Қазақстанның барлық қалаларында Бірыңғай әлеуметтік терезе ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Қазақстанның барлық қалаларында көпбалалы аналар өзіне қажетті кеңесті ала алатындай Бірыңғай әлеуметтік терезе ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, біз бала құқығын қорғау кеңесін құрған болатынбыз. Бұл ретте айта кетерім, біз әу баста кеңесті қиын жағдайда қалған балаларды қолдау үшін құрған едік. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде балалардың бір-біріне қатігез қарым-қатынасы түсірілген видеолар көптеп тарап кеткен болатын. Алайда жалпы жағдайды көре отырып, кеңес жұмысының аясын кеңейтіп, бала құқығымен бірге кеңес көпбалалы отбасыларды қолдау жұмысымен де айналысатын болды», - деді Мәулен Әшімбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары осыған байланысты кеңес нақты қандай бағыттарды ұсынып отырғанын жеткізді.

«Біріншіден, «Бақытты отбасы» партиялық жобамыздың маңызын арттырамыз. Бұл жоба көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жүйелі көмек көрсетуге бағытталған. Жоба аясында нақты шаралар жүзеге асырылып, біздің өтінішіміз бойынша Алматы қаласының әкімі - «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек Оңтүстік астанада нақты осы жоба қалай іске асырылатынын айтып берді. Осы алматылық тәжірибені біз бүкіл өңірлерге таратамыз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев осы жоба аясында Қазақстандағы партияның барлық филиалдарында Бірыңғай әлеуметтік терезе ашылатынын жария етті. Онда көпбалалы аналар барып, өзіне қандай көмек тиесілі екенін толығымен біле алады. Мұндай Бірыңғай әлеуметтік терезе қазірдің өзінде Алматыда ашылып қойған.

«Екіншіден, «Бақытты отбасы» жобасы аясында аулаларды аралау жұмысын бастаймыз. Осы жұмыс барысында қандай отбасылар көмекке мұқтаж екенін, қандай балалар қауіп аумағында жүргенін білгіміз келеді. Осылайша, қандай отбасыға, қандай балаға көмек керектігін білетін боламыз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру бойынша ұсыныстарды талдап жатқан жұмыс тобын екі мәселеге назар аударуға керектігін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар