Қазақстанның банк жүйесі қабілет-қарымын сақтап қалды

None
None
ТАНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/‑Қазақстанның банк жүйесі біреулердің болжағанындай құрдымға құлап, дағдарыстың салдарынан жаппай  дефолтқа ұшыраған жоқ. Қайта етек-жеңін жинап, қабілет-қарымын күшейтуге кірісті. Әлбетте, бұл мәселеде бірінші кезекте мемлекеттің сүйеніш болғаны анық.

 

Соңғы кездері көршілес Ресейде девальвация мәселесі қайтадан күн тәртібіне шыға бастаған сыңайлы. Мұндай мәселенің тууына негізгі банктің ұстанған саясаты емес, бірқатар сарапшылардың пікір‑болжамдары себеп болып отырған сыңайы бар. Сарапшылардың ондай пікірі: «девальвацияны қалықтатпай, тағы бір мәрте бірден шарықтату керек», ‑ дегенге саяды. Яғни, ел экономикасының ауыр жағдайды басынан кешіріп отырғанына тоқталған ресейлік қаржыгер‑сарапшылар, өнеркәсіпке серпін беру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін әрі жалпы жағдайды жақсарту үшін рубль  девальвациясын бірден 30-40 пайызға секіртіп жасау қажеттігін алдыға тартады. Әрине, алып Ресейде мұндай қаржылық жағдайдың жақын аралықта орын алатыны соншалықты сенімді емес. Дегенмен де, экономикамыз да саясатымыз да ықпалдасып отырған елдегі жағдай Қазақстанға қалай да әсер етпей қоймайды. Оның үстіне Ресей құсап «нарық өзі реттесін» деп доллар бағамын еркіне жібермей уыста ұстап отырған қазақстандық банктік‑қаржылық саясат мемлекетке ауырлау болса да халыққа жайлы. Ал доллар бағамын белгіленген мөлшерде ұстап тұруға Қазақстанның резервтері жеткілікті. Сондықтан да Мемлекет басшысы осы аптада ҚР Ұлттық банкінің алғашқы жартыжылдыққа арналған есебін мақұлдап, теңге девальвациясының екінші толқыны болмайтынын, орта мерзімдік перспективада доллар бағамына қатысты банкпен айқындалған дәліздің жұмыс істеуі қамтамасыз етілетінін тағы да мәлімдеді.

Сонымен осы аптада ҚР Ұлттық банкінің  Мемлекет басшысына ұсынған есебінде елдегі инфляция деңгейі мен оған девальвацияның ықпалы, алдағы уақыттағы қаржы саясатының негізгі бағыты жайындағы есептер де қамтылған екен. Мәліметтерге сүйенсек, жартыжылдық кезеңде инфляциялық үдерістің бәсеңдеу үрдісі байқалып,  инфляция 3,9 пайызды құраған. Бұл 2008 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 1,8 пайызға төмен көрсеткіш. Сондай‑ақ, Ұлттық банк қазіргі күні де қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін азайту практикасын жалғастырды, 2009 жылдың басынан бері ол 10,5 пайыздан 8 пайызға дейін төмендепті. Таяудағы уақытта 7,5 пайызға тағы кезекті азайту жоспарланып отыр. Осының өзі банк секторына тұрақтандырушы әсер береді деп күтілуде.

«Президент біздің есебімізді мақұлдап, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Соның бірі төлем балансының ахуалына қатысты тоқсан сайын мұқият  мониторинг жүргізіп отыру жөнінде болды. Онда сондай-ақ банктердің еркін өтімділігін  қалай жақсы қолдануға болатыны жөнінде ұсыныс айтты», дейді ҰБ басшысы Г.Марченко. Оның  сөзіне қарағанда, биыл елдегі банктердің төлем қабілеттілігі  біршама өскенге ұқсайды. Мәселен, банктердің төлем қабілеті  ақпан айында 2 миллиард доллар шамасын құраса, қазір 6 миллиард долларға дейін ұлғайған.

Сондай‑ақ, осы аптада  Елбасы Н. Назарбаев елдің екі жүйеқұраушы банкінің, атап айтқанда «Қазкоммерцбанк» АҚ  басқарма төрайымы Нина Жүсіпова мен «Халық банкі» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павловты қабылдап Қазақстандағы қаржылық ахуалға байланысты әңгімелесті.

