рәсім мұсылмандықты қабылдаған көшпелілерге тән.

Еділ бойы қалалары мен Жайық қалашығы үйлерінің жоспарын, техникалық әдістерін салыстыра келгенде, Жайық өзені бойындағы құрылыс мәдениетіне Хорезм мен Сырдария дәстүрі көбірек әсер еткенін байқау қиын емес. Жайық қалашығындағы тұрғын үйлер пішіні ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Үргеніш, Отырар, Түркістан үйлерімен сәйкес келеді. Айырмасы тек ішіндегі бірқатар бөліктерде, жылыту жүйесі, құрылыс техникасы мен материалында ғана.

 Қорыта айтқанда, археологиялық зерттеулер Жайық қалашығының Алтын Орда дәуіріндегі дамыған қала қалдығы екенін көрсетеді. ХІІІ ғасыр аяғы мен ХІV ғасырдың басын Алтын Орда тарихын зерттеушілер қала мәдениетінің тұрақты гүлдену дәуірі деп есептейді. Шапқыншылық кезінде бүлінген бірқатар сауда-экономикалық орталықтар қалпына келтіріліп, ондаған жаңа қалалар мен ірі қоныстар пайда болды. Бұл негізінен Өзбек және Жәнібек хандардың (1312-1357 жылдар) билеу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Алтын Орда дәуірі Еділ мен Днестрде, Жайық бойында жаңа қоныс-қалалардың көбеюіне қолайлы әсер етті. Бұған Оралдың арғы атасы - Жайық қалашығы мысал бола алады.

Қазіргі қаламыздың аумағында қазба жұмыстарын жүргізген кезде Жайық қалашығы мен оның кесенесіндегідей шаршы кірпіштер бірнеше рет ұшырасты. Сөйтіп көп кейін келген казактар өз құрылысы үшін Жайық қалашығының кірпіштерін пайдаланып, оны түгел қиратты. Соның салдарынан ұзақ уақыт бойы өлкенің шын тарихы жабулы қалды.

Әйтеуір қалашықтың ашылуы, онда қазба жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде біздің орта ғасырдағы бай тарихымыз қайта оралып отыр. Жайық қалашығы Оралдың түпатасы екеніне біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ ХІІІ-ХІV ғасырларда Жайық бойында қаланың болғанына енді иланбау мүмкін емес. Қалғанын дәлелдеу - уақыт еншісінде.

Соңғы жаңалықтар