Банк басшылары аталған сектордағы жағдайдың тұрақталғанына, банк үшін ең ауыр кезеңдер артта қалғанына тоқталды. Шындығында жыл басындағы Қазақстандағы банктердің басына «қара бұлт» болып үйірілген болжамдар құрдымға кетті. Ең бастысы, қалың жұртшылықтың банктерге деген сенімі жоғалған жоқ. Керісінше, мемлекеттік қолдаудың, дер кезінде атқарылған шаралардың негізінде  банк ісі жандана бастаған сыңайлы. Мәселен, соңғы уақыттарда мемлекеттік үлесі бар банктердің депозиттік базасы біршама ұлғайған, бюджет қаражаты есебінен  банктердің несиелік қоржыны да елеулі өскен. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет қабылдаған экономиканы жақсарту шаралары банктердің тұрақтылығын сақтап, шағын және орта бизнесті несиелеуге қатысты банк қызметтеріне сұраныс қайтадан жанданды. «Банкке көрсетілген көмектің үлкен қолдауы болды. Ең алдымен ипотека бойынша мемлекет қабылдаған бағдарлама жақсы нәтиже беріп отыр. Сонымен бірге, бүгінгі күні ипотека мәселесіндегі несие қоржынының сапасы жақсарып келеді. Елдің біраз азаматтары тұрғын үй сатып алу үшін қаржы алып жатса,  соның ішінде әлеуметтік тұрғын үй алуға елеулі көмек беріліп отыр», - дейді «Қазком» басқарма төрайымы Н.Жүсіпова.

 

Мемлекет басшысы кездесу қорытындылары бойынша елдің қаржы саласының жағдайына баға беріп, қазақстандық банк жүйесіне сенімнің арта түскенін ерекше атап өтті. «Біздің банктер банкротқа ұшырап, олардың орнына шетелдік банктер келеді екен, барлық қаржы соларға кетеді-міс, деген алып-қашпа сөздердің бәрі - мүлдем қате. Қазақстандық банктерді қандай да бір шетелдік банктердің бақылауына жол бермейтінімізді жауапкершілікпен мәлімдеймін.  Біз оларды қолдап отырамыз - өйткені біздер үшін ең бастысы - өзіміздің қаржылық жүйеміз. Мемлекет «Қазкоммерцбанкке» ірі акционер ретінде енгенін білесіздер,  онда не болып жатқанын бақылай отырып, бұл банкке қолдау көрсетуде. Мемлекет бүгінде «Халық банкіне» де енді, онда 20 пайыздан астам акциясы бар және оны да қолдайтын болады. Мемлекет «ТұранӘлемБанкін» толық бақылауға алды, онда қайта құрылымдау жүргізілуде. Сондықтан да біздің банк жүйеміз әлсіз деген қауесет дұрыс емес. Өз қаржыларыңызды басшылығына біз ешқандай ықпал ете алмайтын басқа банктерден гөрі қазақстандық банктерде сақтауға тырысыңыздар. Бұл - бір мәселе. Екіншіден, дағдарыс банкирлерді ғана емес, бәрімізді де көрпемізге қарай көсілуге үйретуі тиіс. Банктердің кемшілігі несиені оңды-солды бере беруінде. Ал жұрт оны пайдаланып қалуға тырысты. Енді көпшілігі қиын жағдайда қалды. Несиені үйлену тойларын жасауға жігіт жағы да, қалыңдық жағы да алды, енді оны жастардың мойнына ілмек.  Ал осылай жасауға бола ма? Біз тез байып кеттік. Кейбір адамдардың байып кеткені соншалық, ақшасын қайда қоярын білмеді. Бүкіл әлемде жұртшылық ауысқан ақшасын банкте сақтайды. Несие алса, оны уақытында қайтаруға тырысады. Банктен несие алдың екен, дер кезінде есептес, айтпесе заң алдында жауап бересің, мүлкіңмен есептесесің немесе қылмыстық кодекстің қармағына ілігесің.  Бұл заң тәртібі, оны орындау керек. Әлемде не болып жатқанын қараңыздар. Америка Құрама Штаттарында соңғы кездері 64 банк күйреді. Әлем дағдарыс салдарынан 11 триллион доллар қаржысынан айрылды. Ал біз ұлттық қорымыздың, алтын-валюта резервтеріміздің  негізгі бөлігін сақтап қалдық. Банктер бөлінген ақшаны игеріп жатыр, біз қазір оның қайырын, істің оңға басқанын сезіне бастадық.   Алайда әлі бәрі орын-орнына келе қойған жоқ. Қиындықтар әлі де болады, бірақ та қазақстандықтар мемлекет олардың тұрмысы қалыпты және тұрақты болуы үшін бәрін істейтініне сенімді бола алады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 *                                 *                             *

Соңғы уақыттағы елімізде «дәстүрлі түрде» жанар‑жағармай бағасының қымбаттауы орын алды. Сонымен бірге, бұған дейінгі тәжірибелердің бәрінде де май бағасының шарықтауы барлық бұйымдар бағасына әсер беретінін халық сезіп отырғандай. Яғни, жанармай бағасы қамбаттаса майға қатысы болса да, болмаса да тауар бағасының ауытқуына жұрт таңданбайтын болды. Сондай‑ақ, жұрт жанар‑жағармайдың елдегі егіс науқаны алдында, жиын‑теріннің қарсаңында қымбаттайтынына да таңданбайтын болды. Өйткені, ондай қайталана беретін дәстүрге үйрендік. Бірақ, жұртшылық қазіргі дағдарыс дауылы әлі де жағадан алып тұрған кезеңде  май бағасының етектен алып бұлайша қымбаттауына таңданып отыр.

Ресми органның мәлімдемесіне сүйенсек, Қазақстанда жанар‑жағармай бағасының қымбаттауына елдегі мұнай өндірісінің төмендеуі, экспорт мөлшерінің артуы, ресейден импортталатын мұнайға бағаның көтерілуі себеп болыпты.  Монополияға қарсы органдар мұнай өнімдері нарығын саралап, осындай қорытындыға келіп отыр. Дереккөзге сүйенсек, соңғы уақытта Қазақстанда жанар‑жағармай өндіру  9,5 пайызға азайған. Ал елімізге келетін ресейлік мұнай өнімінің бағасы әрине, әлемдік мұнай бағасына сәйкес болып отырады. «Осы жағдайлардың барлығы отандық мұнай өңдеуші зауыттардан ішкі нарыққа жеткізілетін бензин мөлшеріне әсер етті. Мәселен, ағымдағы жылғы маусым айында мамыр айына қарағанда бензин  22 пайызға дейін аз жеткізілген. Бұл ең алдымен Шымкент мұнай өңдеу зауытына қатысты болып табылады», дейді Бәсекелестікті қорғау агенттігі Ақпараттық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Жандос Нұрмахамбетов.

Аталған ведомства Үкіметке бензин, дизелдік отын мен мұнай экспорты үшін кедендік баж салығын арттыруды ұсынып отыр. «Бүгінгі күні мұнай өнімдерінің экспорты үшін кедендік баж 59,87 долларды құрайды. Ал бұндай баға жанар‑жағармайды ішкі нарыққа қамтамасыз етуші экспорттаушы‑компаниялардың қызығушылығына кері әсер тудырады. Мәселеге осы тұрғыдан тоқталсақ, Ресейде мөлдір мұнай өнімдеріне тамыз айынан бастап экспорттық баж тоннасына 155,5 доллардан  161,9 доллларға дейін артты. Осыған орай, монополияға қарсы орган мұнай, бензин, дизелдік отынның экспортына кедендік бажды ұлғайту туралы ұсыныс жасайды», деді Ж. Нұрмұхамбетов.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның ішкі нарығындағы жағдай, елдегі мұнай өнімдерінің бағасы сыртқы факторларға тікелей тәуелді. Ал ондай әсерлерден арылу үшін Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары толық жаңғыртылуы тиіс. Сонда ғана ішкі баға тұрақталмақ. Әрі дәл осы мәселені Елбасы Н. Назарбаев «Нұр Отан» ХДП‑ның съезінде көтеріп, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген болатын. «Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының толық жаңғыртылуын жеделдетіп, олардың жиынтық қуатын жылына 17 миллион тоннаға дейін жеткізу қажет. 2014 жылға қарай отандық мұнай өңдеу зауыттары жоғары сапалы мұнай өнімдеріне ‑ жанармай мен авиакеросинге деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуі тиіс», деген еді Елбасы. Сондықтан да, Президент жүктеген осы міндет толық жүзеге аспай жанар‑жағармай бағасының құбылуына еш таңдануға болмайды.

Соңғы жаңалықтар